Ұлыбританияның Лондон қаласында Сапаны дамыту және инновация жөніндегі халықаралық компания өткізген байқауда елордадағы №38 мектеп-лицей International Quality Crown атты «алтын» санатындағы жүлдеге ие болған еді. Кеше мектеп-лицейде Лондонда тапсырылған осы жүлденің құрметіне баспасөз мәслихаты өтті.
Ұлыбританияның Лондон қаласында Сапаны дамыту және инновация жөніндегі халықаралық компания өткізген байқауда елордадағы №38 мектеп-лицей International Quality Crown атты «алтын» санатындағы жүлдеге ие болған еді. Кеше мектеп-лицейде Лондонда тапсырылған осы жүлденің құрметіне баспасөз мәслихаты өтті.
Ресми атауы Business Initiative Direсtions (BID) аталатын халықаралық компания 179 мемлекеттің өндіріс және қызмет көрсету салаларында инновациялық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді енгізу арқылы жоғары сапаға қол жеткізген компаниялар мен мекемелерді анықтаумен айналысады. Бұл жолы халықаралық компания Астанадағы №38 мектеп-лицейді де сапалы ұйымдардың қатарында бағалады. Соның айғағындай, 24 қарашада мектеп-лицейдің директоры Жамал Қасымбек International Quality Crown жүлдесін Лондонда BID президенті Хосе Э. Прието мырзаның өз қолынан алыпты. Кешегі баспасөз жиынында мектеп директоры өзі басқарып отырған ұжымды іскерлік әлемінде көшбасшылыққа ұмтылып және жаңа үрдістерді жетілдіріп отыруға бағытталған кәсіби мамандардың командасы деп атады.
Шын мәнінде №38 мектеп-лицейі 15 жылдық тарихында үздік жетістіктерге жетіп, биік асуларды бағындырып келе жатқан ұжым. Білім ордасынан 1999-2013 жылдар аралығында мыңға жуық түлек түлеп ұшса, соның 35-і «Алтын белгі», 46-сы «Ерекше үлгідегі аттестат» және 400-ден астамы мемлекеттік грант иегерлері. «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің 11 мемлекетінде 60-қа жуық түлек білім алуда, инновациялық технологияларды меңгеру бойынша білім ордасында жоғары және 1 санатты мұғалімдер 69 пайызды құрайды. АКТ-мен жұмыс істейтін мұғалімдер 62 пайыз, ал Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша 2013 жылы 25-ке жуық мұғалім деңгейлік курстарды тәмамдаған. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша «Үздік мектеп -2013» және Астана қаласы бойынша 2012-2013 жылдың қорытындысында «Көшбасшы мектеп» атағын қанжығасына байлап, қала әкімінің грантын иеленіп отыр.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».