RG Gold Ақмола облысындағы кен-металургия кешенінің толық жобалауын бастады. Оның құрылысына салынған инвестициялардың жиынтық көлемі 160 млрд теңгеден асады. «Верный Капитал» және Resource Capital Fund америкалық қоры – RG Gold компаниясының акционерлері.
RG Gold компаниясы Ақмола облысындағы тау-металлургиялық кешенін толық жобалау бойынша жұмыстардың басталғаны туралы хабарлайды. Оларды орындау үшін өнеркәсіптік объектілерді жобалау мен салуда көшбасшы болып табылатын қазақстандық AAEngineering компаниясы тартылды.
«Жаңа фабриканың қуаттылығы жылына 5 млн тонна бастапқы кен өндіруге жетеді. Жазда барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізілді. Инвестициялардың жиынтық көлемі қазіргі уақытта фабрика мен барлық инфрақұрылымды қоса алғанда, 160 млрд теңгеден астам соманы құрайды. Құрылыс 2022 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады», деді «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов.
Е.Оспанов сондай-ақ 2014 жылдан бастап геологиялық барлауға шамамен 7 млрд теңге инвестициялағанын хабарлады. Геологиялық барлау нәтижелері бойынша бағалы металдың қоры 100 тоннаны құрады, ал ресурстар JORC халықаралық жіктемесі бойынша 185 тоннаға бағаланды. «Райгородок» кен орнының әлеуеті әлі толық зерттелген жоқ. Геологиялық барлау жұмыстары және оларды инвестициялау жалғасуда.
«Жаңа фабрика 1 100-ден астам қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал мемлекеттік бюджетке жиынтық салық аударымдары жылына 20 млрд теңгені құрайды. Компания жыл сайын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын жақсартуға 100 миллионнан астам теңге бөледі. Мысалы, жақын маңдағы ауылдардағы мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа ұңғыма бұрғыланды, Щучинск аудан орталығы мен Дмитриевка ауылы арасындағы автожол жөнделді», деп толықтырды RG Gold бас директоры Лоуренс Россоу.
RG Gold компаниясы мамандарының айтуынша, кәсіпорын өзінің операциялық қызметінде корпоративтік басқарудың, экологиялық және әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары стандарттарын ұстанады. Уәкілетті мемлекеттік органдармен және сыртқы аудиторлармен белсенді өзара іс-әрекет жасайды, сондай-ақ тоқсан сайынғы негізде атмосфералық ауаны, су ресурстарын, топырақты және радиациялық фонды зерттеуді қамтитын қоршаған ортаның жағдайына мониторинг жүргізеді. Экологиялық мониторинг нәтижелері компания сайтында жарияланады. Барлық қызметкерлер тренингтерден өтеді және қауіпсіздік техникасы бойынша тиісті емтихандар тапсыруға міндетті.
Фабриканы жобалау мен салудың барлық кезеңінде Ақмола облысы тұрғындарының, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің және экобелсенділердің қатысуымен жеті қоғамдық тыңдау өткізілді. Желтоқсан айында тағы бір тыңдауды өткізу жоспарланған. Қоғамдық тыңдаулардың барлық хаттамалары Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтында жарияланады.