Атырау қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында ана тілімен бірге ағылшын тілін жетік меңгерген оқушылар бар. Солардың қатарындағы 11-сынып оқушылары Ақбота Жұбатқан мен Айданур Демирджи халықаралық ғылыми жобалар сайысының үздігі атанып отыр.
Олар жақында Бразилияның Ново-Гамбург қаласында «MOSTRATEC» 35-халықаралық білім көрмесіне қатысты. Онда әлемнің 35 елінен 752 оқушы бақ сынаған еді. Бұл додада Атырау облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ақбота Жұбатқан математика пәнінен І орынды иеленді. Білім ұясының тағы бір 11-сынып оқушысы Айданур Демирджи тарих пәнінен ІІІ орын алды.
– Жаз маусымының аяқталуына он шақты күн қалғанда сынып жетекшіміз «Mostratec» атты халықаралық ғылыми жобалар сайысы өтетінін хабарлады. Сол хабарды естіген соң дайындала бастадым. Алайда пандемияға байланысты аталған сайыс қашықтан өтетін болды. Соған қарамастан, сайыс өте қызықты өтті әрі мол тәжірибе жинадық. Байқау «Jitsi meet» атты видео-конференцияларға арналған мобильді қосымшаның көмегімен өтті. Біз өз жобамызды ағылшын тілінде қорғадық, – дейді Ақбота Жұбатқан.
Атыраулық оқушыларды аталған жобаға қыздар лицейінің бейінді оқу ісінің меңгерушісі Оксюз Рахман мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы Аққабыл Абиров дайындаған.
Атырау облысы