• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Желтоқсан, 2020

Аты – қарапайым, заты – маңызды

715 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту мәселелері қаралды.

Бұл мәселе жайында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.

Өнім шығару өсіп келеді

Ұлттық экономика министрі Р.Дәле­новтің айтуынша, соңғы үш жылда дайын, өңделген өнім өндірісінің едәуір өсуі байқалады. Атап айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларында өнім шығару көлемі 2018 жылғы 8,9 трлн теңгеден 2019 жылы 10,1 трлн теңгеге дейін өскен. Биыл да 10 айда нақ­ты көлем индексі 104%-ды құрады. Дайын, өңделген өнімді шығару озық өсім көр­сетіп отыр. «Дайын, өңделген тауар­лар шығарылымының өсуіне байла­нысты импорт үлесі төмендеуде. Тұты­нуда қазақстандық тауарлар өн­ді­рісінің үлесі өсуде. Осылайша, 2020 жылы отандық өнім өндірісінің үлесі 2,5 па­йыздық тар­маққа өсті. Азық-тү­лік, құ­рылыс материал­дары, жеңіл өнер­­кәсіп өнімдері, жиһаз, машиналар мен жаб­дықтар өн­дірісі өсті. Соңғы 2 жыл­­­да өнімнің бір­қа­­тар түрі бойын­ша өсім екі мәнді көр­сеткіштерге, ал же­ке­ле­ген түрле­рі бойынша 1,5-2 есеге жет­ті. Биыл өнді­ріс­тің өсу қарқыны жал­­ғас­ты», деді Р.Дәленов.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру дайын, өңделген өнімнің өсуіне ықпал етеді. Осы жылы бағдарламаны жетілдіру бойынша бірқатар шара қабылданды.

Бірінші. Кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша берілетін мемлекеттік кепілдік мөлшері ұлғайтылды, кепілдік беру мерзімі 2 есе қысқартылды және агроөнеркәсіптік кешен өндірісі жобалары үшін кепілдік көзделді.

Екінші. Бағдарлама мерзімін 2021 жыл­дың соңына дейін ұзарта отырып, кре­диттеудің жалпы көлемі 1 трлн тең­ге­ге ұлғайтылды. Кредиттеуді ұлғайту үшін екінші деңгейдегі банктер лимиті арттырылды.

Үшінші. Кредиттеуді ұлғайту мақ­сатында экономикалық қызмет түрлері кеңейтілді, сондай-ақ «Қазақстан даму банкі» АҚ арқылы өңдеуші өндірістерді қаржыландыру ұлғайтылды. «Даму» қоры 509 жобаны субсидиялады. «Ең көп қаржыландырылған жобалар азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары мен металл бұйымдары, пластмасса, жиһаз және киім өндіру салаларында. Бағ­дарлама бойынша «Даму» қоры арқы­лы субсидияланған жобалардың кредит­тік портфелі 338,6 млрд теңгені құрай­ды. Кредиттік портфельдің негіз­гі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Қол­даумен қамтылған кәсіпорындарды монито­рингілеу нәтижесі оң динамиканы көрсетеді. Осы жылы бұл кәсіпорындар табысты және төленген салық көлемін сақтап қана қоймай, сәйкесінше арттырды», деді бұл жайында Ұлттық экономика министрі.

Биыл кредиттеудің барлық бағ­дар­­ламасы бойынша қаржылық қолдау көлемі айтарлықтай артты. Осы­лайша, қолдау көрсетілген кредиттік порт­фелінің сомасы 2 трлн теңгеге жетті және ол 34 мыңнан астам жобаны қамтиды. Жалпы, кре­диттеу бағдарламалары дайын отан­дық тауарларды өндіруді ынталандырып, макроэкономикалық оң ықпалын тигізді.

 Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен (ИИДМ, СИМ, ҰЭМ) және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп тұрақты негізде жергі­лікті қамтуды қолдау бойынша жұмыс жүргізеді. Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында төмендегідей шаралар қабылданды:

Біріншіден, ұлттық режімнен алып тастауды белгілеу бойынша Үкіметтің 2 қаулысы қабылданды. Олар: 1) авто, трансформаторлар және кабельдер; 2) жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз және цемент.

Екіншіден, көрсетілген позициялар алдын ала біліктілік іріктеу (АБІ) арқылы конкурс тәсілімен ғана сатып алынатын тауарлар тізбесіне енгізілді. Алдын ала біліктілік іріктеуінен өтудің негізгі критерийі – индустриялық серти­фикаттың болуы.

Үшіншіден, «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңда тапсырыс берушілердің техникалық ерекшеліктерде ұлттық стандарттарды көрсету міндеті белгіленді.

Төртіншіден, отандық тауар өнді­ру­шілер тізіліміне енгізілген құрылыс материалдарын пайдалануды көздейтін құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттар бекітілді.

«Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту барысында Парламенттегі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасында мынадай түзетулер анықталуда: Біріншіден, мемлекеттік сатып алуларда тауарларды кепілді сатып алуды, оффтейк-келісімшарттарды пайдалану. Екіншіден, ұлттық стандарттарға, Ин­дустриялық сертификаттарға және СТ-КЗ сертификаттарына байланыстыру арқы­­лы реттелетін сатып алудың барлық түр­­лері үшін бірыңғай кодификацияны пай­­далана отырып, Тауарлардың элек­трон­ды каталогын енгізу. Үшінші­ден, мем­лекеттік сатып алуларды толық ор­та­лық­тандыруға көшу. Бұл жергілік­ті қамту­ды арттыру мәселелерін орталық­тан рет­теуге мүмкіндік береді» деді Б.Шол­пан­құлов.

Бұл ретте аталған шаралардың ішінен отандық өндірушілерді қолдаудың ең тиімді механизмі ұлттық режімнен алып тастауды белгілеу екенін атап өт­кен жөн. Сондықтан бейінді министр­лік­тер­ге (ИИДМ, АШМ, СИМ) осы құрал­ды не­ғұрлым белсенді пайдалану ұсыны­лады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінде елімізде 994 жер қойнауын пайдаланушы тіркелді. 2019 жылдың қорытындысында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың сатып алу көлемі 7,7 трлн теңге болды. Жер­гі­лікті қамту үлесі 45%-ды құрады. «Биыл­ғы 9 айда қатты пайдалы қазба­лар­ды қоспағанда, бұл көрсеткіш 3,8 трлн теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесі 46,6% болды. Қазақстанның Дүние­жүзілік сауда ұйымына кіру шарттары бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпорындарға көрсетілетін преференцияларды кезең-кезеңмен алып тас­тау көзделген. Жер қойнауын пайдалану саласында тауарлардағы жергілікті қамту жөніндегі талаптар алып тасталады», деді Б.Атамқұлов.

Бұл ретте жұмыстар мен қызметтер бойынша жер қойнауын пайдалануға ар­налған келісімдердегі жергілікті қамту үлесі 50%-дан аспайтын болып белгіленеді. Дүниежүзілік сауда ұйы­мы алдындағы міндеттемелерді ескере отырып, ішкі нарықты одан әрі дамы­ту мақсатында отандық өндірісті қолдау жалғастырылады: 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік сатып алуда тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қыз­меттерді сатып алудың арнайы тәртібі, нормасы қолданылады. Оған 3400-ге жуық отандық кәсіпорын аккредиттелген; осы жылдың 30 қарашасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктері мен ірі мұнай-газ операторлары арасында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығын құру ниеті туралы келісімге қол қойылды. ұлттық режімнен алып тас­талатын атаулар тізбесін кеңейту жұмыстары жүзе­ге асырылуда. 2021 жы­лы мемлекеттік орган­дар, «Атамекен» ұлт­­тық кәсіпкер­лер палатасы мен жер қой­науын пайда­ла­нушылардың қаты­суы­­мен Қазақстан Рес­пуб­ликасында кәсіп­кер­лікті ынталан­дыруға арналған үш­жақты келісімдер жасау механизмі енгізіледі.

Уәкілетті органдар (ИИДМ, ҰЭМ), «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жер қойнауын пайдаланушылар арасында Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы енгізілетін үшжақты келісімдер ерікті негізде іске асырылады. Келісімде тауарлардағы жергілікті қамту бо­йынша міндеттемелер көрсетіледі. Жер қойнауын пайдаланушылар соның аясында тауарларды сатып алудың реттелетін тәртібі нормаларын қолданбай тауарлар сатып ала алады. Бұл шара тауарларды сатып алу мерзімін қысқартуға, сондай-ақ өнім берушіні таңдау кезінде шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді. Аталған ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске тиісті түзетулер енгізіледі. Қабылданып жатқан шаралар болашақта отандық өндірісті ынталандыру үшін жер қойнауын пайдаланушылармен келісімдер жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта «Өнеркә­сіптік саясат туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Заң жобасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп жатыр.

Премьер-Министрдің орынба­сары Роман Склярдың айтуынша, Жоба­лау кеңсесі бір жарым жылдан бері кә­сіп­керлік мәселелері бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын үнемі қадағалап, жетілдіріп келеді. Бағдарламаның инвестициялық бағытын ескере отырып, 2 254 жоба қолданыстағы өндірістік қуаттарды жаңарту және кеңейтуді, ал 332 жоба жаңа өндіріс орындарын құруды көздейді. «Барлық жобалар ең алдымен тұтынушылық тауарлардың импортын алмастыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жобалау кеңсесі өндірістік кәсіпорындарды қайта жүктеу, отандық өнімді тұтынуды арттыру мақсатында сатып алулардағы жергілікті қамту үлесінің артуына бақылау орнатқан. Осы жылдың 11 айындағы мәлімет бойынша әкімдіктердің көпшілігі осы жылға бекітілген KPI көрсеткіштеріне қол жеткізді», деді Р.Скляр. Оның айтуынша, келесі жылы жергілікті қамту үлесін 20%-ға ұлғайту жоспарлануда. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы бойынша жұмыс күшейтіледі.

 

«Қарапайым заттар экономикасы» тиімділігін көрсетті

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық өндірісті дамытудың инвестициялық құра­лы ретінде өзінің тиімділігін дәлел­деді. Осыған байланысты, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес Бағдар­ламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды» деді.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шараларын енгізуге қарамастан, «Қарапайым заттар экономикасы» аясындағы жобалар саны биылғы 10 қаңтардан 10 желтоқсанға дейін 2,5 еседен астам – 900-ден 2600-ге дейін ұлғайды, ал олардың сомасы 3,5 есе – 216 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. Аталған жобаларды іске асырудан жұмыс орындары санының болжамды өсуі шамамен 20 мыңды құрайды.

Бағдарлама аясында несиелендіруге арналған тауарлар мен қызметтер тізімі анықталды, қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме 8%-дан 6%-ға дейін төмендетілді, 2 жылға дейінгі пайыздық мөлшерлеме және негізгі қарыз бойынша жеңілдікті кезең енгізілді. Өткен жылмен салыстырғанда реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 2 есеге өсті, бұл 1,5 мыңнан астам отандық кәсіпорынды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Жергілікті қамтудың жоғары өсу қарқыны жеңіл өнеркәсіп өнімдерін 38%-дан 68%-ға дейін, жиһаз өнеркәсібі өнімдерін 39%-дан 71%-ға дейін, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін 41%-дан 74%-ға дейін, құрылыс материалдарын 34%-дан 71%-ға дейін сатып алуда байқалады.

Өңірлер бөлінісінде Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр (үлесінің орташа көрсеткіші 67%-дан 76%-ға дейін). Төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады, оларда кейбір салалар бойынша жергілікті қамту үлесі 24%-дан 43%-ға дейін өзгеріп отырады.

Үкімет басшысы бір ай мерзімде жаңа ынталандыруды, соның ішінде мемлекет тарапынан кепілдік мөлшерін ұлғайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына түзетулердің жетінші топтамасын әзірлеуді тапсырды. Премьер-Министр бағдарламаның барлық мақұлданған жобаларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Жақсы мысал ретінде Алматы қаласы, Жамбыл және Қостанай облыстары келтірілді. Сонымен қатар Қызылорда және Атырау облыстарында мақұлданған көптеген жоба әлі күнге дейін субсидияланбаған, жобалардың сомасы мен саны бойынша ең аз өсім байқалады.

Өңірлердің әкімдіктеріне экономика салаларындағы жергілікті қамту үлесінің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу ғана емес, сондай-ақ олардың белсенді өсуін қамтамасыз ету тапсырылды. Ол үшін жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың алаңын тиімді іске қосып, өңірлік бизнес пен негізгі тапсырыс берушілерді тарту керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктеріне жер қойнауын пайдаланушылардың жергі­лікті қамту бойынша ерікті міндет­темелер қабылдауын көздейтін заңна­малық түзетулерді әзірлеу міндеттелді. Осының негізінде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары жыл сайын 7 трлн теңгеге жетуі ықтимал.