• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Желтоқсан, 2020

Жаңатаста 180 пәтерлі екі тұрғын үй қолданысқа берілді

396 рет
көрсетілді

Жамбыл облысы Жаңатас қаласында көптен бері жарамсыз, бос-қаңырап тұрған 180 пәтерлі көпқабатты екі үй қайта жаңғыртудан өтіп, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Пәтер кілттеріне ие болғандардың басым бөлігі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасылар. Жыл санап дамып келе жатқан Жаңатас қаласындағы тұрғын үй мәселесі оң тұрғыда шешіліп келеді. Бұл туралы қоныс тойдың салтанатты жиынында құттықтау сөз алған Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов айтты.

"Бүгінге дейін Жаңатас қаласында тұрғын үй кезегінде — 1789 азамат тізімде тұрған еді десек, бұл тізім Тәуелсіздік күні қарсаңында қысқара түсті. Өйткені бүгін Жаңатас қаласында көпқабатты екі үй қайта жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Десек те, жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейіп келеді. Тиісінше, тұрғын үй кезегіндегілер саны да арта түсуде. Осы мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда", деді аудан әкімі.

Айта кетейік, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында қаланың екінші шағын ауданындағы №24, №26 үйлер қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріліп отыр. Соның нәтижесінде ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған азаматтар бүгін жаңа пәтерге ие болды. Пәтер кілттерін табыстау салтанаты барлық санитарлық сақтық шараларын ұстана отырып өтті. Үйлі болғандардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – төрт бөлмелі пәтерге ие болған көпбалалы ана Айда Ақылбекова. Ол бірнеше жылдан бері сегіз ұл-қызымен пәтер жалдап тұрып келген.

"Міне, көптен бергі арманымыз бүгін орындалып отыр. Мерекеге орай бұл тамаша тарту болды", дейді ол.