Қазіргі кезде Жамбыл облысында медицина саласы мамандарының жетіспеушілігі байқалып отыр. Бұл өңір үшін де, ауылдық жерлер үшін де маңызды.
Осы орайда, бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожиннің қатысуымен Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің базасында аталған университеттің филиалы ашылды.
Жамбыл жоғары медициналық колледжініңдиректоры Жәмила Сарыбекова қонақтарға пәндік кабинеттерді аралатып, телестудия, мұражай, кітапхана және электрондық қызметтерді ұсынуға арналған ғимараттарды таныстырды. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев мүгедектігі бар студенттердің білім алуына жасалған жағдаймен танысып, инклюзивті білім беруді дамыту мен түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігіне көңіл бөлді. Ал, аталған филиалда бастапқы кезде шамамен 100 адам оқуды бастаған. Сондай-ақ, резиденттерді белсенді түрде тарту көзделген. Өз сөзінде Жәмила Сарыбекова колледжде инклюзивті топ құрылғанын, түлектерді жұмысқа орналастыру үшін облыстағы 41 денсаулық сақтау мекемесімен ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасалғанын атап өтті. Колледж ұжымымен кездескен Бердібек Сапарбаев пандемия жағдайында денсаулық сақтау саласын мемлекеттік қолдау айтарлықтай артқанын жеткізді. «Пандемиябіздің бұрыннан келе жатқан мәселелерімізді, бірінші кезекте саладағы кадрлардың тапшылығын көрсетіп берді. Бүгінгі күні шамамен 250 бос жұмыс орны бар. Мәселе жүйелі түрде шешілуі керек. Осыны ескеріп біз қыркүйек айында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен ынтымақтастық орнатып, тиісті меморандум жасадық. Жоғары оқу орнының тәжірибелі дәрігерлері шалғай аудандардағы жергілікті медициналық қызметкерлерге көмектесіп, тәжірибелерімен бөліседі. Бұл тәжірибелі дәрігерлермен, профессорлармен қоян-қолтық жұмыс істеп, тәжірибесін меңгеруге, ғылымды дамытуға тамаша мүмкіндік», деді ол.
Талғат Нұрғожиннің айтуынша, бұл ынтымақтастық барлық тараптарға тиімді. Университет колледж оқытушылары үшін докторантурада оқуды ұйымдастыруға, оқу процесіне жаңа технологияларды енгізуге қабілетті. Ол өз сөзінде Жапония және басқа да дамыған елдердің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орната отырып, жамбылдық оқытушылар мен дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін сол жаққа жіберуге болатынын, жұмыс жолға қойыла келе басқа да мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Ал, Бердібек Сапарбаев төрт компьютерлік аппарат пен екі магнитті-резонанстық томография, ангиографтар және басқа заманауи жабдықтар сатып алу жоспарлары туралы қысқаша айта келіп, мұндай қондырғылар әрбір ауданда болуы керектігін жеткізді.
Жамбыл облысы