Брекситтің аяқталуына санаулы күн қалды. Осы жылдың 31 желтоқсанында ресми түрде Ұлыбритания Еуропалық одақтың құрамынан шығады. Әйтсе де, екіжақты құжат мәселесі шешілер емес. Брюссельдегі шенеуніктер де, Тұманды Альбионның басшылары да Брексит келісімісіз аяқталуы мүмкін екенін айтып отыр.
Таяуда ғана Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон министрлер кабинетіне тапсырма беріп, Брексит келісімісіз аяқталуына әзірлене беруді тапсырды. Оның пайымдауынша, Ұлыбритания Еуропалық одақтың «құрсауында» қалмауы тиіс. Алайда ел парламентінің бірқатар өкілі мәселенің шешімін табуды сұрады.
Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Лейенмен үш сағат бойы келіссөздер жүргізген Б.Джонсон одақ құрамындағы елдердің басшыларымен жеке-дара сөйлесетінін де жеткізді. Премьер-министрдің айтуынша, Еуропалық одақ ұсынып отырған келісім Тұманды Альбионның мүддесіне сай келмейді.
«Келісім егіздерге арналып жасалғандай: Ұлыбритания бір сыңары болса, ЕО екінші сыңары. Мысалы, егер Еуропалық одақ шаш алдырса, Ұлыбритания да шаш алдыруы керек. Әйтпесе, таяқ жейді. Немесе Еуропалық одақ қымбат сөмке сатып алса, Ұлыбритания да сатып алуға міндетті. Әйтпесе, салық төлеуі тиіс», деді Б.Джонсон.
Премьер-министр мұндай келісімге қол қоймайтынын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, Брюссель шенеуніктері осы қадам арқылы Тұманды Альбионды уысынан шығармақ емес.
Борис мырзаны асау аттай тулатқан Брексит жыры басталғалы бірнеше жыл өтті. Соған қарамастан, мәселенің екі тарапқа да оңтайлы шешілетін түрі көрінбейді. Қарт құрлық пен ағылшындарды әуре-сарсаңға салған келісімнің тамыры тереңде жатыр.
Ұлыбритания Еуропалық одақ құрамына сонау 1972 жылы енген-тұғын. Содан бері Тұманды Альбионда ұйымның пайдасы мен зияны туралы әңгіме әрдайым айтылып келеді. Елде 1975 жылы Еуропалық одақта қалу-қалмау туралы референдум өтіп, қатысқандардың 67 пайызы қарт құрлықпен бірге болуды қолдап дауыс берді. Әйтсе де, ұйымның тиімсіздігі жөніндегі әңгіме жиі сөз болатын. 2013 жылы осы мәселеге біржола нүкте қою үшін сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон Еуропалық одаққа қатысты референдум өтетінін мәлімдеді. 2016 жылғы 23 маусымда Ұлыбритания халқы дауыс беріп, «Еуропалық одақтан шығуды» қолдайтындар 52 пайызбен жеңіске жетті.
Халықтың қарт құрлықтан бас тартпайтынына сенімді болған Кэмерон мырза референдумнан соң қызметінен кетті. Бірақ содан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де Брекситпен басы қатып, ақыры орынтағын босатты. Борис Джонсон кезектен тыс сайлауда премьер-министрлікке сайланып, Брексит мәселесіне нүкте қоюға уәде берген. Бірақ Еуропалық одақпен ымыраға келу оған да оңайға соқпай тұр.
Ұлыбритания Еуропалық одақпен қоштасу үшін көптеген келісімді қайта қарап, өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуға тиіс. Мәселен, Еуроодақтан шыққаннан кейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара, сауда-экономикалық қатынас секілді мәселелер Еуропа саясаткерлерінің де, Даунинг стриттің де әбден басын қатырды.
Қазіргі таңда Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі шешілген жоқ. Өйткені алғашқысы – одақ құрамындағы тәуелсіз мемлекет, кейінгісі Ұлыбританияның әкімшілік аймағы ғана. Бірақ екі елдің арасындағы шекара құжат жүзінде ғана. Әйтпесе, халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан! Мысалы, дәл шекарада орналасқан елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам бар. Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр. Тұманды Альбионда мұндай елді мекендер жетіп-артылады. Яғни Ұлыбритания қарт құрлықтың есігін жапқаннан кейін, мұндай ауылдардағы жағдай қалай болмақ?
Ұлыбританияның Еуропалық одаққа 1972 жылдан бері мүше екенін жоғарыда айттық. Содан бері сауда-экономикалық қарым-қатынас күшейіп, тым күрделенгені соншалық, қазір солардың түйінін жеке-жеке тарқатуға тура келеді. Мысалы, Шенген аймағына кіретін елдердің азаматтары Тұманды Альбионға емін-еркін кіріп шығады. Сол секілді ағылшындар да Шенген аймағына кіретін елдерге барғанда қосымша құжат тапсырып, тексеруден өтпейді. Сол секілді екі жақтың ұшақтары да емін-еркін ұшып жүр. Бірақ Брексит келісімсіз аяқталса, бәрі өзгермек. Алдын ала келісім бойынша келер жылдың алғашқы алты айында әуе компаниялары қызметін жалғастыра бермек. Әйтсе де, осы мерзім ішінде олар ұшып-қонуға қатысты құжаттарды Еуропалық одақтың ережесіне сай ресімдеуі керек. Яғни бұл EasyJet, Ryanair және British Airways компаниялары үшін оңайға соқпайтыны анық.
Оған қоса, тас жолмен тасымалданатын жүк тасымалы да зиян шекпек. Бүгінге дейін жүк көліктеріне еш шектеу қойылмаған-ды. Енді Еуропадан тауар таситындардың саны азаяды. Ұлыбританияның осы салаға жауапты мекемесі 2021 жылы одаққа мүше емес елдерден келетін 2000 шопырға ғана рұқсат етпек. Ал ЕО тарапы 10 мың жүргізушіге рұқсат беруді сұрап отыр. Еуропалық комиссия ұсынған келісім жобасында жүргізушілер санын шектеу Ұлыбритания мен ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымына айтарлықтай кері әсер ететіні айтылған. Сондай-ақ автобус арқылы жолаушы тасымалы да айтарлықтай кедергілерге тап болады.
Брексит келісімсіз аяқталса, Ұлыбритания мен Еуропаны жалғап жатқан жерасты туннелі мүлдем жабылып қалуы мүмкін. Халық арасында Еуротуннель деп аталатын бұл темір жол байланысы Ла-Манш бұғазының астынан өтіп, Франция мен Англияны жалғап тұр. Осы туннельдің арқасында Парижден Лондонға дейін небәрі 2,5 сағатта баруға мүмкіндік бар. Оның құрылысы 1994 жылы аяқталған. Содан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді. Алда-жалда Брюссель мен Лондон мәмілеге келмесе, заманауи әлемнің жеті кереметінің бірі музейге айналмақ.
Айта кетерлігі, қазір туннельде ондаған шақырымға созылған жүк көліктерінің кептелісі пайда болған. Өйткені межелі мерзімге дейін жүгін жеткізуге асыққандар көп. Соның салдарынан туннельдің екі басында жүргізушілер сағаттап күтуге мәжбүр. Жергілікті биліктің айтуынша, әдетте күніне туннель арқылы 6000-ға жуық жүк көлігі өтеді. Бірақ кейінгі бірнеше күнде олардың саны 9000-нан асқан.
Еуротуннельде кептелістің салдары көлік өндірісіне зиянын тигізді. Honda мен Jaguar компаниялары машина жасауды уақытша тоқтата тұратынын мәлімдеді. Өйткені Еуропадан келетін кей жабдықтар кептелісте қалып кеткен.
Келісімсіз Брекситтен зиян шегетін тағы бір сала – балық аулау. Кім қай суларда балық аулауына рұқсаты бар, бұған дейін емін-еркін жүрген кемелер қайтпек? Мұның бәрі әлі де шешілмей тұр.
Сондай-ақ Тұманды Альбионда тұратын еуропалықтар мен қарт құрлықта қызмет істейтін ағылшындардың тағдыры қалай өзгереді? БҰҰ-ның халықаралық миграция жөніндегі деректеріне сүйенсек, бүгінде Еуропада өмір сүретін ағылшындардың саны 1,5 миллион. Ал Тұманды Альбионда еңбек етуді таңдаған еуропалықтардың саны 500 мыңнан асып жығылады.