Елбасының өзі жиі ескертетіндей, кәсіпкерлерді жиі тексеруді доғаратын кез келді. Бұл туралы жақында Өскеменде облыс әкімдігі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура бірлесіп өткізген алқалы жиында кеңінен сөз болды.
*Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Елбасының өзі жиі ескертетіндей, кәсіпкерлерді жиі тексеруді доғаратын кез келді. Бұл туралы жақында Өскеменде облыс әкімдігі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура бірлесіп өткізген алқалы жиында кеңінен сөз болды.
Осындай құрамда бірінші рет өткізіліп отырған кеңейтілген алқа мәжілісі онлайн режімінде жүргізіліп, оған барлық деңгейдегі прокурорлар, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты. Мәжілісте өңірдегі кәсіпкерлердің құқығын қорғаудағы прокурорлық қадағалаудың жайы талқыланды. Облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі басқарма басшысы Р.Шідериновтің сөзіне қарағанда, кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің 651 фактісі тіркелген. 645 жоспарлы және 6 жоспардан тыс тексерулер, сонымен бірге, заңдылықты бұза отырып 194 тексеріс жүргізілген. Орын алған оқиғаға орай бұл заң бұзушылықты жою жөнінде 47 ұсыныс, 11 наразылық енгізілген. Тәртіптік жауапкершілікке 80 лауазымды тұлға, әкімшілік жауапкершілікке үш тұлға тартылыпты.
– Елбасы Н.Назарбаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде орынды айтылып, түрлі тексерулердің азаюдың орнына көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау саласы қызметкерлеріне тексерістерді орынсыз жүргізгендерге қатаң шара қолдануды тапсырғаны белгілі. Ал мына фактілер көңіл көншітпейді. Облыс тұрғындарының жұмыс істеуге қабілеті бар бөлігінің 31 пайызы осы салада еңбек етіп, бала-шағасын асырап отыр. Олар жыл сайын 470 миллиард теңгенің өнімдерін өндіріп, 60 миллиард теңгені облыс бюджетіне аударады екен. Ендеше заңсыз әрекеттерді тиятын кез жетті, – деп облыс әкімі Б.Сапарбаев қатаң ескерту жасады.
Орынсыз тексерістер тыйылар емес. Демек, не істеу керек? Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов кәсіпкерліктікті қорғау заңнамаларының сақталуы және кәсіпкерлік нысандарының құқықтарын бұзу оқиғаларын болдырмау және сол мақсатта кәсіпкерлерге жедел көмекке келетін мобильді топтардың жұмыс істей бастағанын айтты. Кәсіпкерлер үшін «сенім телефоны» жұмыс істейді. Биыл жыл басынан сенім телефонына 44 шағым келіп түскен. Оның 27-сінде заңсыздық орын алғаны расталды. Шағымдар бойынша заң бұзушылықты жою туралы 10 ұсыныс, 8 заңсыз әрекетке орай 4 наразылық енгізіліпті. Тәртіптік жауапкершілікке 8 лауазымды тұлға, 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан кейін облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов бірнеше аудандардағы прокуратура қызметкерлерінің сенім телефонына заңсыз тексеру туралы арыз-шығымдардың түскенін, тексеріс кезінде олардың шын мәнінде орын алғаны анықталғанын айта келіп, алдағы уақытта заң бұзушылық қайталана берсе, қатаң шара қолдану қажеттігіне тоқталды.
Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры И.Шацкий кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерге алаңдаушылық білдірді. Өскемен қаласының әкімі Т.Қасымжанов облыс орталығында кәсіпкерлікті қолдауда атқарып жатқан істерін айтып берді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтығұтов заң бұзушылықтың қай аудандарда көп орын алғаны жайлы мәліметтерді келтіріп, өңір басшысынан оларға шара қолдануды сұрады. Облыс прокуроры Б.Тайымбетов кәсіпкерлердің жұмысын тексеруде өңірде көп заң бұзушылықтар орын алған қала, аудан прокурорларына жұмысты ширатып, заңсыздыққа жол бермеуді ескертті.
Алқалы жиынды қорытындылаған Б.Сапарбаев сын-ескертпелердің орынды екенін, кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау тиісті мекемелер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің басты міндеті екенін атап өтті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.