Шымкент қаласының мәдени өміріндегі айтулы іс-шаралардың бірі болған кітап фестивалі барысында «Еріктілер лигасы» ұйымы ең көп сатылған кітаптарға қатысты сауалдама жүргізіпті. Кішігірім зерттеу нәтижесінде «Махаббат қызық мол жылдар» кітабының ең көп сұранысқа ие болғаны анықталған. Одан кейін мотивациялық, психологиялық кітаптарға қызығушылар көп болған. Республикалық кітап көрмесіне өз өнімдерін әкелген «Шұғыла» баспа үйі менеджерлері келушілер арасында, әсіресе, логикалық кітаптарды сұраушылар көп болғанын айтады. Ал «Эрудит» кітап дүкені көрмеге қойған кітаптардың арасында Аятжан Ахметжанның «Мінез», «Ұлт болам десең» мақалалар мен сұхбаттар жинағын сұраушылар қатары басым екен.
Иә, кітапты насихаттау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, балалардың, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту мақсатында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі ұйымдастырған «KITAP FEST» іс-шарасы көп жайтты аңғартты. Ең бастысы, үшінші мегаполисте кітапқа, көркем әдебиетке сұраныстың жоғары екенін байқатты. Қала тұрғындарын рухани тұрғыда байыта түсті. Кітапсүйер қауымды біріктіріп, аптаға созылған іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты. Фестиваль кезінде Көрме орталығына 2500-ден астам оқырман жиналды. Алғашқы күні шымкенттік «Жебе» баспа үйінің Елбасы Н.Назарбаевқа арналған «Кемеңгер. Дана. Көшбасы» кітабының таныстырылымы өтті. Елбасының сыныптасы Роза Тілемісова, ардагер журналист Байдулла Қонысбек Тұңғыш Президент еңбегінің, тәуелсіздік жылдарындағы көреген саясатының маңыздылығына тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ арнайы ашылған «Мәртебелі оқырман бұрышында» өңірдегі ақын-жазушылар оқырмандарымен кездесулер өткізді. Сондай кездесулердің бірінде еліміздің беделді қаламгері, жазушы, журналист Мархабат Байғұт фестивальдың мән-маңызына ерекше тоқталып, кітап құндылығын насихаттады. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін еместігін айтқан еді. Расында кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы», деді қаламгер. Еркін форматта өткен басқосуда жастар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сонымен қатар фестивальдың үшінші күні жазушы, журналист Күлия Айдарбекованың «Қазақ қызы» кітабының таныстырылымы өтті. Осыған дейін «Анаға тағзым», «Әкеге құрмет» кітабы арқылы көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген Күлия Смайылханқызы ұлттық құндылықтарға, тәлім-тәрбие мен жастардың білімге деген құштарлығына тереңінен тоқталды. Сондай-ақ тарихшы Момбек Әбдәкімұлы, белгілі ақын, ғалым, аудармашы Абай Қалшабек, жазушы, драматург Сая Қасымбек өз шығармаларындағы қызықты эпизодтарымен бөлісіп, оқырманымен ашық диалог құрды. Қуат Дәуренұлы, Дәурен Айманбет, Сүндет Сейітов, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек, Таңшолпан Имантай сынды жас ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесуі де қызықты өтті. Ал өңірдің архив ұжымы «Майдангерлер ұрпағы және естеліктер» кездесуін ұйымдастырды. Кітап фестивалінің тағы бір ерекшелігі, кітапханалар балаларға арнап қойылым қойып, кішкентай оқырмандарын қуантты.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырманмен ашық диалог құрып, пікірлесу алаңшасында кездесулер өткізді, өз өнімдерімен таныстырды. «Қазақ университеті», «Фолиант», «Книжный клуб», «Жебе», «Қызмет газеті», «Шұғыла кітап», «Қасым» баспа үйлері, «Эрудит», «Қазына» кітап дүкендері мен Шымкент қаласының кітапханалары апта бойы қала тұрғындарына құнды мәліметтер берді. Мысалы, Қарағанды қаласында ашылған «Қасым» баспасы қазақ классикасының жауһарларын кітап етіп шығара бастаған. «Нәтиже» компаниясы қазақ және шетел көркем әдебиетін шығаруда. Шетелдік авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аударып басатын баспаханадан бүгінге дейін 14 сериялы көркем әдебиет, классика, романдар жарыққа шығыпты. Сонымен бірге ғылымға қызығушылар үшін кітап көрмесінде «Қазақ университеті» баспасынан шыққан Абайтанудың 47 томдығы мен Әл-Фараби бабамызға арналған әдеби, ғылыми кітаптары да ұсынылды. Ал Нұр-Сұлтаннан ат терлетіп келген «Фолиант» баспа үйі қазақ классиктері, балалар әдебиеті, энциклопедиялар ұсынды. Оның ішінде «Мен неге қорқамын?», «Мен неге бақытты боламын» деген оқушыларға арналған кітаптар, тәрбиелік маңызы зор «Қонжықтың хикаялары» сияқты төрт сериялы кітап, жоғары сынып оқушыларына «Вэппи», «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі», «Қабағы тұнжыр балақай», «Том Сойэрдің басынан кешкендері», «Берридің басынан кешкендері» сияқты шығармалар бар.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Балаларға базарлық» акциясы да жақсы нәтиже көрсетті. Алтын сандыққа зиялы қауымнан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін ең азы бір кітаптан салды. Жиналған 350 кітапты Шымкенттің ерікті жастары кітап алуға мүмкіндігі аз отбасыларына тарту етеді. Руханият әлеміндегі айтулы іс-шараның жабылуына қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшілікті, балалар мен жастарды біліммен сусындатып, рухани нәр беретін кітап мерекесіне белсене атсалысқандарға алғысын жеткізді. «Адамның аз қамтылуы, өмірде қиыншылық көруі, бақытсыздыққа тап болуы, оның бәрі көп оқымағандықтан. Көп оқыған, рухани бай адам өмір сүруді үйренеді. Әлеуметтік қиындық көрмейді. Рухани кемелдікке кенеледі. Сиқырлы сандықтағы кітаптар балалардың болашағына оң ықпал етеді деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға қала әкімінің атынан алғыс айтқым келеді. Осы көрмеге қатысуға республикамыздың түкпір-түкпірінен келген баспа үйлері мен кітапханалардың барлығы келушілерге кітаптың құдіретін тағы бір паш етті. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт бастаған белгілі қаламгерлермен өткен әр кездесу тағлымды, тәлімді болды», деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Фестивальдың жабылу салтанатында апта бойы белсене қатысқан барша кітапхана мен баспа үйлері, кітап дүкендерінің ұжымы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Шымкент