53-тің басында кішкентай қарындасым шетінеп, екі айдан соң әкем Смайыл қайтты. Үлкеніміз – көкем Өзбек он екіден жаңа ғана асқан, ортаншымыз Байжұман жетіде, кішісі – мен бестемін – үш балаға жаңағы қазалардан гөрі жаз шыға анамыз Күләштің ауырғаны қаттырақ батты. Бір жылдай төсек тартып жатты. Елдің ішінде, ағайын-туғанның ортасында болғандықтан шығар, әрқайсысы өздерінше қарайласып баққан. Көкем жаздай колхозда жұмыс істейді, өгіз арба айдайды. Онысына кейін еңбеккүнге бидай береді. Негізгі ауқатымыз – қоңыр сиырымыздың сүті, көрші Ұлтай апам ұйытатын айран және жиырмаға тарта тауығымыздың жұмыртқалары. Дүкен жұмыртқа алады. Жиып апарғанда шай-қантты ажырататын.
53-тің басында кішкентай қарындасым шетінеп, екі айдан соң әкем Смайыл қайтты. Үлкеніміз – көкем Өзбек он екіден жаңа ғана асқан, ортаншымыз Байжұман жетіде, кішісі – мен бестемін – үш балаға жаңағы қазалардан гөрі жаз шыға анамыз Күләштің ауырғаны қаттырақ батты. Бір жылдай төсек тартып жатты. Елдің ішінде, ағайын-туғанның ортасында болғандықтан шығар, әрқайсысы өздерінше қарайласып баққан. Көкем жаздай колхозда жұмыс істейді, өгіз арба айдайды. Онысына кейін еңбеккүнге бидай береді. Негізгі ауқатымыз – қоңыр сиырымыздың сүті, көрші Ұлтай апам ұйытатын айран және жиырмаға тарта тауығымыздың жұмыртқалары. Дүкен жұмыртқа алады. Жиып апарғанда шай-қантты ажырататын.
Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді, дейді ғой. Сол бір шақта бізге көмектескен колхоз бастығының орынбасары болған Әбдіхан ағаның, қой фермасының меңгерушісі Күнболат, есепші болған Сүндетбай, мал дәрігері Тәуен ағалардың, қоймашы Қозыбай ағаның, өз туыстарымыз Молдағали және Наурызбай аталардың, нағашыларым Нүсіпжан, Әбзәкір, Дүмшен, Таман, Өкісбай ағалардың, аталас туыстарымыз Шаймерден, Көкежан ағалардың қамқорлықтары менің бала жадымда жатталып қалыпты.
Кейін апам жазылып, қамбаның күндізгі қарауылдығына шықты, көкем жетінші класты бітірген соң, он алты жасында колхоздың бір отар қойын қабылдап алды. Тұрмысымыз түзеле бастады. Бірақ біздің үйге бір жаңалық керек сияқты болып тұратын.
Алпысыншы жылдың күзі салқындау келді, қар ерте жауып, қыс түскендей болған. Алтыншы кластамын. Апам мен көкем қойда, ауылдан он шақырымдай жерде қыстауда. Кім айтқаны есімде жоқ, әйтеуір: «Көкең үйленді, жеңгелі болуың құтты болсын!» деген қуанышты хабар құлағымда тұрып алды. Біздің үйге керек жаңалық осы екенін түсіндім. Содан сабақ аяқталмастан Сымтас деп аталатын қыстауға жаяу тарттым.
Менің келгенімді біліп, апам ауызғы үйге шықты. «Қалай жеттің, кіммен келдің?» деп жатыр. «Апа, келінің қайсы?» деймін. «Жүре ғой, көрсетейін жеңгеңді», деп апам жапсарлас салынған жаппаға бастай жөнелді. Шамның көмескілеу жарығынан байқадым, үстіне күпәйке киген, басына апамның түбіт орамалын байлаған біреу жүр. «Әскен-ай, Өзбектің кіші інісі келді, осы үйдің кенжесі» деп апам таныстырып жатыр. Жаңағы «Әскен-айы» ақырын ғана: «Менің де кенжем болсын!» деп құшақтап, бетімнен сүйді.
Содан беріде өткен елу үш жылда тәтем сол қалпынан бір танған жоқ. Апамды қазан-ошаққа араластырмады, басынан орамалы түскен емес. Менің кір-қоңымды жуып, ауылдан сегізжылдықты бітіргенше тырнағымды өзі алып беретін. Еш қайнысының атын атамады, «Төрежан», «Кенжем», «Мырзажігіт» дейтін.
Астана – Алматы ұшағына отырғанда осындай ойлар қаумалап, таласып келіп, бір қалыпқа құйылғандай болып жатты.
Кенжем келіп қалар деп,
Жанарыңды талдырдың.
Асығып кеткен, тәтем-ау,
Кенжеңді қалай қалдырдың?
«Қайда мейлі жүрсем де,
Кенжем іздеп табар» деп.
Қабырғам қалды қайысып,
Ауылдан суық хабар кеп.
Көкем қайтқалы он екі жылдай болыпты. Алғашқы кезде тәтем қатты шөгіп кетті. Айтпайтын, бірақ көкемді жоқтайтынын байқайтынмын. Ауылдағы басқа балаларының үйіне қонбайтын, «Көкең іздеп келсе, мен үйде жоқ болмайын деймін ғой» дейтін.
Өнеге көріп апамнан,
Келіндерге алдырдың.
Аңырап келген кенжеңді,
Тәтем-ау, қалай қалдырдың?
Әулетке өзің ұйытқы,
Болса да ұрпақ сан қырлы.
Жоқтатпай көпке көкемді,
Ошағын үйдің жандырдың.
Тәтем мен көкем ешқашан ұрсыспайтын. Көкем бір жақсы іс істесе, немесе жақсы бір әңгіме айтса, тәтем айрықша мәз болып, сүйсіне тыңдайтын. Кейін бұл ұлдарына көшті. Олар үшін көкемнің айтып отырғаны бейне бір заң сияқты болып тұратын. «Көкелерің айтты ғой», «Папаларың солай деді ғой» деген сөздер басты шешімді кім айтқанын аңғартып тұратын. Тәтем он құрсақ көтерген: төрт ұл, алты қыз. Қыздардың біреуі ертерек қайтыс болды, қалғандары тұрмыс құрды, үбірлі-шүбірлі болып жатыр. Немерелері келсе, қуанып отырады. Олармен кәдімгі үлкен адамдардай әңгімелеседі, жағдайларын сұрайды. Тәтемді жерлегенде Әсембала Сарғожақызы деп, артында тоғыз баласы, он бес немересі, бір шөбересі қалды, жасы жетпіс бесте деп қойды.
Жарықтық шөбересін жұбатып жүрген. Содан кешке қарай диванға жантая беріп, айналасы бірер сәтте көз жұмыпты.
Ұшақтан түскен соң Алматыдағы балаларымыздың үйіне кіріп шыққанбыз. Кішкентай немеремізді бір-бір иіскеп, ауылға тарттық.
Кенжем келіп қалар деп,
Төріңе көрпе салдырдың.
Айналып өзің толғанар,
Кенжеңді қалай қалдырдың?
Ықыласпен, пейілмен,
Мейірімді қандырдың.
Сағынып жеткен кенжеңді,
Тәтем-ау, қалай қалдырдың?
Көкем мен тәтем өздері салғызған үй бәріміз үшін ыстық, Әулетіміздің бар келіндері осы үйге түскен, осы үйден енші алып шыққанбыз. Мәшине тоқтағанда «Тәтем-ау!» деп аңыраған дауысым шықты да, одан әргі жоқтау сөздерді айта алмадым. Үй жақтан ортаншы ағайдың, ұлдарының, күйеу балаларының жылаған дауыстары естілді. Бағанадан бері тығылып тұрған қайғы мен шер еңкілдеп жылауға ұласып берді. Үйдің ішінде абысындары мен құдағилары, сіңлілері мен келіндері, қыздары азан-қазан жылап отырды. Тәтем өзі кішкентайынан өсірген немерелерін құшақтап жыладым. Көп дауыстың ішінен құдашам Жұмакүлдің, келінім Ұлтайдың дауыстарын таныдым. Сыртқа шыққанда тәтемнің немересі Әзиза жылап келіп, құшақтай берді. Кеңкілдеп тағы жыладым.
Тәтемді үйден шығарарда адам көп жиналды. Үлкен де, кіші де жүр. Осылардың ересектер жағы «Әсембала» деп, «Өзбектің келіншегі» деп білсе, жастар жағы «Ермектің, Мұраттың, Мақсаттың, Мараттың анасы» деп, келіндерінің енесі, немерелерінің әжесі деп білді. Ауылдағылардың бәрі осы үйде жетпістен асқан ана, әже бар деп сәлемдесіп, арнайы кіріп есендесіп тұратын. Бүкіл Туғанбай ауылы, алыс-жақындағы барша туыстар тәтемді үйдің, әулеттің берекесі деп ұғатын. Шынында да, тәтемнің бар болғанының өзі береке екен ғой. Артында орнын басатын абысындарын, келіндерін тәрбиелеп кетті. Ендігі береке солардың қолында болады.
Бірақ, бәрібір енді мені «Кенжем!» деп ешкім еміренбейді.
Желтоқсанның жетісінде марқұмның қырқы беріледі. Бірақ, біз кіші абысыны Жақан екеуміз бара алмайтын болдық. Дәл сол күні жан досымның жылын бергелі жатырмыз. Тәтемнің аруағы разы болсын деп, осы еске алуымызды бағыштап отырмыз.
Ержұман СМАЙЫЛ.