Елімізде қызметтік ғұмырын тұтастай бір салаға арнаған еңбек әулеттері аз емес. Айталық, энергетиктер әулеті Баядиловтердің жалпы еңбек тәжірибесі 94 жылды құрайды. Бұл уақыт аралығын Екібастұздағы Болат Нұржанов атындағы 1-МАЭС-тің өндірістік даму кезеңдерімен байланыстыруға болады. Бүгінде Қазақстандағы ең қуатты электростансаның өркендеуіне Баядиловтердің жас буыны үлес қосып жүр.
Алтынбек Баядилов 38 жыл ғұмырын еліміздегі энергетика саласының дамуына арнады. Ол еңбек жолын 1982 жылы Екібастұздағы Болат Нұржанов атындағы 1-МАЭС-те қараушы болып бастайды. Уақыт өте келе қараушы машинистің міндетін атқарып, энергоблок машинисі қызметіне дейін көтеріледі.
«Шамамен 40 жыл ғұмырым осы салада өрбіді. Балаларым Екібастұзда дүниеге келіп, өсті. Үлкен ұлым Қытайда тұрып жұмыс істесе, екінші балам өзімнің жолымды қуып энергетика саласында еңбек етіп жүр. Неліктен бұл саланы таңдадым? Ауылда өскен қазақпыз. Мектепті тәмамдап, қалаға келгенде оң-солымызды білмедік. Алайда техникалық мамандықтарға қандастарымыз көп бара бермейтін. Осы бір таптаурын түсінікті бұзып, энергетика саласын таңдауға бел будым. Таныстарым 1-МАЭС-ке баруға кеңес берді. Осылайша бұл кәсіпорында қызмет етудің сәті түсіп, сырттай оқып білімімді шыңдадым. Атап айтқанда, бұрынғы Целиноград, қазіргі Нұр-Сұлтан шаһарында кезінде бүкілодақтық энергетикалық техникумның бөлімшесі болатын. Сонда сырттай оқыдым», деді А.Баядилов.
Электроэнергетика саласы жоғары қауіппен байланысты болған соң өндіріс орындарында қатаң тәртіп сақтау қажет. Өйткені бұл мамандық қателікті кешірмейді.
«Екібастұздағы 1-МАЭС-те қуат мөлшері 4 мың мегаватты құрайды. Қазақстандағы ең үлкен электр стансаның бірі. Енді осыған қарап, жауапкершіліктің қандай болатынын бағамдай берсеңіз болады. Міндетіңді дұрыс атқармай, олқылыққа жол берсең оның салдарын ойлаудың өзі қорқынышты. Оның үстіне тәуліктік кезекшілікті атқаруға тура келеді», деді энергетика саласының ардагері.
Бүгінде ақпараттық технологиялар дамыған заманда энергетикалық нысандардың да жұмысы автоматтандырылып, өндіріс те ілгерілей түскенін айта кеткен орынды. Десек те бұл салада білікті мамандарға сұраныс әрқашан да жоғары.
«Кеңес одағы кезеңінде қондырғылар қазіргідей емес, басқаша болатын. Мысалы, ол кезде заманауи компьютерлер жоқ. Бірақ сол дәуірге сай аппараттармен қамтылып отырдық. Мұны да айта кеткен жөн. Қазір мүмкіндіктер көп. Бұл бағытта өркениетті елдердің тәжірибесіне жүгініп, озық технологияларды өндіріске енгізуге еш кедергі жоқ. Шетелде білім алып, отандық энергетиканы дамытуға үлес қосып жатқан жастардың қатары біртіндеп көбейіп жатқаны қуантады», деді А.Баядилов.
Энергетика ардагері қазір техникалық мамандықтарды меңгеріп жүрген қаракөздеріміздің қатары артқанына риза. Мәселен, Кеңес одағы кезеңінде кезекшілікте 30 қызметкер жұмыс істесе, соның небәрі екі-үшеуі ғана қазақ болатын.
«Тұтастай энергетика саласын алып қарасақ, аталған секторда Қазақстанның келешегі зор деп білемін. Өйткені осы бағытты дамыту үшін елімізде барлық ресурс бар. Жоғарыда айтқанымдай білімді, дарынды жастарымыз аз емес. Осы нарықтың көшбасшысына айналуға болады. Тек мамандардың жалақыларына көңіл бөліп, басқа да жеңілдіктерді қарастырған артық етпейді деп санаймын. Саланы дамыту жастардың қолында», деді кейіпкеріміз.
Білікті майталманның ұлы Рустам да әке жолын таңдап, бүгінде Болат Нұржанов атындағы 1-МАЭС-те табысты қызмет етіп жүр.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, бала кезден әкемнің мамандығына қызығатынмын. Ер жетіп, оқуды аяқтаған соң әулеттік жолды жалғастырамын деп шештім. Осылайша, 1-МАЭС-те ел қатарлы жұмыс істеп келеміз. Жалпы, еліміздің энергетикалық индустриясы оң жолға қойылғанын айта кеткен жөн. Десе де әлі жетілдіруді талап ететін тұстары бар. Қуантарлығы, басшылық біздің ұсыныстарымызға құлақ салады. Айтқандарымызды жерге тастамайды», деді Р.Баядилов.
Баядиловтер әулетінің энергетика саласындағы жалпы еңбек өтілі 94 жылды құрайды. Мәселен, Алтынбек ақсақал мен оның ұлынан бөлек, бұл мамандықты інісі Әлібек Баядилов пен оның қызы Айнұр да игерген екен. Демек, Тәуелсіз Қазақстанның электрэнергетикасын өркендетуге аталған әулеттің екінші буыны сүбелі үлесін қосып келеді.