• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2013

Инвесторлар Алматыда бас қосты

240 рет
көрсетілді

Алматы қаласында отандық және халықаралық бизнес қауымдастықтың өкілдері мен банкирлер, қаржы-экономика саласының білгір мамандары бас қосқан І Алматы инвестициялық форумы өз жұмысын бастады.

Алматы қаласында отандық және халықаралық бизнес қауымдастықтың өкілдері мен банкирлер, қаржы-экономика саласының білгір мамандары бас қосқан І Алматы инвестициялық форумы өз жұмысын бастады.

Алқалы жиынға ел Үкіметінің басшысы Серік Ахметов арнайы қатысып, форум қонақтарының алдында Қазақстанның экономикалық ахуалы мен қол жеткізген табыстары, инвестор тартуға жасалып отырған толымды бағдарламалары туралы айтып берді. Сондай-ақ, бұл форум Қазақстанның, оның ішінде Алматы қаласының инвестициялық ахуалын жақсартуға үлкен үлес қосатындығын айта келе, бүгінгі таңда елімізде жинақталған тікелей шетел инвестициясы көлемінің жан басына шаққанда 6,5 мың АҚШ долларын құрап отырғанын мәлімдеді.

«Бұл көрсеткіштерге макро­экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қолайлы инвестициялық ахуал құру бойынша жүйелі шаралардың арқасында қол жеткізілді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 8 мыңға жуық кәсіпорын шетел капиталының қатысуымен белсенді жұмыс істеуде. Оның ішінде «Fortune-500» және «Global-2000» тізіміне енген ірі трансұлттық компаниялар бар. Үстіміздегі жылы Қазақстанда автокөлік құрастыру бойынша «Тойота» және «Пежо» компания­ларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды» деді Серік Ахметов.

Мемлекет басшысының ин­весторларға бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға айрықша көңіл бөлетініне тоқталып, қолданыстағы заңнамада құрал-жабдықтарды импорттау кезінде кедендік салықтан босату, жер телімдері түріндегі гранттар бөлу, жекелеген салықтар бойынша жеңілдіктер жасау секілді бірқатар шаралардың қарастырылғанын атап көрсетті. Шетел инвесторларының барып-келу жағдайлары жақ­сарып, инвесторлық визаларды алу мерзімдері қысқарғанын, Қазақстанның барлық өңірлерінде инвесторлар үшін жобаларды жүзеге асыруды бастауға қажетті ақпараттармен қамтамасыз ете­тін арнайы қызмет көрсету орта­лық­тары құрылғанын мәлімдеді.

Инвестицияларды тартуда және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауда мемлекет пен инвестор арасындағы тікелей тіл қатысулардың маңызын атай отырып, Үкімет басшысы бұл орайда ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары Кеңесінің тиімділігіне де тоқталды. Кеңестің инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша және ведомствоаралық жұмыс топтарының табысты қызметтерін атап өтті. Оның айтуын­ша, 2013-2014 жылдарға арналған Дүниежүзілік экономикалық форумда жарияланған инвесторлардың құқықтарын қорғау индексіне сәйкес, Қазақстан бірқатар Еуропа елдерін басып озып 10-шы орынды иеленген.

Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберінде әлемнің дамыған 30 елінің құрамына ену міндетін алға қойғанына тоқталған С.Ахметов «бұл мақсатқа жету үшін инвестициялық саясатты одан әрі дамыта түсу мәселесінің негізгі тетік болып табылатынын» атап көрсетті.

Премьер-Министр форумға қатысушыларға жаңа бастамаларды жүзеге асыруда табыс тілеп, Қазақстан Үкіметі есігінің әріп­тестік пен диалог үшін әрқашан ашық екенін жеткізді.

Форумның салтанатты ашылуында сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов шикізаттық өңір болмаса да Алматы қаласы өңірлік ішкі жалпы өнім көлемі бойынша республикада бірінші орында нық келе жатқанын, нақтылай есептегенде 308 миллиард доллардың өнімін өндіретін 1,5 миллионнан астам халқы бар Алматыда ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 25 мың долларды құрайтындығын жеткізді. Бұл орташа статистикалық көрсеткіші жағынан Чехия, Польша, Болгария, Румыния және тағы басқа елдерден жоғары. Ахметжан Смағұлұлының сөзіне қарағанда, Алматы үшін шағын және орта бизнестің маңызы ерекше. Елдегі әрбір төртінші кәсіпкер өз қызметін Алматыда жүзеге асырады. Салықтық түсімдердің 60 пайызы – шағын және орта бизнестің үлесінде. Алматыда инвесторлар үшін тартымды 3 бағыт бар. Олар – ақпараттық технологиялар паркі, Алатау ауданындағы өндірістік аймақ пен туризм.

«Капиталистік қоғамда бәрі жеке табысқа негізделген. Алайда, қоғам мүшелері бір-біріне көмектесуді басты орынға қоймай көптеген мәселелер шешімін таппайды» деген пікірді алға тартқан Нобель сыйлығының иегері, бангладештік банкир әрі әлемдік экономика ғылымдарының профессоры Мұхаммед Юнус қоғам тек жеке пайдаға ғана негізделмеуі керектігін, мемлекет көптеген мәселелерде өз тарапынан көмек қолын созып, қоғам тұтастай өзара қолдау көрсеткен кезде ғана ілгері басу мен табысқа кенелетіндігін тілге тиек етті.

Мұнан өзге, екі күнге созылған І Алматы инвестициялық форумында Ұлыбритания, Франция, Гонконг, АҚШ, Италия, Канада, Тайвань, Испания, Ресей елдерінен келген қаржыгерлер мен экономистер баяндама жасап, әлемдік экономиканың бағытын болжайтын сараптамалық жұмыстарымен бөлісті.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар