• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2020

Қарымды еңбек – қарқынды даму

198 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қыз­метінде Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Мемлекет басшы­сының Жолдауын іске асыру аясында өңірдің дамуы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыс әкімі өз сөзін өңірдегі жаман індетке қарсы күресудің жай-жап­сарын баяндаудан бастады. «Кейбір жур­налистердің жағдайды төндіріп хабарлауына қарап, біздің өңірдегі жағдай туралы теріс пікір қалыптасуы мүмкін. Іс жүзінде олай емес. Біздегі жағдай тұрақты және жіті бақыланып отыр», деді ол.

Өңірде індетке жұқтырғандар саны күн сайын азаюда, денсаулық сақтау жүйесіне артық салмақ түсіп жатқан жоқ. Стационарлардағы науқастар саны 39%-дан аспайды. «Сондықтан ағымдағы эпидемиялық жағдайға сүйене отырып, желтоқсан айының ортасына қарай демалыс күндері локдаунды және облыс орталығындағы карантинді алып тастауды жоспарлап отырмыз», деді Қ.Ақсақалов. Сонымен қатар ӨЖЖ аппараттары мен медициналық техника қажетті мөлшерде сатып алынғанын жеткізді. Жедел жәрдем машиналарымен жабдықтау 76-дан 100%-ға дейін артты. Емдеу және дәріхана желілері жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

Одан әрі экономикалық көрсеткіш­терге тоқталған Қ.Ақсақалов қазір өңір көптеген даму көрсеткіштері бойынша көшбасшы өңірлер тобына кіріп қана қоймай, орташа республикалық мәндерден асып түскенін айтты.

«Осы жылдың қорытындысы бо­йынша жан басына шаққандағы ІЖӨ-ні 2,7 млн теңгеге дейін арттыруды жос­парлап отырмыз. Осылайша, соңғы төрт жылда 35% өсімді қамтамасыз етеміз», деді Құмар Іргебайұлы. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыс республика бойынша 5-орынға көтерілген. Соңғы төрт жылда облыстың нақтыланған бюджеті 2 есеге жуық  189-дан 333 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Одан әрі әкім экономиканың барлық бағыттары бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижелеріне тоқталды.

Ауыл шаруашылығы бойынша қазірдің өзінде өңір 700 млрд теңгеге өнім шығара алады. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 89 млрд теңгеге асып түскен. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығына 115 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жалпы еліміздің ауыл шаруашылығына салынған инвестицияларының 25%-ы. Биылғы жаздың аса ыстық болып, кейбір аудандарда тамшы тамбағанына қарамастан Солтүстік өңір бүкіл ел бойынша жиналған астықтың төрттен бір бөлігін, ал майлы дақылдардың үштен бір бөлігін берді. Бұған барлық агротехникалық шараларды сақтаудың нәтижесінде қол жеткізілді. Өңір ша­руа­лары техниканы жаңарту және минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша еліміздің көшбасшысы болып отыр.

Өңдеу кәсіпорындары арасында астық өңдейтін «Биокорперейшн» ЖШС ірі жобасы жанданды. Жақын арада зауытты жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталады, оған инвестор жалпы сомасы 12 млрд теңге қаражат құйған. Енді бұл кәсіпорын крахмал, глютен және клейковинамен бірге биоэтанол өндіретін болады. Биоэтанолға сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде Павлодар мұнай өңдеу зауытына биоэтанол жеткізу туралы шарт жасалған.

Солтүстік Қазақстан – астық өсіретін өңір ғана емес, халықты экологиялық таза тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін облыс. Осы қатарда сүт пен сүт өнімдерінің үлесі зор. Соңғы екі жылда 7 тауарлы сүт фермасы іске қосылып, 10 айдың қорытындысы бойынша сүт өндірісі 5,4%-ға артты. Сөйтіп Мемлекет басшысы алға қойып отырған қайта өңдеушілердің тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету міндеті орындалып отыр. Биыл өңірдегі 14 сүт өңдеу кәсіпорны 164 мың тоннадан астам сүт өнімдерін шығарды. Бұл сары майды 28%-ға, ірімшік пен сүзбені 14%, сүт пен кілегей 3,5%-ға арттырудың нәтижесінде қол жеткен табыс. Солтүс­тікқазақстандық өндірушілердің сүті жоғары органикалық қасиеттерге ие, күрделі кезеңде иммунитетті күшейтеді.

Ет өндіру бойынша айтсақ, мал шаруашылығында жаңа жобалар іске асырылуда. Биыл өңірде қазақтың ақбас тұқымды 1000 тұяққа арналған фермасы іске қосылмақ. 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жалғасады. Оны іске қосу келесі жылға жоспарланған.

Жалпы, бүгінгі таңда облыстың 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорындары 330 түрлі ет, сүт және макарон өнімдерін шығарады. Сонымен қатар картоп өн­дірісі облыс қажеттіліктерінен 11 есе, жұмыртқа 10 есе, макарон 9,3 есе, жыл­қы мен сиыр еті, қырыққабат және сәбіз 3 есе асады.

«Біз әрбір үшінші қазақстандықты солтүстікқазақстандық өніммен қам­тамасыз ете аламыз деп айтуға болады. Жыл сайын біз азық-түліктің жаңа түрлерін шығаруға тырысамыз», деді Қ.Ақсақалов.

Өнеркәсіп саласы туралы айтқанда өңір басшысы өнім көлемі жыл басынан бері 5,5%, яғни 236 млрд тең­геге ұлғайғанын жеткізді. Зауыт тапсы­рыс­тарының портфелі іс жүзінде 24 млрд теңгеден 44 млрд теңгеге дейін 2 есе өскен. Мысалы, ұзақ келіссөздерден кейін «ЗИКСТО» зауыты 46 млрд теңгеге тапсырыс алды.

– Бүгінде біздің зауыттарымыз мұнай-газ, темір жол, құрылыс және басқа да салаларға арналған өнімдерді шығарып қана қоймайды, электронды өнеркәсіпті дамытуды да мақсат етіп отыр, – деген әкім Киров атындағы зауытта ел өңірлеріне жеткізілетін 32,5 мың компьютер, ноутбук және планшет шығарылғанын, жыл соңына дейін тағы 21 мың ноутбук өндірілетінін жеткізді. Облыс аумағында іске асырылып жатқан ең маңызды жобалардың қатарында «Qyzyljar» АЭА» келесі жылы іске қосылатын CLAAS комбаины мен басқа да ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі ашылады. Сонымен қатар алдағы жылы жергілікті нарық қажеттілігінің 30%-ы ғана емес, Орталық Азия елдерінің сұраныстарын да қанағаттандыратын ламинатталған фанер өндіретін зауыт іске қосылады. Сондай-ақ полипропиленнен жасалған биг-бэгтер өндіретін кәсіпорын, ал «ПЗТМ» зауытынан термовагондар шығаратыны айтылды. Кәсіпорын қазірдің өзінде 62 вагон жасаған. Халық тұтынатын бірқатар тауарлар өндіретін «Радуга» компаниясы, кірпіш зауытының құрылысы туралы да айтылды. Осы жобалар инвестициялар көлемін 20%, яғни 202 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берген.

Әкім өзінің баяндамасында инфра­құрылымдық жобаларды іске асырудағы табыстар туралы айтты. Бұл саланы қар­жыландыру да былтырғымен салыс­тырғанда 3,7 млрд-тан 8 млрд теңгеге дейін артқан. Жолдар салу мен жөндеу былтыр 705 шақырым болса, биыл шамамен 954 шақырымға дейін ұлғайған. Тұр­ғын үй құрылысы бойынша да өңір­де еселі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда саланы бюджеттік қаржыландыру 1,5 есеге артып, нәтижесінде жыл соңына дейін 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. «Бүгінде облыс орталығында 32 көп пәтерлі үй салынып жатыр. Олардың көп­шілігі 3 жыл ішінде бұзылған 1 277 үйдің орнында пайда болады. Біз «Жаңа қала» реновациясы бойынша жеке бағдар­лама қабылдадық», деді облыс басшысы.

Білім беру саласының қаржылан­дырылуы биыл 32% ұлғайған. «Біз көп жылғы проблемаларды шеше алдық. Ескірген компьютерлер мен мектеп кө­ліктері толығымен жаңартылды. Бар­лық мектеп бейнебақылаумен жабдық­талған», деді ол. Сондай-ақ денсау­лық сақ­тау саласындағы ең ірі JCI стан­­дарт­тарына сәйкес келетін жоба – көп­салалы аурухананың құрылысы жалғасуда.

«Солтүстік Қазақстан облысы бола­шаққа сеніммен қарайтынын, эконо­миканың барлық саласы қарқын алып отырғанына баршаңызды сендіргім келеді», деп аяқтады баяндамасын Қ.Ақсақалов.

Сөзінің соңында облысы әкімі жур­налистердің сұрағына жауап берді. Соның ішінде мектептердің жылы әжетханалармен жабдықталуы, құс иелеріне тұмаудан қырылған құстардың өтемін төлеу, қоныс аударушыларға жасалатын жағдайлар және т.б. мәселелер өзек болды.