• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 30 Желтоқсан, 2020

Әлеуметтік салаға басымдық беріледі

238 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері өңірлерде тұрғындармен кездесуін жалғастырып жатыр. Кеше партия өкілдері Алматы облысына барды.

Сапар барысында «Инфраэнерго» электротехника өнімдерін шығара­тын кәсіпорын ұжымымен кездесіп, партияның өңірлік сайлауалды бағ­дарламасының негізгі басымдықтары талқыланды. Nur Otan алдағы 5 жылда өңірде 134 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды, 31 мың орынды құрайтын 80 жаңа мектеп салу арқылы үшауысымды оқу мәселесін шешуді, 120 ауылдың 190 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді, 72 денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ 120 мыңнан астам пәтер салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ сайлауалды штаб мүшелері БАҚ өкілдерімен, отандас-қандастармен және жастармен кездесті.

Алматы облысына сапары барысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бірқатар азаматтарды қабылдады.

Мәселен, қабылдауда Назерке Әбді­халықова Райымбек ауданында емхана салу мәселесін көтерсе, Шонжы ауылынан келген көп балалы ана Зағира Әлімходжаева салынып жатқан жал­дамалы тұрғын үй санын арттыруды өтін­ді. Ал Амангелді Шәріпқұлов Айтей ауылы тұрғындары электрмен жабдық­тау мәселесін шешу жөніндегі өтінішін жеткізді.

«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Азаматтармен әрдайым тығыз байланыста болу – біздің партиямызға көрсетілетін таусылмас халықтық қолдаудың қайнар көзі». Жалпы, үгіт кезеңі басталғаннан бері біздің қоғам­дық қабылдауларға 56 мыңнан астам өтініш түсті, оның ішінде 20 мыңдайы – сайлаушылардың ұсынысы мен аманаты. Кандидаттар мен сенім білдірілген тұлғалар 7,3 мың қабылдау өткізді. Халық тарапынан түскен барлық өтініш пен аманат ерекше партиялық бақылауға алынады», деді партияның Республикалық сай­лауалды штаб жетекшісі. 

Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтарды негізінен әлеуметтік мәсе­лелер толғандырады. Мәселен, өтініш­тердің 22 пайызы әлеу­меттік қамтамасыз ету жөнінде болған. Сондай-ақ келіп түс­кен өтініш­тердің 12 пайызы тұрғын үй мен жер учаскелерін бөлуге арналған. Бұдан бөлек, жұмысқа орналастыру және еңбек дау­­лары (8 па­йыз), денсаулық сақтау (6 па­йыз), білім беру (5 пайыз) мәселелері бар.

Айта кетерлігі, Nur Otan партиясы тұр­ғын­дарды толғандырған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр.