ADAL саяси партиясы үгіт-насихат тобының халықпен өңірлік кездесулерінің қорытындысы шығарылды. 11-28 желтоқсан аралығында еліміздің қалалары мен ауылдарында 3583 кездесу өтсе, оған 71256 адам қатысқан.
Үгіт-насихат кезеңінде партия қатары 57 мың адамға көбейді, қазіргі уақытта партия мүшелерінің саны 111 875 азаматты құрайды. Қолданыстағы ережелерге сәйкес аймақтардағы кездесулерге қатысушылардың саны шектеулі болды. Дегенмен, ADAL өкілдері сайлаушылармен тікелей кездесулердің форматын таңдағанды жөн көрді. Сондықтан Мәжіліс депутаттығына кандидат ADAL партиясының 16 үміткері еліміздің аймақтарына аттанды.
Өңір тұрғындары көптеген проблемалық мәселені атап өтті. Көбіне тұрғындар инфрақұрылымға қатысты түйткілдерге – нашар жолдарға, жалақының төмендігіне, мемлекеттік органдардың бюрократиясына және жеке қажеттіліктерге арналған жердің жетіспеуіне шағымданды. Сондай-ақ өңір тұрғындары қоршаған ортаның нашарлығы мен медициналық көмек алу мәселелерін де көтерді. Мәселен, Айыртау ауданының тұрғындары ауыз судың жоқтығына наразы. Халық суды көлікпен тасып ішеді. Қызылжар өңірінің тұрғындарына кәсіпкерлік үшін жер телімін алу қиын. Сонымен қатар ауыл тұрғындары мектеп оқулықтарының сапасыздығын айтып шағымданды.
Жалпы, кездесулер кезінде тұрғындардың атқарушы органдар жұмысынан бейхабар екендігі анықталды. Халық қандай да бір мәселелерді шешу үшін қандай мемлекеттік мекемеге хабарласу керек екенін білмейді.
ADAL партиясының өкілдері бұған дейін бірнеше өңірге барған болатын. Сапар барысында тұрғындар балаларының мектептегі шамадан тыс жүктемесіне және оқу сапасына көңілі толмайтындығын білдірді. Сондай-ақ ата-аналар балабақшалар балаларды үш жастан бастап қабылдайтындығын айтып, ал жәрдемақының бір жылға дейін ғана берілетіндіне шағымданды.
Сондай-ақ партия өкілдерімен кездесу барысында тұрғындар ауылдарға ауыз су жеткізілмегенін, жарық қосылмағанын айтады. Кей өңірлерде көп балалы аналардың да мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, Алматы облысы Балпық би ауылының тұрғыны, 8 баланың анасы бір жылдан астам уақыт бойы мемлекет ұсынған үйге құжаттар ала алмай жүр екен. Сондай-ақ қосылу құнының қымбаттығына байланысты үйіне газ кіргізе алмай отыр.
Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы, Шымылдық ауылы тұрғындарының айтуынша, 2018 жылы ауылда көше жарығының бағандары орнатылған, алайда Шымылдықта екі жыл өтсе де жарық қосылмаған. Сол сияқты дәл сол ауылда сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін таппаған. Мамандар 2019 жылы ұңғыма бұрғылағанымен, ол да жұмыс істемейді екен. Тұрғындар осы уақыт ішінде әртүрлі органдарға жүгінгендерін айтады. Бірақ ол әрекеттерінен еш нәтиже шықпаған.
Тұрғындар сонымен қатар ипотека бойынша сатып алынған тұрғын үй үшін артық төлем сомасы тым көп екеніне наразылық білдіреді. Яғни, ипотека алғандар пәтер үшін екі есе артық төлем жасайды. Ауыл халқы пайыздың үстемеақы негізгі қарыздан асып кететініне наразы.
Партия аталған өзекті проблемаларды шешудің тиімді тәсілдерін ұсынып отыр. ADAL партиясы сайлау нәтижелеріне қарамастан, жоғарыдағы проблемаларды шешумен айналысуды жалғастыра береді.
«Біз әр аймақ тұрғындары проблемаларының үлкен дерекқорын жинадық, сондықтан 7 пайыздық межеден өтпесек те осы мәселелерді шешуді жалғастыра береміз. Өңірлердегі жобалық кеңселер форматында жұмыс істейміз», деді депутаттыққа кандидат Олжас Ордабаев.
Сондай-ақ 28 желтоқсанда Еуропалық одақ елдерінің өкілдерімен онлайн-кездесу өтті. Партия аппаратының басшысы Бауыржан Оразғалиев ADAL партиясының мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бүкіл сайлау кезеңі ішінде белсенді өзара қарым-қатынас жасау жөнінде уағдаласты.