Елімізде түйе мен қой жүнін өңдеп, тоқыма бұйымдарын шығаратын фабрика көп емес. Соның бірін алты жыл бұрын Caspiy Lana Atyrau серіктестігі ашқан еді. Мұнай мен газды мол өндіретін өңірде 2,4 млрд теңгеге салынған бірегей жобаны «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Достан ата» шаруа қожалығы бірлесе іске қосты.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ашылған тоқыма фабрикасына шетелдік құрал-жабдықтар орнатылып, жаңа кәсіпке бет бұрған жергілікті тоқымашыларға Франция, Италия, Бельгия мен Моңғолия секілді елдердің жетекші мамандары кеңес берді. Жергілікті мамандар шетелде біліктілігін жетілдіріп, фабрика жұмысы жолға қойылған еді. Сол кезде жоба құрылтайшылары фабрикада бастапқыда 100 тонна түйе, 350 тонна қой жүнін өңдеуді жоспарлады. Мәселен, алғашқы кезде мал жүнін жуып-тазалау, бояу іске асырылды. Одан соң тазаланған жүнді тарап, түбіті алынды.
Жобаға сәйкес фабрикаға 150 адам жұмысқа тартылуы тиіс болатын. Сөйтіп, жылына 400 мың метр жұмсақ жамылғы шығару басталды. Кейінгі жоспарда тұтынушыға трикотаж костюм, шұлық секілді күнделікті тұтынатын бұйымдарды ұсыну бар еді. Алайда фабрика ұжымы бес жылда 210 тонна жүн өңдеумен ғана шектелді.
Тоқыма фабрикасынан шығарылған жылы жамылғы мен көрпе-төсемдерге кәсіпкерлер де, компаниялардан да тапсырыс болғаны жасырын емес. Тіпті ТМД мен Еуропа елдерінен түсіпті. Ал Атырауда «Байзар» сауда орталығы арқылы сатылды. Енді соның бәрі «бәлду-бәлду, бәрі өтірік» дегеннің керіне ұшырап отыр. Өйткені дәл қазір тәуір жобаға саналған тоқыма фабрикасы тоқырағалы, басқаша айтқанда, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Неге?
Мұның бір себебі бар. Бұл – фабриканың жобада қарастырылған өндірістік қуатының 30 пайызын ғана пайдалануы. Мәселен, тігін цехының меңгерушісі Салтанат Мұхамбетованың айтуынша, мемлекеттен бұрынғыдай ауқымды тапсырыс берілмейді. Осыдан кейін қаржылық қиындық туындапты. Тіпті фабрикада жұмыс істейтіндер жалақысын уақытында алмай отыр. Ал жалақы болмаған соң зейнетақы, міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарналар мен салықтық түсімдер кешіктірілетіні даусыз. Міне, осындай себептер кейбір мамандардың жұмыстан шығып кетуіне түрткі болған.
Енді тоқыма фабрикасы кезігіп отырған қиындық қалай шешімін табады? «Атырау» ӘКК» АҚ активтерді, еншілес жəне тəуелді мекемелерді басқару департаментінің директоры Марат Қаппаровтың пікірінше, қиындықтың бәрі шикізаттың тапшылығынан туындаған. Өйткені бұл фабриканың жұмысының негізгі өзегі – шикізат. Алайда фабрикаға жүн тапсырушылар азайды. Осы кезге дейін мұнда жұмыс істеген шетелдік мамандар еліне кетіп, пандемияның кесірінен қайта оралмапты. Атыраудағы тоқыма фабрикасының бүгінгі ахуалы осындай. Ал коммуналдық мекемелерге 7 млн теңгеден астам қарызы бар. Отандық өндірістің қашан оңалары белгісіз. Шаруасы шатқаяқтап тұрған фабриканың еңсесін тіктеуге қолдау көрсетер инвестор табыла ма?
Айтқандай, отандық бизнес өкілдерінің біразы жаһан экономикасын жан алқымнан алған пандемияның зардабын көріп отыр. Бұған «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы кәсіпкерлер арасында жүргізген сауалдама нәтижесі дәлел бола алады. Сауалдамаға 645 кәсіпкерлік субъектісі қатысып, қоғамдық тамақтандыру, білім беру, сауда, туризм, қызмет көрсету, ойын-сауық нысандары сынды қызмет түрлері зерттелді.
– Сауалдама қорытындысына тоқталсақ, оған қатысушылардың 61 пайызында қаржылық жағдайы нашарлап, әлі де реттелмегені анықталды. Респонденттердің 34 пайызы қаржылық жағдайы мүшкіл екенін көрсетті. Ал 5 пайызына пандемия әсер етпеген. Төтенше жағдай кезеңінде сауалдамаға қатысқан кәсіпорындар ақысыз демалысқа
2 239 жұмыскерді жіберсе, 1209 адам қысқарып қалған, – дейді өңірлік филиал директоры Абдолла Идресов.
Оның айтуынша, елдегі төтенше жағдай жарияланғаннан бері өңірлік филиалға кәсіпкерлік субъектілерінен 600-ден астам өтініш түсіпті. Негізінен кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен қаржылық қолдау шараларын көрсетуге, форс-мажорлық жағдайларды тануға, жалдау және коммуналдық төлемдерді кейінге шегеру, карантиндік кезең ішінде жүріп-тұруды шектемеуге өтініш білдіреді.
Атырау облысы