• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2010

ӨЗ ЖЕРІНДЕ ӨГЕЙСІТКЕНІ НЕСІ?

580 рет
көрсетілді

Байқоңыр мәселесі көптеген депутаттар сауалдарына арқау болып жүр. Әсіресе, бұл сол өңірден сайланған халық қалаулыларының аузынан жиі шығып жатушы еді. Бұл жолы Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан қаладағы білім беру ошақтарының мәселесіне қатысты сауалды солтүстікқазақ­стандық Жарасбай Сүлейменов көтерді. Депутат Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында осындағы 6 қазақ мектебінде оқитын алты мыңнан астам бала әлі күнге Ресей мемлекетінің бағдарламасы бойынша білім алуда екендігін алға тартқан-тын. Мысалы, бастауыш мектептің 2-сыныбына арналған “Бізді қоршаған әлем” деп аталатын оқулық Білім және ғылым ми­нистрлігі ұсынысымен Алматы­дағы “Просвещение-Қазақстан” баспасынан жарық көріпті. Кітап “Біз қайда тұрамыз?”, “Табиғат”, “Қала және ауыл өмірі” деген үш бөлімнен тұрады.  Депутат “біз қайда тұрамыз?” деген сұрақтың жауабын кітаптың 6-шы бетінен табуға боларын мең­зейді. Онда біздің қасиетті меке­німіз – Ресей деп жазылыпты. Оқушы осы беттен Ресей Феде­рациясының елтаңбасымен, жа­лауымен, әнұранымен танысады. “Әрі қарай парақтасаңыз, Сере­жа мен Надяның кейпіне еніп, Ресейдің тау-тасын аралап кете­сіз. Қазақстан туралы бір ауыз сөз жоқ. Басқа оқулықтар да дәл осындай, тұп-тура аудара салған. Бұған кімнің басы жеткенін бір Алла біледі. Біз Байқоңырмен бірге Ата Заңмен қорғалатын қазақтың өзінің ана сүтімен дарыған төл тілін де, білім алу құқығын да Ресейге жалға бер­ме­ген шығармыз. Олай болса, осындай сорақылыққа жол бе­р­ген Білім және ғылым минис­трлігі өз қателігін өзі неге жөндемейді?”, дейді Жарасбай Қабдоллаұлы. Депутаттың пайымынша, жағдайдың осылай қалыпта­суына Ресейдің еш кінәсі жоқ. 1998 жылғы 28 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылған “Қазақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы “Бай­қоңыр” ғарыш айлағын пайдала­нудың негізгі қағидалары мен шарттары туралы” келісімде мұндай жай қарастырылмапты. Байқоңырдағы мектептерде оқитындар – қазақ балалары, сабақ беретіндер де – қазақтар. Сондай-ақ, келісімде Байқоңыр ғарыш айлағының аумағында есеп айырысудың заңды төлем құралы тек Қазақстан Республи­касының ұлттық валютасы ғана болып табылады деп жазылған. Алайда бұл талап та орындалмай,   рубль теңгемен қатар қолданы­луда.  Сондықтан Ж.Сүлейменов осындағы Қазақстан Республи­касы азаматтарының консти­туциялық құқықтары қамтама­сыз етілуге тиіс дегенді өткір қойды. “Сізден, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, толғағы жеткен – Байқоңырдағы қазақ мектеп­терін Қазақстан бағдарламасына көшіру мәселесін түбегейлі ше­шуді, сондай-ақ, осында тұрып жатқан Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының құқықтарының мүлтіксіз қорғалуын қамтамасыз етуді сұраймын”, дейді – депутат өз сауалында. Осы мәселеге қатысты жа­қында Премьер-Министрден жауап хат келгені мәлім болды. Кәрім Мәсімов Байқоңыр қаласында жалпы білім беретін 14 мектепте   9 674 оқушы білім алып, 928 педагог қызмет атқара­тынын, осы мектептердің алтауы (5 027 оқушысы бар) қазақ ті­лін­де білім беретін мектептер (4 920-сы Қазақстан азаматтары, 107-сі Ресей азаматтары) және пе­даго­гикалық кадрлар 567 еке­нін келтіріпті. Қазіргі таңда 6 мек­теп Ресей тарабынан қаржы­лан­ды­ратын келісім аясында қыз­мет етері белгілі болды. 2007-2008 оқу жылында қазақ мектеп­те­рінің 1-сыныптарына кезең-кезеңмен Ресей Федерациясы­ның білім беру стандарты енгі­зіліп, бастауыш сыныптардың оқу жоспарлары бекітілген. “Оқу жоспарында 1-сыныптардағы “Ана тілі” (“Сауат ашу”), “Дү­ниетану” пәндері, 2-4-сынып­тардағы “Қазақ тілі мен әде­биеті”, “Дүниетану” пәндері Қа­зақстан Республикасының мем­лекеттік жалпыға міндетті стандартымен оқытылады. Қазір­гі кезде 1-3-сыныптар Ресей, қалған 4-11-сыныптар Қазақстан стандарты­мен оқиды”, депті Кәрім Қажым­қанұлы өз жауа­бында. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің 1-11-сыныпта­рында “Қазақ тілі”, “Қазақ әдебиеті”, “Қазақстан тарихы” және “Қазақстан геогра­фиясы” пәндері оқытылуға мін­детті. Осы ретте Премьер-Министр 2006 жылы Ресейдің 254 оқулығы 412 млн. теңге мөлше-ріндегі қара­жат­қа қазақ тіліне аударылғаны туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, мектеп бі­тірушілер республикалық бюджет есебінен Ақай ауылында салынған пункт­те ұлттық бірыңғай тестілеу­ден өтетін көрінеді. Соңғы кезде Қазақстан азаматтары санының артуына байланысты республи­калық бюджет есебінен 1200 орынға арналған “Мектеп-балабақша” кешені салынып, жуық маңда іске қосылмақ. Премьердің сөзінен белгілі болғанындай, Ресей Федерация­сының білім беру стандарты не­гізіндегі тақырыптар қазақстан­дық мазмұнға өзгертіліп, Қазақ­станның төл оқулықтарымен ауыстырып оқыту қарастыры­лыпты. Депутаттар бұл мәселеге қайта оралары, не оралмасы белгісіз. Белгілісі, депутат толғағы жеткен Байқоңырдағы қазақ мектептерін Қазақстан бағдарламасына көшіру мәселе­сін түбегейлі шешуді сұрап отыр. Әзірлеген Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.