Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаев журналистерге осы аптада болатын ресми шаралар туралы баяндаған брифинг өткізді.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаев журналистерге осы аптада болатын ресми шаралар туралы баяндаған брифинг өткізді.
Алдымен ол 5 желтоқсанда Премьер-Министр Серік Ахметов және басқа да Үкімет мүшелері Спорт және дене-шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаевтың Қазақстан құрама командасының Сочиде болатын ХХІІ Қысқы Олимпия ойындарына баруға дайындығы туралы баяндамасын тыңдайтынын айтты. Біздің мемлекет спорттың қысқы түрлеріне де басымдық береді, оған Астана мен Алматыда VІІ Қысқы Азия ойындарының табыспен өткізілгені куә, деді өкіл.
А.Әбибуллаевтың айтуына қарағанда, 4 желтоқсанда Бәсекелестіктің еуразиялық бағдарламасы бойынша алғашқы дөңгелек үстел өтеді. Мұнда Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына ену мәселесі сөз болмақ.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Байменов 5 желтоқсанда жұмыс сапарымен Париж қаласына барып, француздық әріптестерімен ынтымақтастықты тереңдету мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді. Одан әрі Ә.Байменов Түркияға сапар шегіп, өзінің ондағы әріптестерімен де ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді екен.
Осы аптадағы инвестициялық жобалар жөніндегі ең үлкен жиын Алматыда өтеді. Онда 3-4 желтоқсанда І Халықаралық Алматы инвестициялық форумы болып, оңтүстік астананың инвестициялық мүмкіндіктері мен жобаларды қаржыландырудың жаңа тетіктері, көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, туризм мен ұлттық инновациялық жүйені одан әрі жандандыру және т.б. мәселелер талқыланады. Форум жұмысына Үкімет өкілдері, халықаралық қаржылық институттар басшылары, көрнекті экономист ғалымдар және салалық ұйымдар жетекшілері қатысатын болады, деді А.Әбибуллаев.
Сонымен бірге, брифингте Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың 5-6 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 20-шы мерейтойлық отырысына қатысу үшін Киевке баратыны айтылды. 2015 жылдың 1 қаңтарында Украинаның аталмыш ұйымдағы төрағалығы аяқталады. Отырыс барысында осы елдің халықаралық ұйымға төрағалық етуінің нәтижесі шығарылатыны да белгілі. Отырыс жұмысының барысында Ерлан Ыдырысовтың ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньер, Ұлттық азшылықтар жөніндегі Жоғарғы комиссар Астрид Торс және кейбір мүше елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесулері жоспарланыпты. Сондай-ақ, Киевте ҰҚШҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері бейресми жағдайда кездеседі деп күтіліп отыр екен.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған форумда айтқан сөздері мемлекеттің жастар ісі мен білім беру саласындағы негізгі саяси бағдары екені анық. Жастар ұйымдары жұмысын үйлестіру жөніндегі кеңестің 6 желтоқсанда болатын отырысында осы мәселелер талқыланып, жаңа жоспарлар белгіленбек көрінеді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».