Жаһанды жайлаған коронавирус індетінен сақтану әуелі әрбір адамның жеке жауапкершілігіне байланысты. Бұл орайда, дәрігерлердің жүгі ауыр. Соңғы кезде Жамбыл облысында коронавирус індетінің үдей түскені байқалуда. Әсіресе, облыс орталығы Тараз қаласында және Шу, Қордай, Меркі аудандарында қауіпті індеттің өршігені анықталды.
Қабылданған жедел шараларға қарамастан облыс аумағында коронавирустың 4 532 жағдайы тіркеліп отыр. Алайда инфекциялық стационардан 4 232 азамат сауығып шыққан болса, өкінішке қарай 61 науқас қайтыс болған. Ең бірінші кезекте адамның өмірі аса құнды екенін ескерсек, бұл аз шығын емес. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бір аптаның ішінде өңірде коронавирус індетін жұқтырудың 110 дерегі анықталыпты.
«Қазіргі таңда облыста коронавирус инфекциясына полимеразды тізбекті реакция жүргізу арқылы тестілеу 9 зертханада өткізіледі. Жалпы, облыс бойынша тәуліктік қуат 2 740-ты құрап отыр. Сонымен қатар инфекцияға полимеразды тізбекті реакция жүргізу арқылы тестілеудің көлемін ұлғайту мақсатында облыстағы емдеу, алдын алу ұйымдарында аптасына 9 мың тестілеу өткізу тапсырылды», дейді ол. Еліміздегі «Қызыл аймаққа» енген бірқатар облыс және қалалардағы ахуал бүгінде тұрақталып келеді. Бұл мәселе бойынша да тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілген. Алайда Жамбыл облысында төтенше жағдай режімі тоқтатылғаннан кейін, барлық карантин шаралары босаңсып кеткен. Шынында да қазір қала көшелерінен медициналық бетперде тағып жүрген адамдарды кездестіру қиын. Бұдан бөлек, адамдар көп шоғырланатын мейрамхана сияқты қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктердің жұмысы тағы бар. Салдарынан облыс орталығы мен бірқатар ауданда қайтадан індет өрши бастады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та бұл ретте мониторингтік топтардың жұмысының өте нашар екенін, тәртіпке бағынбағандарға қатаң жаза қолдану қажеттігін, қоғамдық көліктердің жұмысын да бақылауға алу керегін айтқан болатын. Шынында да, қазір қала ішінде жүріп жатқан қоғамдық көліктердің жұмысына реттілік керек болып тұр. Мәселен, жиырма орындық көлік болса, оған отыз, қырық шақты адам мініп алады. Бұл да қауіпті індеттің қайта өршуіне әкеліп соғуы мүмкін жағдайлар. Сонымен қатар өңірде соңғы айларда дезинфекция жұмыстары мүлдем ұмытылған. Жауапты мекеме басшыларының сөзіне сенсек, бәрі де сақадай-сай, керемет. Бірақ нақты іс жүзінде олай болмай отыр. Тапсырма берілгенімен, оның орындалуы ойдағыдай емес.
Бірқатар аудандармен қатар, Тараз қаласында да қауіпті індеттің қайта өрши бастағанын айттық. Бұл күнде облыс орталығының өзінде 300 мыңнан астам халық бар. Жуырда ғана Тараз қаласының әкімдігі шаһардағы қоғамдық орындарға рейд жүргізіп, індет жұқтыруы мүмкін бірқатар жағдайды анықтады. Мәселен, «Дәмдес» супермаркеті сияқты ірі сауда орындары мен өзге де дүкендердегі, «DISKOVERY», «Изюм» дәмді палау» сынды бірқатар тамақтану орындарында да даяшылардың келушілерге карантин талаптарын сақтамай қызмет көрсеткені анықталған. Келушілер де бұл талаптарды сақтамаған. Бұл ретте Тараз қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Рита Алтынбасованың айтуынша, жыл басынан бері қалада 1 990 адам індет жұқтырған. Соңғы кезде жағдай біршама тұрақталғанымен, қараша айынан бастап індет жұқтыру дерегі қайта өршіген. Коронавирус салдарынан соңғы екі аптаның өзінде Тараз қаласында 11 адам қайтыс болған. Сондықтан да жағдай күрделі болып тұр.
Енді жергілікті тұрғындардың көкейінде облыстағы карантин талаптары қайтадан күшейтіле ме деген сауалдың бар екені анық. Екі адамның басы қосылған жерде де осы мәселе талқыға түседі. Дегенмен, бір аптаның ішінде өңірде эпидемиялық жағдай тұрақталмаса, шектеу шаралары қайтадан күшейтілетін болады.
Жамбыл облысы