• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Желтоқсан, 2020

Азаматтардың еңбек құқығы (Оны қорғау мәселесі ерекше бақылауда тұр)

825 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Қазақстан – 25-орында

Бұл жөнінде Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасым­бек, Атырау облысының әкімі Ма­хамбет Досмұхамбетов, Қос­танай облысының әкімі Архимед Мұ­хамбетов баяндама жасады.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, эконо­ми­кадағы және еңбек нарығын­дағы қазіргі жағдайды ескере отырып, адамның еңбек құқық­тарын қорғау Үкіметтің ерекше бақы­лауына алын­ған. Бүгінде рес­ми статистикаға сәй­кес еліміз­де 324 мың жұмыс істеп тұр­­ған кәсіпорында 6 млн 650 мың­нан аса жұмыскер еңбек етуде. Олардың жала­қысы, былтыр­мен салыстырғанда орташа есеппен 6,5% өсіп отыр. Дүниежүзілік эко­номикалық форумның жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік индексінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығы тиімділігі рейтингісінде Қазақстан 30-орыннан 25-орынға көтерілген.

Сондай-ақ ЕХӘҚМ басшысы еңбек қатынастарына қатысты мәселелер оң шешімін тауып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда еңбекақы бойынша жалпы берешек 724 млн теңгені құрап отыр, ол жыл басынан 49%-ға не­месе 696 млн теңгеге азайды. Өңірлер бөлінісінде ең үлкен бере­шек Маңғыстау (108 млн теңге), Шығыс Қазақстан (107 млн теңге) және Алматы облыстарына (83 млн теңге) тиесілі. «Биыл еңбек инспекторлары 4,2 млрд теңге көлеміндегі анықталған жала­қы қарыздарын өтей білді, қабыл­дан­ған шаралардың нәтижесінде 30 мыңнан аса жұмыскердің құқығы қорғалды», деді Б.Нұрымбетов.

Сондай-ақ ол осы жылы жұмыс беру­шіге берілетін мемлекеттік еңбек инспек­торы ұйғары­мының мәртебесі сот орындау­шы­сының бұйрығына теңесті­ріл­генін айтты. Бұл жалақы бойынша бере­­шекті уақтылы өтеуді күшей­ту мақсатында жасалды. Минис­тр­лікте бұл шара шоттар мен мүлікке қосымша тыйым салуға, жалақы төлеу жөніндегі мін­дет­темелерді бұзатын жұмыс беруші­лерге қа­тысты елден шығуға шектеу­лер енгізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса министрлік әкімдіктермен бірге Ең­бек тәуекелі картасы аясында жұмыс­шы­лардың босатылу қаупі бойынша апта сайын мониторинг жүргізуде.

Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Асқар Мамин атап өт­кен­­дей, еңбек қаты­настарын рет­теу­дің қолданыстағы жүйе­сі жұ­мыс берушілер мен қыз­мет­кер­лер арасындағы мүдделер тең­герімін қам­тамасыз етуге мүм­кіндік бере­ді. Барлық деңгейде үшжақты ко­мис­сиялар жұмыс істейді, 22 сала­лық және 200-ден аса өңірлік келісім жасалды.

Биыл Еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру еңбек саласындағы әлеу­меттік тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашты. Қабылданған ша­ра­лар­дың нәтижесінде кәсіп­орындардағы даулардың саны Атырау, Маңғыстау, Ақ­төбе және Қарағанды облыстарындағы мұ­най-газ және мұнай сервисі секторларында 2 есеге қысқарды.

Осы жылдың басынан бері 4,2 млрд теңгеге жалақы бойын­ша берешек өтелді, 31 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Қол қойылған меморандумдар аясында 2,3 млн-нан аса жұмыс орны сақталды. Пан­­демиядан туындаған әлемдік эко­но­микалық дағдарысқа қара­мастан, жұмыс­сыздықты 5% дең­гей­інде сақтауға мүм­кіндік туды.

Өндірістік жарақаттану дең­гейін төмен­дету және еңбек жағдайларын жақсар­ту мақсат­ында Өндірістік жарақат­тануды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2023 жылға дейінгі жол картасы іске асырылып жатыр. Карантин кезінде 475 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам ең төменгі жалақы мөлшерінде табысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алды.

Әкімдіктер, кәсіподақтар мен өңір­лер кәсіпорындары арасында өзара ынты­мақтастық туралы 131 мыңнан аса меморандум жасалды. Жұмыс берушілер алған міндеттемелерін орындаса, 2 млн 300 мың қызметкер үшін жұмыс орындары сақталады.

Үкімет басшысы өз сөзінде дағдарысқа қарсы Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылып жатқанына тоқталып өтті. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» және басқа да мем­ле­кеттік бағдарламаларды қоса алғанда, жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар­мен 1 млн 390 мың адам қамтылды, оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұ­мыс орнымен қамтамасыз етілді. «Еңбек қаты­настарының барлық тарабының басты міндеті – ең­бек заңнамасын сақтау. Бұл мәсе­лелерді ерекше бақылауда ұстаған жөн» деді А.Мамин аталған мәселені түйіндей келе.

Премьер-Министр Еңбек министр­лігіне әкімдіктермен және мем­лекеттік органдармен бір­лесіп, ақпараттық жүйе­лердің деректері негізінде проак­тивті режімде жалақы бойын­ша берешекті анықтау алгорит­мін әзірлеуді тапсырды. Үкімет басшысы еңбек шарттарын элек­тронды форматқа толық көшіру қажет екенін атап өтті. Бұл аза­мат­тардың еңбек құқықтарының сақталуын жедел әрі объективті бақы­лауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еңбек жағдайлары зиянды жұ­­мыс орындарын кезең-ке­зеңі­мен қыс­қарту үшін 2021 жылдың бірін­ші жарты­жыл­­ды­ғының соңына дейін Еңбек ми­нистр­­лігіне әлеуметтік әріптес­термен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжы­рымдаманы әзірлеуге тапсырма берілді. Әкімдіктерге мүд­делі мемлекеттік органдармен бір­лесіп, қол қойылған меморандумдар аясында жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмыс беру­шілердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету, қызмет­кер­лердің жаппай жұмыстан боса­тылуына жол бермеу және жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу ша­раларын қабылдау тапсырылды.

 

Балық шаруашылығы дамиды

Үкімет отырысында балық шаруа­шы­лығы саласын дамыту мәселелері қаралды. Қазақ­стандағы осы саланың жай-күйі мен даму перспективалары туралы Эко­логия, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев, Маң­ғыстау облысының әкімі Се­рікбай Трұ­мов, Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Құмар Ақса­қалов, «Grand Fish» ЖШС басшы­сы Сергей Медведев, «Қара­ғанды-Осетр» ЖШС дирек­торы Дмитрий Абильдин баяндады.

Балық шаруашылығын дамыту үшін оңтай­лы жағдай жасауға, балық өсіру шаруа­шы­лықтарын салу кезіндегі шығындарды қыс­қартуға бағытталған заңнамалық түзе­­тулер Парламенттің қарауында жатыр, олар саланың одан әрі дамуына серпін береді.

Балық шаруашылығы саласын дамы­тудың 2030 жылға дейінгі әзірленген бағдарламасы аясында балық өнімдерінің өндірісін шамамен 30 есеге – 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, 500-ден аса жаңа шаруашылық пен 50 мың жұмыс орны құрылады.

Баяндамашылар келтірген деректерге сәйкес Үкімет басшысы Асқар Мамин атап өткен­дей, қабылданған шаралар нәти­жесінде балық өнімдерінің экспорты жылына 30 мың тоннадан 136 мың тоннаға дейін артады, импорт жылына 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендейді. Сонымен қатар балықты ішкі тұтыну екі есе – 2020 жылғы 67 мың тоннадан 2030 жылы 134 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. «Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Бұл тұрғыда балық шаруашылығы – перспективалы бағыттардың бірі. Мамандардың пікірінше, елі­міз балық шаруашылығын дамыту бойынша елеулі әлеуетке ие», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы тиісті мем­лекеттік органдарға саланы одан әрі дамытуға қатысты тапсырмалар бере келе, Балық шаруашылығы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының іс-шараларын уақтылы жүзеге асыру қажет екенін айтты.