• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 30 Желтоқсан, 2020

Құқықтық қоғам құру жолындағы маңызды қадам

123 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, оны қабылдады.

Ата Заң нормасы сақталады

«Жаһандық үдерістерге бел­сенді ықпалдасу саясатын жүр­гізу бөлігінде бұл бағытты жал­ғас­тыру шеңберінде, сондай-ақ әлем­дік аболиционистік тренд­­ті назарға ала отырып, 2019 жыл­ғы желтоқсанда Қазақ­стан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші Факуль­тативтік хаттамаға қосылу рә­сі­мін бастауды тапсырды. Осы­лай­ша, Қазақстан Президен­тінің Жар­лығына сәйкес 23 қыр­күйек­те БҰҰ жанындағы Қа­зақ­стан­ның Тұрақты өкілі Қайрат Ома­ров екінші Факультативтік хат­­та­маға қол қойды», деді заң жо­ба­сы жөнінде баяндама жаса­ған Сыртқы істер министрі Мұх­тар Тілеуберді.

Осы халықаралық құжатқа сәйкес оны қабылдаған елдер өлім жазасын қолданбау және өз юрис­дикциясы шеңберінде өлім жа­засының күшін жою үшін бар­лық қажетті шаралар­ды орын­дауға міндетті. Хаттамада жал­ғыз ерекшелік бар. Соғыс уақы­тын­да өлім жазасы заңды түр­де қол­данылса, оған рұқсат етіле­ді. Қа­зақ­стан тарапы конвен­ция­дағы осы жалғыз ескертпені қал­дырмақ.

«Қазақстан Республикасы екінші Факультативтік хатта­ма­ның 2-бабына сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан ке­йін соғыс уақытында өлім жаза­сын қолдану құқығын өзіне қал­ды­рады», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, заң шы­ғарушы қандай да бір қылмыс үшін өлім жазасын белгілеу кезін­де Конституция нормасында бел­гіленген шектен шығуға құқылы емес. Соған сәйкес Конс­титуцияның 15-бабының 2-тармағында аталған қылмыстар үшін өлім жазасынан басқа да жазалар белгіленуі мүмкін. Бұдан келіп шығатыны, қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конс­­­титуциясы айрықша жазалау шарасын қолдану саласын одан әрі шектеуге немесе одан то­­лық бас тартуға кедергі келтір­мей­ді.

«Елбасы 2003 жылы жаза­ның бұл түріне мораторий жария­лағаны белгілі. Содан бері елі­мізде бірде-бір өлім жазасы тір­келген жоқ. Қазақстан Мемлекет басшысының шешімімен өлім жазасынан бас тартуға бағытталған халықаралық міндеттемеге қо­сылды. Шын мәнінде, аса ауыр жазадан бас тарту құқықтық қоғам, гуманистік принциптерге негізделген мемлекет құру жо­лын­дағы маңызды қадам екені сөз­сіз», деп атап өтті заң жобасы туралы пікір білдірген Мәулен Әшім­баев.

Сенаторлар, сондай-ақ де­пу­таттық корпус бастамашылық ет­кен тағы төрт заң жобасын қа­ра­ды. Олардың бірі – «Қазақ­стан Рес­публикасының кейбір заң­на­­­ма­лық актілеріне білім беру мә­­се­­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.

 

Қашықтан оқыту заңмен бекітіледі

Пандемияға дейін қашықтан оқыту процесі заңмен бекі­тіл­меген болатын. Бұл түзетулер «қа­шықтан оқыту» ұғымын нақ­­тылайды және оны жүзеге асыру тәртібі белгіленді. Сондай-ақ оқу­лықтарды сапалы дай­ын­­дау­ды қамтамасыз ететін же­ке­ле­ген ережелер енгізілді. Атал­ған құжат жөнінде баяндама жасаған сенатор Бақытжан Жұма­ғұлов­тың айтуынша, екі кодекске және үш заңға өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу көзделген.

«Осы уақытқа дейін заңна­мада қашықтан білім беру жөнін­де бірегей түсінік болмаған еді. Енді «қашықтан оқыту» ұғымы нақ­тыланып, оны өткізу тәртібі ай­қындалды.

Оқулықтар сапасының тө­мен­дігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылып жүр. Бұл мәселе жалпы қоғам, ата-аналар тарапынан да жиі сынға ұшырайтын. Заң жобасында осы мәселені түбегейлі шешу көз­делген.

Ол үшін білім саласындағы уәкілетті органға үлгілік оқу жос­парларын, бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау мен сынақ­тан өткізу, мониторинг жүргі­зудің арнайы қағидасын әзір­леп, бекіту тапсырылып отыр. Бұл оқулықтардың сапалы дайын­да­луына, авторлардың жауапкер­шілігін күшейтуге мүмкіндік береді», деді депутат.

Заң жобасында «оқу­шы­лар­дың білім жетістіктерін айқындау үшін мониторинг өткізу» жөнінде норма енгізілді. Аталған норма оқушылардың базалық білім дең­гейін анықтауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі жағдайда «Кәсіп­керлік кодексіне» сай әртүрлі тексерулерге тыйым салынған. Осы­ған орай білім сапасын қада­ғалау мақсатында барлық мек­тепке дейінгі ұйымдарды, мек­тептерді, колледждерді, бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өткізудің заңнамалық механизмі жасалып отыр. Білім сапасын мем­лекет назарында ұстау әлеу­меттік-саяси мәні бар маңызды қадам деп есептеймін.

Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық қосымша білім беруге мемлекет тарапынан қар­жыландыру көзделіп отыр. Бұл да ата-аналар тарапынан жиі айтылып жүрген маңызды ұсыныс болатын. Бүгінгі таңда республика бойынша 1263 қо­сым­ша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ол ұйымдардан 1 мил­лион 200 мыңнан астам бала тәлім алады.

Қосымша білім беруді мем­лекеттік қаржыландыру – ба­лаларымыздың рухани, шы­ғар­машылық дамуына зор ықпа­лын тигізетін маңызды қадам деп білемін.

Сондай-ақ заң жобасын әзір­леу барысында жергілікті атқа­рушы органдардың, кәсіпкер­лердің, ата-аналардың ұсыныс­тарын ескеріп, қосымша білім беру ұйымдарында, техника­лық және кәсіптік ұйымдарда, кол­ледж­­дерде балаларды та­мақ­тан­дыру, оларға тауарлар сатып алу қыз­мет­терін мемлекет­тік са­тып алу заңы аясынан шы­ғару мә­се­лесі шешілді», деді Б.Жұма­ғұ­лов.

Сонымен қатар Еңбек кодек­сіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар тізіміне дуалды оқыту туралы шарт енгізіліп отыр. Осы арқылы студенттердің өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіреді.

 

Ветеринариялық паспорт енгізіледі

Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да пысықтады.

Ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру жөніндегі дерек­қорға электрондық вете­ри­нариялық паспорт енгізіледі. Сон­­дай-ақ мемлекеттік ветери­на­риялық-санитариялық инспекторларды бақылау үшін фото және бейнеаппаратураны пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл осы саладағы сыбайлас жемқорлық құқық бұ­зушылықтарды азайтуға мүм­кіндік береді.

Бұдан бөлек, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойын­ша өзгерістер енгізу және «Мақ­та саласын дамыту туралы» Қа­зақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» заң қабылдады.

Сенаторлардың пікірінше, қолданыстағы заң шетелдік инвес­тиция ағынын азайтатын артық реттеу ережелерін қамти­ды және қаржы ұйымдары бұл салаға іс жүзінде несие бер­мейді. Жаңа заң жобасында ар­тық әкімшілік кедергілер жойы­­лады. Бұл өз кезегінде сала­дағы инвестициялық ахуалды жақ­сартуға, мақта егісін ұлғай­туға, мақта сапасын және қазақ­стан­дық компаниялардың экспорттық түсімін арттыруға жағдай жасайды.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қабылдады.

Құжат күзет қызметін көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, стратегиялық, аса маңызды және осал объек­ті­лердің сенімді қорғалуын қамта­масыз ету үшін күзет ұйым­дарын лицензиялық іріктеу жүргі­зілетін болады. Мұндай талап объек­тілерді қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және азаматтардың қауіпсіздігін арттырады.

 

Биыл Парламент 110 заң қабылдады

Мәулен Әшімбаев Сенат­тың бір жылғы жұмысын қоры­тындылай келіп, заң шығару жұ­мысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Парламент жыл бойы Мем­лекет басшысының реформаларын және еліміздің стратегиялық саясатын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарды. Жалпы, биыл Парламент 110 заң қабылдады. Оның 30-ға жуығына Парламент депутаттары бастамашы болды», деді Сенат Төрағасы.

Сенаторлар экономиканы қалпына келтіру, бизнесті қолдау және азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету бо­йынша көптеген заң қабылдады. Биылғы жылы демократиялық процестерді нығайтуды, адам құқықтарын қорғауды және қор­шаған ортаны қорғауды көз­дей­тін бірқатар құжаттар қабыл­данды.

«Жұмысымыздың негізгі басымдығы ел экономикасын өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру екені түсінікті. Сонымен бірге ауылдық жер­лерді дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ұлт­тық құндылықтарды дәріптеу мәсе­ле­леріне баса мән бердік. Биыл Сенат ұйымдастырған бір­неше Пар­ламенттік тыңдауда осы бағыт­тар бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар талқыланды», деді Сенат Төрағасы.

Сөз соңында Мәулен Әшім­баев атқарылған жұмыстар үшін сенаторларға алғыс айтты және алдағы кезеңде депутаттық кор­пусқа Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-эконо­ми­калық реформаларын одан әрі іске асыруда елеулі жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.