• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 10 Желтоқсан, 2020

Қала дамуына карантин кедергі емес

137 рет
көрсетілді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы эпидемиялық ахуал жөнінде баян­дап, атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

«Биыл дәрігерлер үшін қиын жыл болды. Дәрігерлердің көмегімен қаламыздың 15 мыңнан аса тұрғыны COVID-19 ауруынан жазылып шық­ты. Елбасының «Біргеміз» атты үн­де­уі мен Мемлекет басшысының қа­да­ғалауының нәтижесінде індетпен кү­рестің алғашқы толқынын еңсеріп, дайындықты күшейттік. Қазіргі таңда елордада 176 адам ем алуда. Са­лыс­тыр­малы түрде айтар болсақ, жаз айла­рында бір күнде 3 911 адам ем алып жатты», деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, қазір қаладағы жағдай тұрақтанды. Бірақ әрі қарай да бұл жұмысты күшейтілген түрде қадағалап отыру қажет.

«Жыл басында ПТР тестілеу бо­йынша бір ғана зертханамыз болса, қазір оның саны 17-ге дейін артты. Тестілеу уақыты бойынша жаз айларында жүктеме күшейгенде 5 күнге де­­йін күтуге тура келетін. Қазір зерт­­ханалардың қуаты артып, тест нәтижесі 4 сағатта беріліп жатыр. Ста­ционарларда изотермиялық кіші-зерт­ханалар орнаттық, олар стационар­да емделіп жатқан науқастардың тес­тілеу нәтижесін екі сағатта көрсете алады», деді А.Көлгінов.

Сонымен бірге ведомствоаралық комиссия шешімімен елге келетін барлық рейс жолаушыларынан ПТР анықтамалары талап етіледі.

«Тиісті анықтамасы жоқ жолау­шы­ларды карантин стационарына жеткіземіз және тексеруден кейін ғана қалаға кіргіземіз. 6 қазан­нан бері 4 800 жолаушы карантин стационарына барды, оның 28-інен COVID-19 вирусы анықталды және емдеуге жіберілді», деді ол.

А.Көлгінов алдағы мерекелерді отба­­сымен өткізуге кеңес берді. Сон­дай-ақ карантин талаптарын сақ­та­ған қа­ла тұр­ғындары мен дәрі­гер­лерге ал­ғыс айтты.

«Қаладағы эпидемиялық жағдай мен санитарлық нормаларға бейжай қарамайтын тұрғындарымызға алғыс айтқым келеді. Енді біздің тұрғындар карантинде қалай жүру керектігін біледі. Дәрігерлеріміз де биыл науқастарды емдеуге белсене атсалысып, ауқымды тәжірибе жи­нақ­тады. Қазір де жұқпалы дертпен кү­ресіп жүрген мамандарға алғыс айтамын», деді қала басшысы.

Сонымен бірге ол алдағы мереке күндері халық көп жиналатын орын­дар­ға бармауға кеңес берді.

«Алда көптеген мерекелер келе жатыр. Мұнда халық көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берер едім. Жаңа жылдың отбасылық мереке екені баршаға аян. Сондықтан жаңа жылды аурухана төсегінде қар­сы алғаннан гөрі үйде отбасының орта­сында күткен жақсы ғой. Бұл күн­де­рі аса мұқият болыңыздыр!», деді А.Көлгінов.

Пандемия кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 43 млрд теңгені оңтайландырып, қажетті салаларға бағыттады. Бұл туралы қала әкімі кеңінен айтып берді.

«Пандемияның жағымсыз салдарынан, әсіресе одан шағын және орта бизнес зардап шекті. Жергілікті бюджетке де жыл басында болжанған түсімдер толық түспеуі мүмкін. Мем­ле­кет ШОБ субъектілерін қолдау үшін жеңілдіктер жасады. Сондықтан жыл соңына қарай шамамен 47 млрд теңге біздің бюджетке түспеуі ық­ти­мал. Корпоративті табыс салығы бо­йынша да жыл басында төленуі тиіс 10 млрд теңгеден аса қаражат түспеуі мүмкін. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің жер­гі­лікті бюджетін 43 млрд теңгеге оңтай­лан­дыр­дық», деді қала басшысы.

Үнемделген қаражат ең алдымен COVID-19 індетімен күреске, ден­сау­лық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалған.

«Білім беру жүйесін дамытуға да көңіл бөлдік. Себебі қашықтан оқыту форматы үшін аз қамтылған отбасы балаларына ноутбуктер мен роутерлер қажет болды. Әрі қарай әлеуметтік көмек көрсетуге, экономиканың нақты секторын қолдауға, инфрақұрылымды дамытып, тұрақтандыру қорын тол­ты­руға мән бердік. Жалпы алғанда елорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң нәтиже көрсетіп отыр. Пандемияға қарамастан, жүр­гі­зілген мемлекеттік шаралардың нәти­жесінде негізгі капиталға 1 трлн теңге инвестиция түседі деп болжап отыр­мыз. Салыстырар болсақ, 2019 жылы 900 млрд теңгеден аса қаражат түскен еді», деді А.Көлгінов.