Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палатаның жалпы отырысы болды. Жиын барысында сенаторлар жаңа мәтіндегі Экологиялық кодексті екі оқылымда қабылдады.
Президент пен Парламент назарына ұсынылып отырған петицияның ұйымдастырылуына астаналық Сымбат Құлжағарованың мезгілсіз қайтыс болуы түрткі болды. Марқұмның бұған дейінгі жанайқайынан хабардар көпшілік оны тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды деп санайды. Әлеуметтік желі арқылы басындағы жай-күйін жайып салған Сымбат күйеуінен зәбір көретінін, ажырасқысы келетінін жазған еді. Алайда жұдырық жұмсайтын жұбайынан құтылу оған оңайға соқпаған. Екі баласымен жібергісі келмейтін күйеуі оны қорқытып-үркітіп, тіпті психикалық ауруханаға да күштеп жатқызған. Онда бір аптадай болған Сымбат ақыл-есінің саулығын дәлелдеп, босап шыққан.
ғау органдарына арызданып, араша сұраған. Нәтижесінде, бұл мәселе бойынша іс қозғалып, жәбірленушіні қорғау туралы сот ұйғарымы шыққан. Бірақ бұдан да дұрыс қорытынды шықпай, жолдасымен ақылға келіп, түсінісе алмаған. Ақыры амалы құрыған Сымбат, өкінішке қарай, бұл тығырықтан өз өмірін қиып қана құтылды.
Содан кейін әлеуметтік желіде дүрліккен жұрт Сымбаттың өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етуде. Бұл арада көпшілікті шатастырып, дүдәмал ойға жетелейтіні марқұмның анасының күйеу баласын ақтап, қызында расында психикалық ауытқу болғанын алға тартуы болып отыр. Дегенмен мұнда бір кілтипан барын айтып, кінәлінің жазасыз қалмауын сұрағандар көбеюде. Соның бірі қоғам белсендісі, «Немолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Смайылова. Ол бұл мәселе бойынша осы уақытқа дейін іс қозғалғаны, күйеуінің қасақана оның денсаулығына зақым келтіргені, марқұмның әлеуметтік желі арқылы жанұшыра көмек сұрағаны туралы және басқа да көптеген айғақ барын айтып, Сымбаттың өліміне қатысты әділ тергеу жүргізілгенін табанды түрде талап етіп отыр. Талап етіп қана қоймай, қазақстандықтарды жоғарыда аталған петицияға қол қоюға шақыруда. Д.Смайылова күйеуінен қорлық көріп, сорлаған әйелдердің азаймауына заңның солқылдақтығын себеп қылады. Сондықтан петицияда ең алдымен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды күшейту керек екені туралы бастама көтеріліп, дәлелдемелерді жинау және психологиялық зорлық-зомбылық, экономикалық, діни зорлық-зомбылық, қудалау, қорқыту, бопсалау, отбасы мүшелеріне мәжбүрлеп несие рәсімдеу деректерін анықтау бойынша жедел шаралардың мемлекеттік стандартын әзірлеу ұсынылды.
Бұған белгілі заңгер Джохар Утебеков те әлеуметтік желіде қолдау көрсетіп, Үкімет заңды халықаралық стандарттармен сәйкестендіруге тиіс екенін айтты. Атап айтқанда, ол сот ісін жәбірленушінің арызынсыз ашу, полицияға айыпты тұлғаларды бірден бөлек шығарып, оларға қорғау нұсқамасын қолдану құзыретін беру, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін қамауға алуды міндетті ету, екі тараптың татуласуы себебінен істі жабу практикасын доғару, ескертуді физикалық зорлық-зомбылық пен қорғау нұсқамасын бұзу жағдайында қолданылатын жаза қатарынан шығару, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді бюджет есебінен психолог және адвокатпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді алға тартты.
Жалпы, бұл оқиға қоғамда үлкен қозғау салып, үнсіз қалғанды жөн көрмей, үйіндегі әлімжеттікті ашық айта бастағандар көбейе бастады. Бұл қатарда 26 жастағы қарағандылық келіншек Мадина Қалиева бар. «Біз жұрттың әңгімесіне қалудан қорқамыз. Мен де ұзақ уақыт үнсіз келдім. Сымбат Құлжағарованың оқиғасы болмаса, бұдан кейін де үнсіз қалар ма едім. Оның жанайқайы тиісті жерлерге жетпеді, тым кеш естіді. Мен мұндайға жол бергім келмейді» деп жазды ол. М.Қалиева соңғы бес жыл бойы жұбайынан зәбір көріп келген. Бірнеше рет кетіп қалғанымен, балалары үшін қайтып келген. Ата-енесі тарапынан да қолдау болмай, үнемі үрей құшағында өмір сүріп келген. Тіпті жүкті кезінде де жолдасының таяғының астында қалыпты. Қарашаның 17-іне Мадина төркініне кетіп, 18-іне ажырасуға өтініш берген. Екі кіші баласы жұбайымен қалды. Қазір ажырасу процесі жүріп жатыр екен, келесі сот отырысы 23 желтоқсанға жоспарланған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша биыл полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдарға қатысты 43 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін (ӘҚБтК 73-бабы) 13 мыңнан аса құқық бұзушы, оның ішінде денсаулыққа жеңіл зиян келтірген 6,5 мыңнан аса, ұрып-соққаны үшін 3,5 мыңнан аса адам, сондай-ақ қорғау нұсқамаларын бұзған 2 мыңнан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Отбасылық дау-жанжалдардың, кикілжіңдердің күрт көбеюіне пандемия да ықпалын тигізді. Қатаң карантин тәртібі енгізіліп, үйде оқшауланған отбасылардан «от шықты». Биыл жарты жылда отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың 21,3%-ға өскені байқалды. Осы кезеңде тұрмыстық деңгейде туындаған агрессия фактілері бойынша полицияға 20 мыңнан аса өтініш келіп түсті. Өзін өзі оқшаулау кезеңінде 8 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың жартысына жуығы қамауға алынды.
Қазір қоғам кез келген өзекті мәселеге сергек қарай бастады. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, қысым көрген азаматтар арнайы ұйымдарға, құқық қорғау органдарының сенім телефондарына жиі жүгінуде. Жәбірленушілерге көпшілік болып қолдау көрсетіп, тиісті шаралардың қабылдануына атсалысуда. Жоғарыда аталған петицияға бүгінде 83 мыңнан аса адам қол қойыпты. Халық үніне құлақ асуға басымдық беретін биліктің назарынан бұл мәселенің тыс қалмайтыны анық. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында онлайн петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет екенін атап өтті. Сондықтан алдағы уақытта петиция шешім қабылдауға заңды тұрғыдан нақты әсер ете алатын болады.