• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Желтоқсан, 2020

Тас қалаушыны да «Қызыл кітаптан» іздеп жүрмейік

421 рет
көрсетілді

Қазақстанның еңбек нарығындағы кадр тапшылығы 148 500 адамды құрап отыр. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ресми мәлімет. Ал Қазақстан Құрылысшылар одағының зерттеуіне сүйенсек, еліміздің еңбек нарығында 630 мың адам жетіспейді.

Ресми мәлімет пен зерттеу нәти­же­сіндегі деректердің өзара үйлеспейтіні бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз – Қазақ­стан үшін кадр тапшылығының өзекті мәселеге айналғандығы. Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің пікірінше, аталған мәселені шешу ел экономикасындағы негізгі бағыттардың біріне айналуға тиіс. Әйтпесе, кадр тапшылығы салдарынан жыл сайын 1,4 трлн теңгеден қағылатын Қазақстан жағдайды одан әрі ушықтырып алуы ықтимал.

– Өндіріс – экономиканың қозғаушы күші. Бұл дегеніміз – еңбек ресурсы. Егер экономикада жұмыс күші жетіспесе, жүйеқұраушы салалардың бюджеттік түсімдері азаяды. Әлбетте, мәселені шешудің түрлі жолы бар. Осы кезге дейін кадр тапшылығын дәстүрлі әдістер арқылы шешу жайы қарастырылып келді. Яғни мамандықтардың беделін арттыру, техникалық мамандықтар факультеттерін құру, еңбекақыны арттыру секілді әдістер қолданылды. Алайда мұның бәрі біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмады, тиімсіздігін көрсетті, – дейді Талғат Ерғалиев Қазақстан Құры­лыс­шылар одағының қорытынды жиы­нында.

Мұның бірден-бір себебі адамдардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығы төмендеп барады. Бұл біздің елде ғана етек алған дүние емес, тұтас әлемде қалыптасқан ахуал. Өкі­нішке қарай, уақыт өткен сайын бұл жағ­дай қарқын алып барады. Адамдар физи­калық жұмысты қажет етпейтін, әлде­қайда жеңіл мамандықтарға ауысуда.

– Адам капиталы саласында зерттеу жүргізетін америкалық Korn Ferry компаниясының деректеріне сүйенсек, алдағы уақытта әлемдік экономикадағы кадр тапшылығы 85,2 млн адамды құрамақ. Демек, әлем экономикасы 8,5 трлн доллар көлеміндегі табыстан қағылады. Оның ішінде іргеміздегі Ресей 10 жылда 22,5 трлн рубльден айырылмақ. Бұл көрші мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің шамамен 19 пайызын құрайды. Ал Қазақстан экономикасы жыл сайын кадр тапшылығы салдарынан 1 трлн 453 млрд теңге жоғалтып отыр. Бұл ел бюджетінің 12,1 пайызына пара-пар қаржы. Ішкі жалпы өнім 180 млрд долларды құраса, онда алдағы 10 жылда жұмыс күшінің жетіспеушілігі­нен 14 трлн 535 млрд теңгеден қағыламыз. Бұл өте көп ақша. Мәселенің қаншалықты күрделі екенін де осыдан аңғаруға болады, – дейді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы.

Біз айтқан жүйеқұраушы салалардың қатарында құрылыс саласы да бар. Т.Ерғалиевтің дерегінше, аталған саладағы маман жетіспеушілігі салдарынан жылына 468 млрд теңге қолдан сусып кетіп отыр.

– Құрылыс компанияларын ұстап тұру үшін ай сайын жо­баның сметалық құнының кемін­де 1 пайызы жұмсалады. Басқаша айтсақ, айына бір шаршы метр үшін 2 600 теңге қажет. Мұны 2020 жылға жоспарланған жалпы құрылыс көлеміне көбейтеміз. Мәселен, биыл 15 млн шаршы метр құрылыс жүргізу жос­парланған. Ендеше құрылыс саласының жоғалтып отырған сомасы шамамен 468 млрд тең­ге­ге тең, – деп нақтылады ол.

Құрылысшылар одағы өзінің өңір­лік филиалдары арасын­да зерт­теу жүргізген екен. Оған құ­рылыс саласындағы 5 500 ком­­пания тартылған. Зерттеу қо­ры­тындысы бойынша Қазақ­станның құрылыс саласына 242 мың маманның жетіспейтіні белгілі болыпты. Т.Ерғалиевтің пікірінше, бұл – құрылыс сала­сын­дағы кадр тапшылығын нақ­ты көрсетіп отырған шынайы картина. Атап айтқанда, нарықта жетіс­пейтін мамандықтардың қата­рында кірпіш қалаушы, арматурашы-бетоншы, монолитші, электрик, кафель төсеуші, дә­не­керлеуші, прораб, сылақшы және тағы да басқа мамандықтар бар.

Одақ төрағасының айтуынша, тығырықтан шығудың бір­ден-бір жолы – көші-қон саясатын өзгерту. Яғни шетелдік жұ­мысшылардың Қазақстанға келу үдерісін жеңілдету керек.

– Бұл – әлемдік тәжірибе. Біз де осы жолды таңдауға тиіспіз. Сарапшылардың болжамынша, болашақта Германияда 5 млн маман, Ұлыбританияда – 3 млн, Ресейде – 3 млн, Фран­цияда – 1,5 млн, Оңтүстік Афри­ка Республикасында – 746,6 мың, Сауд Арабиясында – 662,5 мың, Нидерландта 548,5 мың маман жетіспейтін болады. Аталған мемлекеттер шетелдіктерді қабылдау үдерісін жеңілдеткен күннің өзінде осындай жағдаймен бетпе-бет келмек. Мәселен, Түркия жыл сайын 3,8 млн еңбек иммигрантын қабылдайды. Бұл елдегі жұмыссыздық 13 пайызға тең. Сол секілді Германия жыл сайын 1,5 млн еңбек иммигрантына жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр, – дейді одақ төрағасы.

Осы орайда Т.Ерғалиев Құ­ры­лыс­шылар одағы жүргізген зерттеудің қорытындыларын көпшілік назарына ұсынды.

– Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 6,6 млн жалдамалы қызметкер бар. Оның 1,8 млн-ы – мемле­кет­тік меке­мелердің қызмет­кер­лері, 350 мыңы – ұлттық холдинг­тердің жұмыс­шылары, 492 мыңы – күштік құрылымдарға тиесілі. Сондай-ақ ішкі істер орган­дарында 90 мың адам, мем­лекеттік қызметте 98 мың адам, әскери қызметте 132 мың адам жұмыс істейді. Ресей Фе­де­рация­сы Ішкі істер министр­лігі­нің мәліметінше, 2019 жылы Қазақ­станнан сол елге 114 мың адам көшіп келген. Оның тең жартысына Ресейде тұру­ға рұқсат берілсе, жарты­сы сол ел­дің азаматтығын алған. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің дере­гін­ше, 2019 жылы 31 мың адам Оңтүстік Кореяға кеткен. Жыл сайын 200 мың адам декреттік демалысқа кетеді, ал 100 мың адам зейнеткер атанады. Түптеп келгенде экономиканың нақты секторына үлес қоса алатын адам саны 3 млн 193 мыңды құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз есебінде 63 мың компанияға 148 500 кадрдың жетіспейтінін растады. Біздің зерттеу бойынша, кадрларға деген қажеттілік бір ұйымға 10 адамнан келеді. Яғни бізге 630 мың маман қажет. Ал елге келетін шетелдік жұмысшылар саны 29 мың адам ғана. Сонда 600 мың адамды қайдан аламыз? Сондықтан экономиканың нақты секторындағы ойыншылардың пікірі ескеріліп, дұрыс талдау жүргізілуі керек. Құзырлы мекемелер шынайы жағдайды көле­г­ейлеп отыр. Әлемдік тәжі­рибеге зер салғанымыз да дұрыс. Шетелдік жұмысшылар үшін көші-қон саясатын жеңілдету керек. Бұдан пайда көрмесек, зиян шекпейміз. Экономика нығаяды, бюджеттік түсімдер көбейеді, – дейді Т.Ерғалиев.

«Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС бас директоры Бауыржан Смаиловтың айтуынша, кадр тапшылығын, жалпы құрылыс саласындағы басқа да өзекті мәселелерді шешу үшін жеке министрлік құрылуы тиіс.

– Қазақстан Құрылысшылар одағы арнайы хартия қабылдады. Оны Үкіметке жолдаймыз. Құ­жат­­та құрылысшылар тарапынан бірнеше ұтымды ұсы­ныс ай­тылған. Бұл ретте, кадр тап­шылығы мәселесін де ескердік. Сонымен қатар құрылыс сала­сында өзін-өзі реттейтін ұйым­дар құру, қала құрылысы кодексін әзірлеп, қабылдау, құ­ры­лыс министрлігін құру се­кіл­ді ұсыныстар қамтылған. Иә, біз құрылысқа жауапты бөлек министрліктің болғанын құп­тай­мыз. Әзірше бізде комитет қана бар. Құрылыс – өте ауқым­ды сала. Сондықтан жеке министр­ліктің құрылғаны дұрыс. Құрылыс комитетінде екі департамент пен екі басқарма бар. Олар көп жағдайда жүктелген жұмысты атқаруға үлгермей жатады, – дейді Б.Смаилов.

Құрылыс нарығындағы белді ойыншылардың бірі «Service AIDA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарып отырған Уәлихан Нысанов та саладағы бірқатар мәселені атап өтті.   

– Заңнамаға өзгерістер енгізу үшін түрлі ұсыныстар білдіре­міз. Олар кем дегенде жарты жыл қаралады. Меніңше, Үкі­мет­пен өзара қарым-қатынас ор­нату стратегиясын қайта қарау қажет. Мемлекеттік реттеу­ден алыс­тап, нарықтық қаты­нас­тар фор­масына көшу керек. Бү­гінгі таңда басқарудың бар­лық тетігі мемлекеттің ғана қолын­да. Бұл жағдай нарықтық қатынастардың дамуына кедергі келтіреді. Өйткені, нарықтың өз заңдылығы бар. Ал біз заман ағымына сай жетілмейтін мемлекеттік бағдарламалармен жүруге мәжбүрміз. Қазір нарық тез өзгеріп, қайта құрылып жатады. Бағдарламалар сол күйі өзгермейді. Салдарынан құрылыс саласы нарыққа бейімделе алмайды. Құрылысшыларға қажетті дүниелер қазіргі бағдарламалар мен құралдарда көрініс таппаған, – дейді У.Нысанов.

Оның пікірінше, мемлекет жеке компанияларға басты бәсекелес атанып отыр.

– Әлбетте, мемлекетпен бәсе­ке­ге түсу мүмкін емес. Алай­да компаниялардың да жағ­дайын ескеру керек. Мәселен, мемле­кет тұрғын үй бағасын қымбат­тат­паудың тетіктерін қарас­ты­рады. Ал құрылыс материал­дары­ның бағасы күннен күнге шарықтап барады. Баспана баға­сы реттелгенде, құрылыс мате­риалдарының құнына неге шектеу қойылмайды? Көзқарасты түбегейлі өзгертпейінше, бұл жағдай да оңалмайды. Құрылыс компанияларының көбі тапсырысты мемлекеттен алып отыр. Келісімшартты уақытында орындамаған компаниялар мемлекет тарапынан қатаң жазаланады. Оның үстіне құрылыс саласына ұлттық валютаның құнсыздануы да кері әсер етеді, – дейді У.Нысанов.  

Құрылыс саласындағы кадр тапшылығы биыл ерекше сезілді. Өйткені, карантиндік шектеулерге байланысты Өзбекстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан секілді ел­дерден келетін арзан жұмыс күшінің тартылуына тыйым салынды. Отандық компания­лардың өкілдері Қазақстанның құрылыс нарығы соңғы жылдары Орталық Азия тұрғындары үшін аса тартымды болмай қалғанын алға тартуда. Демек, мәселеге мемлекеттік тұрғыдан мән беретін уақыт келген сыңайлы.