Қазақ халқы өз мәдениет тарихында ұлы оқиғалар мен әйгілі есімдерді, тарихи тұлғаларды ешқашан естен шығарған емес. Олар жайлы ел аузында аңыз-әңгімелер, көптеген деректер қалып отырған. Өмір шындығын, қоғам шындығын айқын танытуда көркем әдебиеттің орны айрықша. Тарихи тақырыпта ой қозғап, қазақ елінің, қазақ ұлтының әр ғасырда әрқилы тағдыр кешкен ақтаңдақ, біртуар тұлғалардың ел тарихындағы орнына баға берген, олардың күрделі бейнесін көркемдік тұрғыдан жинақтаған қаламгерлер қазақ прозасы мен поэзиясын жаңа қырынан танытты.
Қазақ халқы өз мәдениет тарихында ұлы оқиғалар мен әйгілі есімдерді, тарихи тұлғаларды ешқашан естен шығарған емес. Олар жайлы ел аузында аңыз-әңгімелер, көптеген деректер қалып отырған. Өмір шындығын, қоғам шындығын айқын танытуда көркем әдебиеттің орны айрықша. Тарихи тақырыпта ой қозғап, қазақ елінің, қазақ ұлтының әр ғасырда әрқилы тағдыр кешкен ақтаңдақ, біртуар тұлғалардың ел тарихындағы орнына баға берген, олардың күрделі бейнесін көркемдік тұрғыдан жинақтаған қаламгерлер қазақ прозасы мен поэзиясын жаңа қырынан танытты.
Көркем шығармаларға өзек болған сондай тұлғалардың бірегейі – Иманжүсіп Құтпанұлы (1863-1931). Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Иманжүсіп – көз жетер жердегі аса бір әйгілі де асқақ тұлға. Ол бүтін болмысымен аса зерделі суреткер, композитор, ұлы әнші-сазгер. Өзінің бітім табиғаты бойынша – нағыз дала көкжалы. Ол мүлде қайталанбас, қатардағы екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке барып, адамдардың жүрегінен күні бүгінге дейін кетпейтін аңызға айналды. Ол өзінің адамгершілік айбынымен, кез келген астамшылық, үстемдікке бас ұрмайтын мінезімен, қалың әлеуметке тізесі батқан кесір-кесапат атаулының қандайына да қасқайып қарсы шығатын қасиетімен әлі талай келер ұрпақтың өкілдерін тамсантатын болады», – деп баға берген Иманжүсіптің кім екенін, шығармашылық мұрасын, дүниетанымын түсіну үшін оның өмір жолына, заманының хал-ахуалына, жүрген ортасына назар аударған жөн.
«Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да,
Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!» –
дегендей, ол халқым деп өмір сүрген, ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, дарын иесі. Тағы бірде Әбіш Кекілбаев Иманжүсіптің талантына бас ие отырып: «...Бір өкінішті жай сол, осындай айрықша бітімді ерекше тұлға біздің әдебиетімізде, өнерде өзінің лайықты, көркем бейнесін тауып, тарихшыларымыздың әділ бағасын ала алмай келеді», десе, академик Ахмет Жұбанов: «Иманжүсіптің бар тарихы архивте жатыр. Әлбетте, көп сөз ел ішінде әлі бар. Соларды жинау керек. Иманжүсіптің де күні туады әлі», деп көрегендік танытады.
Қазақ тарихы мен өнерінің бастау қайнарында тұрған сал-серілердің, ірі талант иелерінің бәріне ортақ қасиет – көп қырлылық. Балуан Шолақ, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай сынды өр мінезді өнер саңлақтарының Иманжүсіп өмірі мен өнерінде сабақтастық, үндестік байқалады. Осы тұлғаларға қатысты жазылған шығармалар соның айғағы.
Иманжүсіпке қатысты көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеу еңбектерінің авторы Оразбек Сәрсенбай былай дейді: «Саналы ғұмырында тағдырдың теперішін көп көрген Иманжүсіп күрескерлік өр үнін әндерінде танытады. Еркін жарық дүниені көруге зар болған Иманжүсіп сонда:
«Күнім қайда баяғы таңдай атқан,
Қараөткелдің көшесін дабырлатқан.
Бидайықтай ілуші ем аққу, қазды,
Жарғанат болғаным ба бұғып жатқан?» – деп, ...сұрапыл қайрат иесі Иманжүсіп зорлықшылардың өзіне күш көрсетуден тайынбаған. Мұрағат деректерінде оны жөнге салуға келгендердің талайы оңбай таяқ жеп, жарақаттанғаны айтылады. Оны ноян серінің өзі де жасырмайды.
Тумай жатып өш болды маған болыс,
Аударылды сол үшін талай қоныс.
Сатырлатып сабаушы ем, шеттерінен,
Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс!..».
Иманжүсіп өмірінің, қайсар ерлігі мен тума талантының ең тартымды да тағылымды тобы поэзиялық жанрдағы көркем шығармаларда жасалған. Өлең, арнау, поэма үлгісінде жазылған шығармаларда Иманжүсіп Құтпанұлының алуан түрлі қасиеттері, ол өмір сүрген заман шындығы қамтылады. Оларды тұтастай алғанда, Иманжүсіп өмірінің көркем шежіресі деп сипаттауға болады. Батырдың шежіресін тарататын сондай шығармалардың бірі – Мәнсүр Бекежановтың «Иманжүсіпке хат» дастаны.
Сегіз қырлы, бір сырлы өнер тарланы Жаяу Мұса Иманжүсіппен дос болған, оған өлең де арнаған.
Бүгінгі ақиық ақын Мұзафар Әлімбаев та «Қайсар» атты поэмасына желі етіп Иманжүсіп өмірін алған.
Ал дара дарын Кеңшілік Мырзабеков «Иманжүсіп» поэмасында оны батырлық қырынан танытады. Бір шумағын оқып көрелік:
«Тік қарап, тура қарап, тік сөйлеген,
Жан емес бүгежектеп, бүкшеңдеген.
Даланың серісі еді білмейтұғын,
Не нәрсе басына іс түсті деген», деп келетін төрт жолда жанды сурет менмұндалап тұр.
Күрескер тұлғаға арналған жырлардың да шоқтығы биік. Бұл сөзімізге дәлел – Ғалым Жайлыбайдың «Қараөткелдің бауырында қалың шұбар» атты өлеңі. Сол секілді Қасымхан Бегімановтің «Ақын ағаға сыры» Иманжүсіп рухымен тілдестіреді.
Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі – Серік Тұрғынбектің «Иманжүсіптің монологы» – Иманжүсіпке арналған өлеңдердің ішіндегі бірегейі. Монолог үлгісінде жазылған. Қазақ тарихындағы шоқтығы биік тұлға бейнесін сөзбен сомдайды. Сәкен Сейфуллин мен Иманжүсіп Құтпанұлының арасында болған достық, сыйластықты:
«Түп-түгел ауылының мал мен басы,
Бар ептеп баяғыдан қалған кәсіп.
Дүниені дүрліктірген
Сол Имекең
Бұл күнде Сейфолланың жан жолдасы», –
деп ой өрбітеді. Көкшелік ақын, манасшы-жыршы Баянғали Әлімжановтың «Балуан Шолақ пен Иманжүсіп» өлеңі К.Мырзабековтің «Иманжүсіп» поэмасы, С.Тұрғынбектің «Сәкен мен Иманжүсіп» атты туындыларымен үндес шығарма. «Азаттығын алтынға айырбастамайтын Ерейменнің еренінің» батырлығы жайлы ой толғай отырып, «жақсылықты жақтырған, жамандықты жат қылған», ерлігі асқан Балуан Шолақ пен «бетпе-бет келгенді аттан жұлып алып, жыраға бүктеп-бүктеп бір-ақ тыққан» Иманжүсіп батырдың кездесуі жайлы сөз етеді.
Көрнекті қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза: «Жалған дүниеден із-түзсіз кеткен жаман. Өмірде қанша зор болсаң да, артыңда іздерің, сұрарың қалмаса қор боласың. Иманжүсіп – Балуан Шолақ, Қажымұқан есімдерімен қатар тұратын қасиетті халық мақтанышы. Ұлт намысының үлгісі. Қазіргі, бізден кейінгі ұрпақ бұл есімдерді ардақтай білсе, халқымыздың мерейі өсе түспек. Ел үшін, теңдік үшін, бостандық үшін жанпида болған ерлер алдында халық қарыздар. Оның өтемі: ерлер есімін өшірмеу», деп баға берген батыр есімінің қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы орны ерекше. Дара тұлғалардың есімін әйгілеп, асқақтату, насихаттау – ұрпақтық парыз.
Иманжүсіп бойынан батырларға тән қасиеттерді танып білеміз. Елінің бүтіндігі, тыныштығы мен тәуелсіздігі үшін, әділеттілік үшін шайқасқан. Қазір біз тәуелсіздіктің ақ таңында бейбіт күн кешіп жатырмыз. Ол үшін Иманжүсіптей аруақты ерлер мен батыр бабаларымызға қарыздармыз. Жас буын, бүгінгі жастар Иманжүсіптей сегіз қырлы, бір сырлы қасиетті бір бойына сіңіріп өссе, ел тәуелсіздігі мен ұлт айбыны асқақтай түсері сөзсіз.
Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ халқының бостандық алуы жолында өзіндік үлес қосқан азамат. Оның келер ұрпаққа қалдырған мұрасы да жетерлік. Тек оны әлде де зерттей түсу қажет. Жас ұрпақ осынау тұлғаны пір тұтып, өмірлік идеалына айналдырса, қазақ деген халықтың өсер тұғыры содан бастау алуға тиіс. Ел-жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өмірін қиған «нағыз дала көкжалы» Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты телегей-теңіз мәселені толығымен зерттеп, игеру, жас буын өкілдеріне насихаттау – алдағы күннің еншісінде.
Раушан КӨШЕНОВА.