Елордадағы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен Мемлекеттік туды пайдалануға қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиында министр Мемлекеттік туды заңсыз жасап шығару, жеке және заңды тұлғалардың қолдануы, ұлттық стандарт туралы айтты. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың ұлттық стандарт талаптарын бұзып, Мемлекеттік туды пайдалануына жол берілмейді. Ұлттық стандартқа сай келмеу дегеніміз – мемлекеттік тудағы нысанды, мөлшерді және техникалық талаптарды бұзу. Мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, Үкімет айқындаған тәртіппен ауыстырылып, жойылуы керек», деп атап өтті министр.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сай келмейтін Мемлекеттік туды заңсыз дайындағандарға әкімшілік айыппұл салынады. Министрдің айтуынша, Үкіметтің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысына сәйкес Мемлекеттік туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін, Мемлекеттік гимннің мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте бұл өзгерістер арқылы азаматтарымыз үшін Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр. Ең алдымен Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру үшін, ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.
«Бүгінгі таңда Конституциялық заңға сәйкес, Мемлекеттік ту бейнесі өзге де материалдық нысандарда салынуы мүмкін. Алайда бір рет пайдаланылатын заттар бұл материалдық нысандардың қатарына жатпайды. Сонымен бірге Мемлекеттік ту Қазақстан Республикасының №988-2007 ұлттық стандартын сақтай отырып жасалған және оны лицензиясы бар уәкілетті ұйымдар ғана жасай алады», деп жауап берді министр журналистердің конфет сыртындағы Мемлекеттік тудың суреті жайындағы сұраққа.
Сонымен бірге министр Мемлекеттік туды қолдануға болмайтын жайттарды айтып берді. Ашып айтар болсақ, адамға немесе затқа деген құрмет ретінде ту төмен түсірілмеуі керек, ту қандай да бір затқа, жерге немесе суға тимеуі керек. Сондай-ақ тудың сабы көлденеңінен көтерілмейді. Туға жазу жазуға немесе сурет салуға болмайды, ол киім немесе төсек, шымылдық ретінде пайдаланылмайды. Қазақстан Республикасы атынан өнер көрсететін спортшылардың киімінде Мемлекеттік тудың бейнесін пайдалану айрықша жағдай саналады.
«2020 жылғы 27 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік туды пайдалануға қатысты мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау тапсырмасы берілді. Аталған тапсырмаға сәйкес, Мемлекеттік туды, Елтаңбаны және олардың бейнелерін, Мемлекеттік гимннің мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте азаматтарымыз үшін Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр», деп атап өтті министр.
«Сонымен қатар жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік туды бір қабатты немесе көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұдан былай жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын Мемлекеттік туды қараңғы уақытта жарық құралдарын қолданбай-ақ пайдалана алады. Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер Мемлекеттік тудың қолданылу аясын едәуір кеңейтеді», деді Ақтоты Райымқұлова.