Қостанай облысының ПД бастығы Бекет Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде өңірде орын алған резонанстық қылмыстарды ашу және тергеу барысы туралы айтып берді, – деп хабарлайды Egemen.kz
Соның бірі – өткен жылы өңірде орын алған банк қызметкерінің қылмысы болып табылады. Ведомство басшысы істің мән-жайын еске салды. Оқиға 2019 жылғы 11 қарашада Жітіқара қаласында орын алған. Банк қызметкері өзінің жеке шотына 87 миллион теңгеден астам қаржы аударып, бірден ҚР аумағынан қашып кеткен.
Ол 2019 жылдың қараша айында Челябинск қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта бұл қылмыс бойынша тергеу аяқталуға жақын және қылмыстық іс таяу күндері сотқа жіберіледі. Сосын процеске қатысушылар іс материалдарымен танысады. Бекет Аймағамбетов негізгі тергеу әрекеттерінің Ресей Федерациясының аумағында пандемия кезінде жүргізілгенін хабарлады. Ол үшін Қазақстан Премьер-Министрінің кабинеті арқылы РФ құзыретті органдарына құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық тапсырма жолданған және РФ құқық қорғау органдары тарапынан толық қолдау көрсетілген.
Бұл қылмыстық іс материалдарына тіркелген заттай айғақтарды алуға мүмкіндік берді. Ұрланған ақша банкке қайтарылды.