• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Желтоқсан, 2020

Петропавлдағы мектеп-гимназияға хакім Абайдың есімі берілді

395 рет
көрсетілді

Петропавл қаласыынң 19-шағынауданында орналасқан қазақ мектеп-гимназиясына ұлы Абайдың есімі берілді. Осыған орай Премьер-Министр Асқар Мамин кеше Үкімет қаулысына қол қойған еді, деп хабарлайды Egemen.kz

Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясы 2007 жылы бой көтерді. 1100 балаға шақталған білім ордасында бүгінде 1046 оқушы оқиды. Сонымен бірге даярлық сыныптарымен қатар, 50 балаға шақталған шағын орталық жұмыс істейді. Мектепке Абай есімінің берілуіне байланысты оқу бағдарламасына да біраз өзгеріс енгізіледі.

Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры Бұлбұл Ахмадиқызы: "Біз бұл хабарды бір жылға тарта күттік. Пандемияға байланысты созылып кетті. Республикадағы Абай мектептерінің желісіне кіріп отырған 17-ші мектеппіз. Абай есімінің берілуі бізге зор жауапкершілік артады. Әрине, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын боламыз. Қазір бұл пәндерге аптасына 3 сағат қана берілсе, оны жаңа оқу жылында екі есе арттырамыз", дейді ол.

Биыл сәуір айында мектеп қабырғасында Абай орталығы ашылды. Ол 6 бөлімнен тұрады. Мұнда қазақтың мәдениетін дәріптейтін музей ашылған. Орталықта мамандар дарынды балалармен жұмыс істейді. Сондай-ақ, QR-коды бар арнайы стенд арқылы еліміздегі Абай мұражайларымен танысуға болады. СҚО Білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірде тағы екі мектептің атауы өзгерді. Булаев қаласындағы №4 орта мектепке Мағжан Жұмабаевтың есімі берілсе, Жамбыл ауданы Пресновка елдімекеніндегі жалпы білім беретін орта мектеп енді Қожаберген жырау есімімен аталады.