Елорда әкімі апта сайын тұрғындарды жеке қабылдап, нәтижесінде қабылданған адамдар саны артқанын айтады. Бұл туралы Алтай Көлгінов өз инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Азаматтарды қабылдадым. Жалпы, биыл 1 мыңнан астам тұрғынды қабылдаппын. Пандемия басталғаннан бері кездесулер онлайн режимге ауысты. Ай сайынғы қабылдауларды апта сайынғыға ауыстырып, қабылданған адамдар санын арттырдық.
Мәселелер әртүрлі, бірақ негізінен баспана, қосымша білім алу, жұмысқа орналасу, елді мекендерді дамыту және тағы басқаларға қатысты.
Осындай сұрақтармен келетіндердің бәріне көмек көрсету үшін жүйелі шаралар қабылдадық.
Мысалы, күзде тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық аштық (Республика даңғылы, 32). Ол жерден баспанаға кезек нөмірін, кезекке қалай тұруды, түрлі тұрғын үй бағдарламалары механизмдерін және тағы басқа мәселелерді білуге болады. Бұған қоса, баспана бағдарламаларына, тұрғын үй сертификаты мөлшеріне және тағы басқаларына бірқатар өзгеріс енгіздік.
Бізге әлеуметтік мәселелерді шешуге «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы көмектеседі (Бейбітшілік көшесі, 14). Ол жерден қалалықтарға «бір терезе» қағидаты бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Ашылған сәттен, яғни 2019 жылдың тамызынан бастап - 41,5 мың азамат көмек сұрап келді.
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастырдық. Бұл бағдарлама бойынша бірқатар маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асырдық. Сондай-ақ оқу орындары түлектері үшін гранттар санын арттырып, тұрғындарға жақын жерлерден «Үй маңындағы дәрігер» атты 29 нысан аштық. Бұл тағы 180 мың қала азаматын қамтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналардың өтінішін ескеріп, биыл 5 оңалту орталығын аштық.
Бұған қоса, қаланы аралау кезінде тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштері бойынша жұмыс атқарамыз. Бұл шараның бәрі Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу бойынша міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді»,– деп жазды Алтай Көлгінов.