• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Желтоқсан, 2020

Бауыржантанудың тұнығы мен тұңғиығы

1324 рет
көрсетілді

Журфакқа дейінгі тілшілік қызметін Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінен бастаған көсемсөзші-қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Бекет МОМЫНҚҰЛ көп жылдар бойы Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетін, «Қазақстан» РТРК Жамбыл облыстық филиалын басқарды. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесін», Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметтің «Қазақ қалай орыстанды?» атты ғылыми еңбегін орыс тіліне аударған. Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Ерлік жалғасады» (орыс тілінде) атты кітаптың авторы. Ол бұл күндері Тараздағы «Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығында» жемісті еңбек етіп келеді.

– Беке, көзіқарақты оқырман даңқ­ты қолбасшы Бауыржан Момыш­ұлы­ның өмірі мен әскери-әдеби сала­дағы өлшеусіз қызметі туралы он-сан том жа­зылғанынан хабардар. Оған ел аузын­­да жатталып қалған аңыз бен ақи­қат әңгімелерді қосыңыз. Немере ата­ңыз­дың өміріне байланысты өзіңіз қазір қыз­мет істеп жүрген орталықтан ел құла­ғын елең еткізерлік тың деректер тап­тыңыз ба?

– Бауыржан атамыз туралы жазылған әдеби һәм тарихи еңбектерден ел біл­мей­тін, халық құлағдар емес мәлімет табу қиын. Бірақ сол таныс оқиғалардың өзін­де де сараптап, жариялылықпен ашып ай­татын жайттар баршылық. Мәселен, Бауыржан атамыздың жалпыға мәлім тік мінезіне қатысты «ой, не дейсің, екеуара әң­г­і­мелескенді де көтере алмайды, ұр­са­ды екен» дегенге дейінгі айтылатын ауыз­екі әңгіме жетіп артылады, көп. «Ол кі­сі неге он­дай мінезін ашық көрсетті екен?» деген сауал мен ес біліп, етек жи­­ған, журналистика табалдырығын атта­ған алғашқы жылдардан бастап са­нам­­ды сілкіп тұратын. Бала кезден тіке­лей өзім куә болған, өзім араласқан қаймағы бұзылмаған қызықты сәттер көз алдымнан баяу сырғитын. Ауыл­ға атам келгенде қалайша асыр салып мойнына асылмаймыз, қалайша қуан­баймыз? Үй-іші бірнеше шабадан кон­фет­ке, түрлі-түрлі киім-кешекке толып кетер еді. Жалтыраған жеңіл мәшинесіне толарсақтан топырақ кешкен жалаңаяқ­пен ойнақтап барып отырып алатынымыз да есімде. Жекігенін, дауыс көтеріп «тек» дегенін де естімеппіз. Ендеше, бұл қалай болғаны? Халық батырының шынайы болмысына қатысты осыншама жыл жанымды жегідей кемірген сауалдың жауа­бын мен қазір тапқандаймын. Оған Бауыржан атамның өз қолымен жазған хаттары, құжаттары, анықтамалары, әдеби дүниелері, афоризмдері куә. Алтынға бергісіз қолымдағы алты папкінің ішінде штаб бастығы, полковник Иван Иванович Серебряковтың майдан даласында жазған стеног­раммалары да бар. Сарғайған парақ­тарды ақтарған сайын бұрын-соңды мен білмеген, мен естімеген оқи­ға­лар тізбектеліп шығып жатыр, шығып жатыр. Мәселен, 8-дивизияның штаб бастығы И.Серебряков 1942 жылдың тамызында Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Оның алдында, яғни 1941 жылдың қарашасында Иван Панфиловтың өзі батальон командиріне Кеңес Одағының ең жоғары марапаты – «Ленин» орденін беру керек деп кепілдеме жазған. Екі награда да иесін таппады. Мәскеу селт етпеген де. Неге? Серебряковтың тарихи стено­граммасын оқысаңыз, 1941 жылғы қарашаның 16-сы мен 24-і арасында өткен адам айтқысыз қанды шайқастан жаның түршігеді. 8-дивизияның күл-талқанын шығаруға Волоколамскіні бетке алып жолындағысын жайпап келе жатқан ең азулы неміс құрамасының ек­піні шын мәнін­де өте қатты болатын. Кескілескен бір бүйір­дегі шайқаста Бауыржан Момыш­ұлының батальоны қоршау­да қала­ды. Командирдің айласымен бой тасалай атысқан жауынгерлер арқа тұс­та­ғы үлкен күре жолға қарай шегінеді. Енді дәл осы арада батальон командирі Момыш­ұлының сары парақтағы жазбаларына көз салайық. «Арт жағымызға барлау жасасақ, күре тас жолдың үстінде Мәскеуге бет алған гитлершілердің негізгі күші – жер қайыстырған бронды техника, мо­тоатқыштар, көлік мінген қарақұрым әскер колоннасы бірнеше шақырымға созылып, селдей ағып бара жатыр екен». «Селдей ағып» дегенді екі қайталап жазыпты. Батальон командирінің өте тез шешіміне сай мысықтабандап ізіне түсіп келе жатқан жау жеткенше қолдағы сегіз зеңбірек пен сегіз станокты пулеметті дереу күре жолдағы «сел-колоннаға» қарата бұрып, «уралаған» күйі бүйірден соққы жасайды. Күтпеген шабуылдан жау тізбегі үзіліп, бауыржаншылар арғы беттегі жынысты ну орманға шайқаса жүріп өтіп үл­ге­реді. Ауыр жарақаттанғандарды бір­ге ала кетіп, бой тасалайды. Мұның ақы­­ры не болды деңіз? Осы шайқас Мәс­кеуге дауыл соққандай алапат екпін­мен бет алған жаудың жорығын екі тәу­лікке тоқтатып тастайды. Енді Сере­бря­ков­тың стенограммасындағы генерал Пан­филов­тың қолтаңбасымен танысып кө­ре­йік: «Бү­йірден тосын соққы күтпеген не­міс­тер абдырап, тоқтауға мәжбүр бол­ған. Бір сөзбен айтқанда, фашистер біздің дивизияның алдыңғы шептегі қорғаныс-бекінісімізді быт-шыт етіп талқандауға төніп қалған еді. Жаудың екпіні жоқ! Түсінсек бұйырмасын. Бұл қалай? Екі тәулікте есімізді жиып, еңсемізді көтеріп үлгердік. Сөйтсек, қоршауда қалып, ше­гініп келе жатқанына қарамастан, жау­дың ағылған колоннасына күтпеген жерден шайқас ашып, зәре-құтын қашыр­ған Бауыржан Момышұлының батальоны екен». Осы айрықша оқиғаны негіз­ге алып, құжаттаған генерал Иван Панфилов батальон командирінің ерлігі «Ленин» орденімен марапатталуға лайық деп ұсыныс жазады. Бауыржан Момышұлы­­­ның 41 мен 42-ші, одан 44-ші жылға дейінгі жасаған осындай көзсіз ерлік жорықтарын түгел жазған Серебряковтың стенографиялық құжаттары менің қолым­да сақтаулы тұр. Осы екі оқиға батырдың жүрегіне өшпес сызат салмады деп кім айтады? Батыр – шапса, балтаның жүзі өтпейтін ұлы державалық шовинизмнің құрбанына айналған.

– Баукең «Мені Черчилль, Аденауэр жақсы түсінер еді» деп ашынған екен. Кеңес Одағының сол тұстағы Бас қол­бас­шысы Сталинді меңзеп айтқан осы сөзі туралы Баукеңнің майдангер досы Дмитрий Снегиннің «Наш Баурджан» кітабынан оқығаным бар...

– Мәселе сонда ғой, ағылшын Чер­чилль де, германиялық канцлер Аде­науэр де жоғарыдағыдай өшпес ерлік жо­рықтарына шовинистік пиғылдың приз­ма­сынан қараудан ада болатын. Сталин басқарған жүйедегі тамыры тереңге жайыл­­ған кесел туралы бүгінгі ұрпақты тегі бы­лай қояйықшы, батырдың кешегі за­­мандастарының өзі біле де бермеген, көбі білмеген күйі дүниеден өтті. Бұл орай­да, тарихтың ішіне бүккен сыры өте көп.

– Бауыржан Момышұлына деген реакциялық ұлтшылдық көзқарас сталиндік-кеңестік өкіметтің бойын соғыстан да бұрынырақ меңдеп алған жоқ па екен деген ой туындайды кейде...

– 1936 жылы атақты «сталиндік Конституция» жарияланған соң бүкіл халықтық талқылау басталады. Ол кезде Бауыржан Момышұлы Қиыр Шығыста Кеңес Одағының Маршалы К.Блюхер басқаратын Ерекше жасақталған армияда қызмет ететін. 315-атқыштар полкінде өткен митингіде Конституцияға жаппай қолдау көрсетіліп, бір дауыс қалыс қалған. Қызыл Армияның 26 жастағы сардары Бауыржан Момышұлы: «Түрін-түсін көрмеген, өзім оқымаған Конституцияны қалайша қолдап дауыс беремін!» деген ғой. Сталиннің көзі тірі, көсемнің өзі қол қойған Конституцияға кеңес офицерінің көзқарасы осындай! Дивизия басшылығы аяғынан тік тұрады! Полктегі Санников есімді офицер өрескел оқиғаның бүге-шігесін қалдырмай дивизия басшылығына арыз-хат жазып үлгерген ғой. Бауыржан Момышұлының жеке жауынгерлік парақшасына еліміздің Конституциясын қолдамады деген саяси сенімсіздік білдіріліп, таңбаланады. Содан төтенше өткен айрықша талқылау жиналысында «Мен Кеңес Одағының азаматы ретінде Конституцияны оқып алған соң ғана өз пікірімді білдіруге тиіспін. Кеңес елінің әрбір еркін азаматы солай етуі тиіс» деген Бауыржан Момышұлы өзін толықтай ақтап шығады. Онысы дивизия коммунистерінен толық қолдау табады. Сол жиналыста жас қазақ офицерінің көзінше оны қаралау құжаттары жариялы түрде жеке кітапшасынан алынып тасталынып, офицер Санниковқа «домалақ» арызы үшін партиялық шара қолданылады. Қызығы алда... Кеңес Одағының Маршалы М.Захаровтың Бауыржан Момышұлына әскери академияны бітіріп қызметке аттанар сәтінде жазған мынадай кепілдемесі бар: «Өткен 30 жылдың ішінде дәл сіз­ге жазғандай өте әділ әрі өте жақсы мінез­деме ешкімге жазған емеспін. Сіз тама­ша со­ғыстыңыз, үздік оқыдыңыз, енді сізге тек бейбіт заманда дивизияны көр­нек­ті түрде басқарсын деген тілек айту ғана қалды». Соған қарамастан, КСРО Қорғаныс министрлігі кадрлар бас бас­қармасы бастығының орынбасары, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лей­­тенант Николай Бирюков (соғыстан кейін академияны Момышұлымен бірге оқып бітірген) «Жолдас гвардия пол­ковнигі, дәрежеңізге сай қызметке өте алмағаныңызды өкінішпен хабарлаймыз» дейді. Бас штаб Баукеңе қанымен, маңдай терімен жеңіп алған лайықты әскери лауа­зымынан екі саты төмен қызмет ұсын­ған екен. Бирюков жасырып-жаппайды. Гвардия полковнигінің алдына 1936 жылғы Момышұлының «сталиндік Конституцияға» қатысты саяси көзқарасы туралы жеке есеп кітапшасында тіркелген жазбаларды тастайды. Полк командирінің бұйрығымен, партия ұйымының шеші­мі­мен жеке есеп кітапшасынан алынып, күшін жойған құжат он екі жыл бойы «жылы жерде» қылау түспей жатқан, байқадыңыз ба?! Бейбіт заманның өзінде осындай саяси текетірестерді басынан өткерген Бауыржан атамның адами көңіл күйін түсінуге болатын шығар деп ойлаймын.

– Орасан зор кедергілер мен тос­қауыл­дарға қарамастан, гвардия пол­ковнигі Бауыржан Момышұлы әді­леттің салтанат құруының арқасында өзіне лайықты Кеңес Одағының Ба­тыры атағын бәрібір алды. Өкініштісі, өзі де, көптеген майдандас әріптестері де ол күнді көре алмады.

– Иә... Осы арада Серебряковтың екінші азаматтық ерлігі туралы айтпаса тағы болмас. Қолымда бар құжатқа сүйенейін: дивизия командирі қызметіне тағайындалған генерал 1944 жылы екінші мәрте байырғы ұсыныс хатты екі данамен қайта жаңғыртып жазады. Біріншісін, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумына, екінші түпнұсқасын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумына жолдайды. Дивизия командирі Иван Серебряковтың ондағы ойы бұл хатты Қазақстан билігі, Қазақстан хал­қы да қолдайтын шығар деген үміті секілді. Ол жайында сәл кейінірек баяндайын...

Соғыс аяқталған соң Ұлы Жеңістің 10, 20, 30 жылдығында байқаусыз ұмытылған тарихи әділдіктің туын көтерейік деген ниет­­пен КСРО-ның әр бұрышынан жоғары жаққа сандаған хат жолданғаны тарихтан мәлім. Өзбекстанның Сурхандария облы­сынан Рыстай Керімжанов деген ардагер ағамыз 1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Николай Подгорныйға хат жолдайды. Онда «Мынадай бейбіт заманда өсіп-өнген бала-шағамызбен бақытты шаңырақ астында өмір сүріп жатуымыз біздің ержүрек те батыр, шешімі тез даңқты полк командиріміз, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының арқасы деп ойлаймыз. Кеңес елінен тыс аймақтарға да атағы мәлім даңқты қолбасшының соғыс жылдары Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанынан хабардармыз. Батырдың ерлігін бағалауды қашанға дейін соза береміз, лайықты марапатын Ұлы Жеңістің мерейтойы үстінде жасағандарыңызды қалаймыз» деп атап көрсеткен. Подгорныйдың атына жазған сол хатқа жауапты өзбекстандық ардагер екі жылдан соң, яғни 1967 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің кадр­лар бөлімінің қызметкері, полковник Бобковтан алады. Хатта «соғыс жылдары Бауыржан Момышұлын ол қызмет еткен дивизияның әскери басшылығы сіз атап өткендей, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынбаған. Сол себепті де бұл мәселені арнайы қарап жатудың жөні жоқ деп хабарлаймыз» деп жазылыпты. Қалай ойлайсыз, Панфилов (1941 ж.) пен Серебряковтың (1942,1944 ж.ж.) Жоғары Бас қолбасшының атына, Президиумға жазған хаттарын Қорғаныс министрлігі архивінің жоғалтып жіберуі мүмкін бе?!.

– Беке, манадан бері өзіңіз әлдене­ше рет қайталап өткен Баукеңді ба­тыр­­­лыққа ұсыну туралы, ол құжат ақы­­­­рында қалай табылды, соны ай­ты­­ңызшы?

– Айтайын. Академик Манаш Қозы­баев 1990 жылы Қазақстан ҒА қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтын басқарған кезінде қол астындағы қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Павел Сте­панович Белан деген кісіні Мәскеу түбіндегі Подольск қаласындағы әскери архив кеңсесіне «Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағының Батыры атағын алуға әлденеше рет ұсынғаны туралы естігенбіз. Мемлекеттің бас архивінде соны растайтын құжат бар ма, анықтап қайтсаңыз» деп жолсапарға аттандырады. Көп ұзамай мың болғыр Белан, Момышұлын екі мәрте Батырлыққа ұсынған Серебряковтың нақты құжатын Алматыға алып келеді. Қ­азақ­стан Ком­партиясы Орталық Коми­теті­нің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назар­баев Бауыржан Момышұлының әулетіне «Кеңес Одағының Батыры» атағын өз қолымен табыстады. Ал енді... Алма­тыға Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумына 1944 жылы жолданған генерал Се­ребряковтың екінші хаты осы күн­ге дейін дерегін таптырған жоқ еді. Мен қазір оның ізіне түстім. Ол жайын­дағы барлық мәлімет туралы алдын ала хабарламай қоя тұрайын...

– Өмірдегі шынайы Баукең қандай жан, қандай азамат еді?

– Негізі Бауыржан атам керемет психолог. Адамды бір көргеннен тани білген. Мінез көрсетуіне сол ерекше қа­сиеттері себепші болғаны ақиқат. Ауыл­дағы кездесулер мен сәлемдесулер біткенде, жалғыз өзі ұзақ уақыт бойы, үлкен бақшамыз бар еді, алма ағашының түбіндегі киіз төселген тік төртбұрышты нарға жайғасып алып, үнсіз ұзақ отыр­ғанды қалайтын. Атамның осы қылығына таңданатынмын. Ешкімнің батылы жетіп ол тыныштықты бұзбайтын. Тек... Ошақ­бай ата мен Нәмет ата келгенде, олар таңды таңға ұрып әңгіме соғатын. Мәслихат үсті­не әкем де бара алмайтын. Анам ғана дастарқанын түгендеп, шайын үзбейтін. Бес ағайынды Нәмет атам кезінде жаламен Сібірге айдалған, бауырларының бар­лы­ғының мәйітін жат жерде қалдырып, елге жалғыз оралған. Өзі де өте шежіре кісі болған дейді. Бауыржан атам көңіл күйі жоқта «жалғыз отырайын» деп ашық айтатын.

– Көпе-көрінеу жасалынған қиястық әрекеттердің барлығына төзіп, керек кезінде оппонентінің бет-жүзіне қара­май, көкейіндегісін бүкпей айтқан ата­мыз­дың бойындағы қандай құдірет-күш десеңізші?!

– Мәселен, мен жазушы Бақытжан Момышұлы көкемнің бір сұхбатынан мынадай сөздерді оқыдым: «Ол үйлесім іздеді, бірақ ол тарпаң боп танылды». Бірде Орталық Комитет кеңсесінің дәлі­зінде үлкен жиналыстан шыққан Қа­зақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев пен Орталық Азия Әскери округінің қолбасшысы, генерал-полковник Николай Лященко бір топ лауазым иелерімен қатар келе жатады. Бүйірдегі залдың есігінен көппен бірге шыққан Бауыржан атамыз әлгі топты қолындағы таяғын алға созып тоқтатады. «Димаш, бұл екеуміз Академияда бірге оқығанбыз. Ол кіл «үшке», мен кіл «беске» оқыдым. Ол қазір генерал-полковник, мен полковникпін...», дейді де қолын шекесіне апарып, қалт бұрылып жүріп кетеді. Онысын орыс тілінде айтқан.

– Бауыржан атамыздың 20 жасында шығарған бір мақалы былай болып келеді екен: «Еңбексіз демалыс та абақ­тыда жатқанмен тең».

– Бауыржан Момышұлының «Офицер – шығармашылықтың адамы» дегенін естіген бе едіңіз?! Жоғарыдағы сіз айтқан мақал осыған саяды. Офицердің жұмысы ойланып стратегиялық сәттерді тез әрі ұтымды шешуде, «Ой дегеніміз – еңбек», дейді. Құжаттарға сүйенейін: «Сүңгімен бірді өлтірсең, ақылмен мыңды өлтіресің» деген халық мақалын ұнатқан ол кісі. 1944 жылы қаңтарда Алматыға келген жолсапарында Ғылым Академиясында ғалымдар мен жазушылар алдында оқыған төрт күндік лекциясында ол шығармашылық адамын – офицерді үш санатқа бөлген. Біріншісі – жақын қашықтықта ұрыс жүргізеді. Екіншісі – тактикалық офицер. Үшіншісі – стратегиялық офицер. Сардарлар қызметін бұлайша жіктеу Кеңес Одағының Қарулы күштерінде бұрын-соңды болмаған. Атамыздың бұл айтқаны әскери ғылымға жаңалық болып енгізілген. Лекция үстінде ол кісі өзін «Жақын қашықтықта ұрыс жүргізетін офицермін», деп атап көрсеткен. Әлгі «сүңгі» туралы халық мақалымен әңгіме­сін қорытындылап отырған. Середа деревнясында жау бекінісіндегі 300 неміс солдаты мен офицерін бір сағаттың ішінде 100 солдатпен-ақ быт-шыт еткен нақты оқиға бүгінгі бестселлерге бергісіз. Момышұлының мәртебесін биік еткен осынау әскери ойлы ілімі мен қабілеті.

– Бауыржан Момышұлының таңғажайып әскери ілімін тек қана Мәскеу академиясында оқытумен ғана шектеліп қалдық па?

– Кубада, Испания мен Израильде, мына өзіміздің Түркияда Бауыржан Мо­мышұлының әскери ілімі кадеттерден бастап ірі құрамаларға дейін оқы­тылады. Ал біздің Қазақстанның әс­кері үшін ол пәндер әлі күнге дейін таң­сық саналып келеді. Әскери қабілет-қа­ры­мы жағынан Момышұлы кеңестік көп­те­ген генералдар мен маршалдардан биік тұрды. Сондықтан да олар мұндай қа­білетті һәм талантты командирдің талап­тарын яки ой-болжамдарын мойын­дай тұрса да, мойынсынбады. Ме­нің бір таңғалатыным – Мәскеу мен Алма­ты Бауыржан Момышұлының саяси көз­қара­сы мен «ұлтшылдығы» туралы таусыл­майтын әңгімені түгесе алмай жатқан сол жылдары, француз армиясы бас штабы басшысының орынбасары Поруа Момышұлына мынадай хат жазыпты: «Сіз қандайда бір жағдаймен Парижге келетін болсаңыз, ол мен үшін қуаныш әрі теңдессіз бақыт. Францияның бұрынғы әскери сарбазы ретінде сіздің қолыңызды қос қолдап қысып, құрмет көрсетуге рұқ­сат етіңіз. Қашықта болғанымызбен, жо­рыққа өз туымызбен шыққанымызбен, өзге тілде сөйлеп, әртүрлі әскери киім кигенімізге қарамастан, біз де сіз сияқ­ты адами қасиетті сақтап қалу мен көкі­ре­гімізді өзгеге таптатпас үшін жаумен аянбай шайқастық». Израиль армиясы «Волоколамск тас жолын» 1946 жылы-ақ ивритке аударып, әскери оқулық ретінде әрбір жас офицерге қарумен қосып қолына ұстатқан. Ол туралы Ресей пре­зи­денті В.Путинмен кездесуі барысында Израиль саясаттанушысы Арон Шнеер Кремль­дің төрінде айтты. Міне, тарих! Міне, Бауыржан Момышұлын әлемге тәнті еткен әскери ілімінің құдіреті! Қазақ полковнигінің әскери дарыны мен қолбасшылық талантына табынғандар легі өте көп. Чехия тұрғыны Ирена Свита­нева: «Волоколамск тас жолын» оқы­ғалы бері мен кездескен әрбір адамнан сол батырдың болмысын, үлгісін іздей­мін. Жасасын менің теңдесі жоқ батырым, Бауыржан Момышұлы!», дейді. Куба­ның қоғамдық және саяси қайраткері, Бос­тандық аралының негізін қалаушы күрескер Фернанда Мартинес Эредианың: «Кубалықтардың көпшілігі марксизм-ленинизм ілімінен дәріс алу үшін, алдымен «Волоколамск тас жолын» оқиды» дегені ше? Фидель Кастро мен Че Гевараның айтқандары... Оған генералдар Панфилов пен Чистяковтың, Серебряковтың, маршал Захаровтың сөздерін қосыңыз. Бауыр­жан Момышұлына қатысты том-том құ­жаттар қазір де Подольск архивінде (Мәскеу) «Өте құпия» деген грифпен сақ­таулы жатыр. Осыдан он жыл бұрын, батырдың 100 жылдығына орай, Подольск архивіне сұрау салғанымызда «Өте құпия» белгісіндегі құжаттар көрсетілмейді, көшір­месі қолға берілмейді», деген қысқа жауап алдық.

Шынайы өмірдегі таразының бір басында Бауыржанның жақтастары, бір ба­сында биліктің тасырлары тұрды. Сол арқылы ғасырда бір туатын нағыз қол­басшыға өмірінің ақырғы сәтіне дейін ешбір ақталуға келмейтін ең оңба­ған, ең анайы әділетсіздіктің үлгісі көр­се­тіл­ді. Бауыржантанудың тұнығы мен тұң­ғиы­ғындағы бүгінге дейін менің көзімнің жеткені – осы.

 

Әңгімелескен

Талғат СҮЙІНБАЙ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін