Жылдың соңғы айы мерекелік даталарға толы. Әсіресе бұл кезеңде пошта, курьерлік, сондай-ақ логистикалық қызметтерді ұсынатын компаниялардың жұмысы көбейеді. Өйткені сәлемдемелерді жөнелту мен мерекелік сыйлықтарды, хат-хабарларды жеткізу науқаны қарқын алып, тасымалдаушы ұйымдарда өндірістік процестер күшейе түседі. Алайда әлемдегі карантиндік шектеулердің салдарынан нарықтағы қатысушылардың жаңа талаптарға икемделуіне тура келді.
Ұлттық оператор халықаралық жөнелтімдерді жандандырмақ
«Қазпошта» АҚ халықаралық пошта жөнелтімдерінің транзитін жандандырмақ ниетте. Осыған байланысты таяуда ұлттық пошта операторы Ресей және Беларусияның пошта қызметтерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Әлемде қалыптасқан жағдайды ескеріп, бұл рәсім бейнеконференция режімінде қашықтан өткізілді. Тараптар логистикалық және ілеспе пошта қызметтерін қарастыратын халықаралық пошта жөнелтімдерінің (ХПЖ) транзитін қамтып, дамытуда ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестік байланысты арттыруды көздеп отыр.
«Бұл келісім ортақ саланы бірлесіп өркендетуде маңызды. Себебі жаңа үрдістер, атап айтқанда электронды коммерция бізден жұмысқа тың тәсілмен кірісуді талап етеді. Осы ретте аймақтағы ең ірі үш пошта операторы Азия мен Еуропа арасындағы ауқымды транзитті арттыру үшін күш біріктіреді», деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.
Үшжақты келісімде Азия – Еуропа, Еуропа – ЕАЭО елдері және оған іргелес нарықтар, сол секілді АҚШ – ЕАЭО елдері мен көршілес нарықтар бағытында халықаралық пошта жөнелтімдерінің транзитін ұйымдастыру мақсатында өнімдерді дайындап, іске қосу көзделген. Сонымен қоса тиісті уағдаластықтың аясында қатысушылар халықаралық пошта жөнелтімдерін өңдейтін бірыңғай технологияны және тарифтік саясатты әзірлемек.
«Осы келісімге отыру – бүгінде белсенді дамып жатқан транзит нарығында бірлескен өнімдерді арттыруда маңызды қадам. Тұтынушымыздың талғамы өзгерді. Онлайн режіміндегі қызметке жылдам ауысуға электронды коммерция саласындағы заманауи логистикалық қызметтер қажет. Сондықтан әріптестерімізбен бірігіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастырып келеміз», деді «Почта России» АҚ бас директоры Максим Акимов.
Аталған келісімде экономикалық мүдделердің, сондай-ақ әр органның басқару тәуелсіздігі сақталуының маңыздылығы қарастырылған. Арнайы жол картасы әзірленгеннен кейін пошта операторлары көзделген жұмыстарды іске асыруға кіріседі. Бұл құжат келер жылдың бірінші тоқсанында дайын болуы тиіс.
«Қазпошта» АҚ былтырғы қаржылық есебі бойынша компанияның ұзақ және қысқа мерзімді активтері 111 685 969 теңгені құрады. Меншікті капиталдың жиынтығы 40 813 175 теңгеге жетсе, ұзақ және қысқа мерзімді міндеттемелердің көлемі – 70 872 794 (2018 жылы 94 434 444 теңге) теңге. Биылғы қыркүйектегі жағдай бойынша ұлттық оператордың ұзақ және қысқа мерзімді активтері – (61 643 637/ 45 811 103 теңге) 108 454 740 теңге. Меншікті капиталдың жиынтығы – 38 608 180 теңге. Ұзақ және қысқа мерзімді міндеттемелердің көлемі – 69 846 560 (10 485 644/ 59 360 916 теңге) теңге.
Жаңа тариф сапаны арттыра ма?
10 қазаннан бастап «Қазпошта» жеке тұлғаларға арналған қаржылық қызметтерге байланысты жаңа тарифтерді енгізді. Бұл тарифтік кесте банк шотындағы операцияларды (ашу, жүргізу және жабу), кассалық және аударым процестерін, сол секілді брокерлік қызметтерді қамтиды. Кез келген қызметке қатысты тарифті қайта қарап, өзгерту уақыт өте жүретін үрдіс болған соң әдетте бұл нарықтық жағдайдың өзгеруімен, сонымен қоса операциялық тиімділікті арттырудағы корпоративтік талаптармен айқындалады деп түсіндіреді ұлттық пошта операторы.
«Мәселен, коммуналдық төлемнің түбіртегін өңдеуге байланысты тариф 4 жылдан бері өзгермеген. Сондықтан компанияның тікелей шығындарын қысқартып, операциялық шығындарды рентабельді деңгейге дейін теңестіру мақсатында қайта қарастырылды. Компания әлеуметтік жауапкершілік саясатын ұстана отырып, азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру туралы шешім қабылдады. Оларға қаржылық қызметтердің кейбір түрлері бойынша төлем мөлшері (атап айтқанда, коммуналдық төлем түбіртек құжатын өңдеу) 0 теңгені құрайды. Бұл санатқа соғыс ардагерлері, мүгедектер, еңбек ардагерлері жатады (зейнеткерлік куәлігін немесе жеке куәлігін көрсеткен кезде, сондай-ақ төлеушінің деректері коммуналдық түбіртекте көрсетілген деректермен сәйкес келген жағдайда)» делінген компания таратқан ақпаратта.
Салалық ұйымның 2027 жылға дейінгі дамыту стратегиясындағы басымдықтардың бірі – компанияны жаңғыртуда бірізділікті ұстану. Ұлттық пошта операторы бизнес-процестерді жетілдіруді және өндірістік өнімділікті арттыруға байланысты міндетті тұрақты түрде шешуді мақсат етіп отыр. Осы қызметтің негізінде өңірлердегі пошта бөлімшелері желісінің өндірістік, экономикалық және әлеуметтік тиімділігі бағаланатынын айта кеткен орынды.
Компанияның ақпаратына сүйенсек, соңғы жылдары жазбаша хат-хабарларды жөнелту мен мерзімді басылымдарды жеткізу көлемінің қысқару үрдісі байқалуда. Бұрын бұл қызметтердің ауылдық жерлерде сұранысы жоғары болып, өңірлік пошташылардың негізгі жұмысын құраған еді. Қазір жағдай түбегейлі өзгерсе керек. Әйтсе де Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 шілдедегі №44 «Пошта байланысының әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, пошта қызметімен қамту талаптары бойынша ауылды елді мекендерде кемінде 2 мың адамға бір стационарлық пошта бөлімшесі (немесе жиынтық ауылдық округ бойынша) қызмет көрсетуі тиіс.
«Қызметтер сұранысын бағалау нәтижелеріне сәйкес, сондай-ақ жоғарыдағы бұйрықтың талаптарына сүйене отырып, компания ерекше жағдайларда кейбір пошта бөлімшелерін біріктіруге, көшіруге немесе пошталық-логистикалық және қаржылық қызметтерді стационарлы форматтан жылжымалы қызметке ауыстыруға қатысты шешімді қайта қарауды қабылдайды. Белгілі бір бөлімшелердің жұмыс форматын немесе режімін толық жұмыс кестесінен қысқартылған уақытқа өзгертіп, компания «Қазпоштаның» қызметтер спектрі қайта қарауға жатпайтынын және оның клиенттерге толық, бұрынғы көлемде қолжетімді болып қалатынын хабарлайды. Бұған қоса қазір ауылдық бөлімшелерде көрсетілетін қызметтер пакетін кеңейту мәселесі пысықталып жатыр. 2021 жылы шалғайдағы аудандар мен ауыл халқы пошта бөлімшелерінде аса сұраныстағы мемлекеттік қызметтерді ала алады деп жоспарлануда», дейді компания өкілдері.
Жемқорлық тыйылмай тұр
Тұтастай «Қазпошта» бүгінде ауылды жерлердегі пошта қызметкерлеріне өндірістік қызметпен бірге еңбекақы мөлшерін кеңейтуге мүмкіндік беретін корпоративтік шешімдерді дайындап жатыр.
Алайда бұл квазимемлекеттік ұйымның қызметі көптің көңіліне бірдей жақпайды. Ұлттық пошта операторына қатысты проблемалық жағдайлар аз болған жоқ. Айталық, осыдан екі ай бұрын Екібастұздағы пошта бөлімшесінің басшысы 9,4 млн теңге көлеміндегі қаражатты ұрлады деп күдікке ілінген болатын.
«Аталған тұлға 9,4 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жеке тұлғалардың карта шоттарына аудару арқылы жымқырды деп күдікке ілінді, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр», деген еді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Өкініштісі сол, мұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де кездеседі. Жылдың басында «Қазпоштаның» Тараздағы филиалының бұрынғы басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс дерегі бойынша соттың шешімімен кінәлі деп танылып, оған 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл белгіленуімен қоса, өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластату үкімі тағайындалды. Ал көктемде Батыс Қазақстандағы компанияға қарасты пошта бөлімшесінің басшысы 37 млн теңге көлемінде ақшаны жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталған азамат арнайы бағдарламалық жасақтаманы пайдалану арқылы өзінің карта шотына заңды және жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын аударып, сол секілді сәлемдемелерді төлеуге арналған қаражатты иемденіп отырған. Бұл ретте клиенттерге бағдарламалық жасақтаманың ақауын алға тартып, түбіртектерді бермеудің жолын тапқан.
Бұдан бөлек қоғамның ашуына тиетіні – орталық басқарма басшылары мен қатардағы пошта операторларының жалақысындағы алшақтық.
«Компания топ менеджерлерінің айлығы 1 млн теңгеден асады. Пошта операторының ең төменгі еңбекақысы – 47 мыңның төңірегінде. Тіпті оны 50 мыңға көбейткеннің өзінде басшылықтың жалақысы 24 есеге көп», деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары.
Жемқорлық фактілерін ысырып қойғанның өзінде ұлттық оператордың қызметіне сын тағушылар аз емес. Жасыратыны жоқ, ақпараттық технология дәуірлеген заманда көпшілік жекелеген курьерлік және логистикалық компаниялардың қызметіне жүгінгенді құп көреді. Яндекс пен Glovo-дан бөлек, отандық нарықта Amazon компаниясының қызметіне сұраныс біртіндеп артып келеді. Сарапшылардың айтуынша, таяу болашақта «Қазпошта» корпоративтік стратегиясын заманауи үрдіске икемдей алмаса, ішкі нарықты шетелдік ойыншыларға беруіне мәжбүр болады.
Алпауыттар вакцина тасымалдауға дайындалуда
Отандық пошта қызметі хат-хабар мен сәлемдемелерді жөнелтумен әлек болып жатқанда, әлемдік алпауыттар пандемияға қарсы вакцинаны жеткізуді меңгеріп жатыр. Басқа-басқа, бірақ медициналық дәрі-дәрмекті жеткізудің өзіндік тәртібі бар.
Қазір әлемдік логистиканың алдында бұрын-соңды болмаған міндет тұр. Сала көшбасшысы германиялық Deutsche Post DHL компаниясының болжамынша, алдағы бір-екі жылда шамамен 10 млрд дозаны жеткізуді қамтамасыз ету керек. Қалай болғанда да Жер тұрғындарына қарағанда екпенің әлдеқайда көп болатыны күмәнсіз. DHL-дың есептеулері бойынша түрлі көлік құралдарымен 200 мың жүктабан (жүктің астына қойылатын ағаш табан) түпқоймасын тасымалдап, шамамен 15 мың әуе тасымалын жүзеге асыру қажет.
IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығы Жер шары бойынша вакциналарды тарату науқанын «Бұрын-соңды болмаған ірі кешенді логистикалық операция» деп бағалап отыр. Бұл ұйым әлем елдерінің үкіметтерін шекараларды ашып, әуе қатынасын қалпына келтіруге шақырды. Өйткені карантиндік шараларға байланысты рейстердің саны күрт төмендеді. Осының салдарынан әуе жүк тасымалының көлемі айтарлықтай шектеліп, жолаушылар ұшақтарымен ауқымды жүк жөнелтудің мүмкіндігі аз.
АҚШ-тың жетекші 7 авиакомпаниясы қарашада Конгреске «вакцинаны таратудағы логистикалық мәселені» шешу үшін қаржылай көмек көрсетуді талап етіп хат жолдады. Мәселе тасымалдаумен ғана шектелмейді. Неге десеңіз, вакциналарды ерекше жағдайда, атап айтқанда, төмен, тіпті өте төмен температурада жеткізу күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі.
«COVID-19-дың салдарынан қатты мұздатылған дәрі-дәрмектерді тасымалдаумен бетпе-бет келетін логистика саласы үшін өте күрделі міндет», дейді DHL компаниясының менеджері Томас Эльман.
Бұл ең алдымен германиялық BioNTech компаниясы мен оның америкалық серіктесі Pfizer-дің вакцинасына қатысты. Себебі оны минус 70 градус температурада сақтау керек. Аталған вакцинаны тосып отырған елдер аз емес. Сондықтан жоғарыдағы екі компания да Құрама Штаттарға шұғыл тіркелуге өтініш жіберіп, желтоқсанның соңында Америкада екпені салу науқаны басталуы әбден мүмкін. Еуропалық одақ осы дәрінің 300 млн дозасын жеткізу туралы келісімге қол қойса, АҚШ 600 млн дозаны алып үлгерді. Тұтастай алғанда, екі компания келесі жылы шамамен 1,3 млрд вакцинаны шығаруды жоспарлап отыр. Сол себепті логистикалық ұйымдардың алдағы тәжірибесінде аталған компаниялар ең күрделі клиенттердің бірі болуы мүмкін.
DHL бұл науқанға жаздан бері дайындала бастады. Өйткені компания клиникалық сынақтардан өтіп жатқан вакциналардың біреуін ерекше жағдайда тасымалдау қажет екенін дер кезінде түсінді. Бұған қыркүйекте McKinsey халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп жарияланған зерттеу дәлел. Онда температураға сезімтал дәрі-дәрмектерді тасымалдауды қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар қарастырылып, арнайы тоңазытқыштар мен термобокстарда вакциналардың 15 млн данасын жеткізу жөнінде айтылған.
Deutsche Post DHL мен швейцариялық Kühne + Nagel компаниясы COVID-19-ға қарсы вакциналарды тасымалдауға қатысты алғашқы келісімшарт жасағандарын хабарлап, бірақ толық мәліметті әзірге жарияламай отыр. Сол секілді бұл бағытта Құрама Штаттардан бөлек Еуропада да маңызды рөлді америкалық FedEx және UPS логистикалық компаниялары атқармақ.