IT-жобаларды шетелге ілгерілету үшін экспорттық инкубаторды Назарбаев Университетінің жанынан құру жоспарлануда. Бұл ұсынысты Елбасы академиясының өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасының «Сауда және логистика» командасының қатысушылары жасады.
Идея авторы – «NAC ANALYTICA» Назарбаев Университетінің аға ғылыми қызметкері Азат Айтуар. Оның пікірінше, компания құру кезінде әрбір IT-кәсіпкер экспорттың үлкен нарығына шығуды жоспарлауы керек. Егер жоба мен оның идеясы ерекше болса, онда бұл компанияның қысқа мерзімде дамуына көмектеседі. Өйткені IT-сектор өз мәні бойынша елеулі логистикалық шығындарды талап етпейді.
«Мемлекеттің экспорттық идеяларға бастапқы кезден бастап қолдау көрсетуі өте маңызды. Себебі өз ерекшелігіне ие жобалардың экспортқа шығу мүмкіндігі зор. Елдегі көптеген ірі компаниялар батыстық идеяны көшірді немесе жергілікті нарыққа бейімделген жобаларын дамытуды ұзақ уақыт жүргізген. Осы уақыт ішінде осындай идеяға ие шетелдік компаниялар ірі нарықта ауқымды үнемдеуге қол жеткізді. Ал біздің компаниялар баға немесе сапа жағынан олармен бәсекеге түсе алмайды», деді А.Айтуар.
– Жоспар бойынша «Экспорттық инкубатор» жобасы екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі, әлеуетті кәсіпкерлерге арналған онлайн-алаң құру. Мұнда идеяңызды талдауға қажет білім беріледі. Кәсіпкер жобасының қаншалықты тиімді екенін, қаншалықты орынды екенін анықтайды және нәтижесінде өзінің болашақ компаниясының экспорттық стратегиясын рәсімдейді. Екінші кезең – экспорттық инкубаторға қатысу үшін ең жақсы стратегияларды таңдау. Олардың негізінде біз бірегей, перспективалы идеяларды таңдап, оларды экспортқа шығару үшін қолдай аламыз, – деп атап өтті сарапшы.
Инкубатордың негізгі міндеті – кәсіпкерлерді экспорттық акселераторға – мемлекеттік қолдау бағдарламасына дайындау. Экспорттық инкубаторда оқуды аяқтағаннан кейін кәсіпкерлер өздерінің экспорттық стратегиясын аяқтайды және қай нарықта өз тауарына сұраныс болатынын, оған қандай бағамен кіру керек және өз тауарларын қалай орналастыру керегін біледі. Бұдан әрі экспорттық акселератордың жұмыс істеп тұрған бағдарламасында кәсіпкерге тауарлар мен қызметтерді шетелдік нарықтарға жылжытуда және әлеуетті серіктестермен және клиенттермен келісімшарттар жасасу үшін нысаналы нарықтарда кездесулер ұйымдастыруда көмек көрсетілетін болады.