Әйгілі France Football журналы биыл жылдың үздіктерін анықтайтын «Алтын доп» сыйлығын беруден бас тартқаны баршаға белгілі. Сөйтіп ФИФА жылдың мықтылары анықталмай қалмасын деп онлайн форматта The Best-2020 марапаттау рәсімін ұйымдастырды.
ФИФА құрамына енетін ұлттық құрама бас бапкерлері мен капитандарының, спорт журналистерінің дауыс беру қорытындысы бойынша Польша құрамасының және «Бавария» клубының шабуылшысы Роберт Левандовски 2020 жылдың ең үздік футболшысы атанды. Жылдың үздік бас бапкері деген атақ Юрген Клоппқа («Ливерпуль») бұйырса, Мануэль Нойер («Бавария») ең қырағы қақпашы атағын иеленді. Сонымен қатар Сон Хын Миннің «Бёрнли» қақпасына соққан голы жылдың ең әдемі голы деп танылды.
Ал 2020 жылдың шартты құрамасына мына футболшылар енді: Алиссон Беккер («Ливерпуль») – Трент Александер-Арнольд («Ливерпуль»), Виржил ван Дейк («Ливерпуль»), Серхио Рамос («Реал»), Альфонсо Дэвис («Бавария») – Йозуа Киммих («Бавария»), Кевин де Брюйне («Манчестер Сити»), Тиаго Алькантара («Ливерпуль») – Роберт Левандовски («Бавария»), Лионель Месси («Барселона») және Криштиану Роналду («Ювентус»).