Облыста 2008 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есеге көбейген
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев халық алдында есеп беріп, денсаулық сақтау саласына тоқталғанда мемлекет үшін адам денсаулығы өте қымбат қазына екеніне маңыз бере келіп, аймақ тұрғындарын туберкулез, жүрек-қан тамыры, онкология аурулары алаңдатып отырғанын ашық айтқан.
– Мәселе бар. Оны халықтан жасырмай айту қажет. Облыста 18526 адам өкпе ауруымен ауырады. Әрбір 57-ші адам ауру жұқтыру қаупі бар аймақта өмір сүріп отыр деуге болады. Мысалы, Қордай ауылында елуінші жылдары салынған ескі өкпе ауруханасы тура мектептің іргесіне орналасқан. Туберкулезбен аурудың алдын алудың пәрменді шаралары қажет. Сондай-ақ, ана мен бала өлімі алаңдатады. Облыста 2008 жылмен салыстырғанда, ана өлімі 2 есеге көбейген. Бұған жол беруге болмайды. Бұл – демографиялық мәселе. Сондықтан бұл салаға ерекше назар аударып, дәрігерлердің жауапкершілігі қатаң түрде қаралады, – деген облыс басшысы денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді жою үшін алдағы уақытта қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға дайын екенін жеткізген.
Әкім сөзін босқа шығындамапты. Есеп бергеннен кейін арада екі жарым ай өткенде, яғни күні кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы В. Овсянниковты қызметінен босатып, оның орнына отыз жеті жастағы Жандос Нәдіров деген азаматты тағайындады.
Жас басшы Алматыдан келді. Қазақтың мемлекеттік медициналық университетін “дәрігер педиатр” және Қазақ ұлттық педагогикалық университетін “маркетолог” мамандықтары бойынша бітіріпті. Алматы қалалық №1 балалар клиникалық ауруханасында дәрігер-хирург, Қазақ ұлттық медицина университетінің хирургиясы кафедрасының ассистенті, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет сапасын бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша бас маманы, Алматы қаласындағы Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтауды дамыту институтының автоматтандырылған бірыңғай орталығының жетекшісі, Алматы қалалық қан орталығының директоры қызметтерін атқарыпты.
Еңбек өтілінен көріп отырғандарыңыздай, аз уақытта біраз белестерден өткен. Айтпағымыз да осы, “жас келсе іске” дегендей, бір миллионнан астам халқы бар өңір тұрғындарының денсаулығына жауап беретін сала басшысының кім екенін, оның қандай қызметтік жолдан өткенін халық білсін деген әңгіме. Сонымен...
Өткен жылы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бюджет шығындары 22,0 млрд. теңгені құрапты. Бұл 2008 жылғы деңгейден 32 пайызға жоғары. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету – 16,8 млрд. теңгеге, яғни 32,3 пайызға өскен.
Сондай-ақ, өткен жылы “100 мектеп, 100 аурухана” жобасы шеңберінде құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын 4 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы (Төле би ауылындағы орталық аудандық аурухана, Аса ауылы мен Тараз қаласында емханалар және Тараз қаласындағы облыстық қан орталығы) жалғасын тапқан.
Облыстық бюджет қаражаты есебінен 481,9 млн. теңгеге аудандарда ауыл тұрғындарына бірінші медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау нысандарының, Т.Рысқұлов атындағы ауданның Құлан ауылындағы туберкулезге қарсы диспансердің және Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер үшін электр беру желісінің және трансформаторлық кіші стансасының құрылысы жүзеге асырылып, 13 медициналық пункт және 4 дәрігерлік амбулатория, туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға енгізіліпті.
Ауылдық жердегі ауруханаларда орналастырылған төсек саны 20-ға артып, облыс орталығындағы темір жол ауруханасында 50 төсекке мемлекеттік тапсырыс беріліпті. Облыстық ауруханада 20 төсекке арналған кардиохирургия бөлімшесі ашылып, қалалық емханада амбулаториялық хирургия орталығы ұйымдастырылған.
Денсаулық сақтау нысандарын сәйкестендіру мақсатында облыстық онкологиялық диспансері сәуле диагностикасының қазіргі заманғы аппараттарымен қайта жарақтандырылып, санитарлық авиация қызметінің нығайтылуы да көңіл қуантады.
Мінеки, облыста денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының аз емес екені осы мағлұматтардан анық көрініп тұр. Тіпті, жыл сайын көбейіп келе жатыр. Гәп – соны тиімді пайдалануда. Қыруар қаржының басқа мақсаттарға жұмсалып, талан-таражға ұшырамауын қадағалауда. Өйткені, “алмақтың да салмағы бар” дегендей, салаға бөлініп жатқан қаржының әрбір тиынының артында адам тағдыры, ана мен бала өмірі тұр. Бірақ соған қарамастан, осы саланы басқарған кейбір басшылардың халық денсаулығына деп мемлекет бөлген қыруар қаржыны бас пайдасына жаратып, қылмыстық жауапкершілікке тартылғандары да бар.
Сонымен бірге, кейбір дәрігерлердің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде кемшіліктерге жол беріп отырғандары өтірік емес. Салғырттық пен салақтық та көптеп кездеседі. Бұған Тараз, Жуалы, Меркі аудандарындағы ауруханаларда орын алған келеңсіз жәйттер мысал бола алады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.