• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2013

Тараздағы тамаша турнир қазақ күресінің абыройын асқақтатты

562 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні «Қазақ­стан барысы» қазақ күресін дамыту қоры, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Жамбыл облысының әкімдігі қазақ күресінен алғаш рет «Еуразия барысы»­ халықаралық турнирін өт­кізді. Сәулеті мен дәу­леті жарасқан еліміздегі ең көне шаһар – Тараз қаласында жалау көтерген жарысқа Моң­ғолия, Түр­кия, Иран, Тә­жікстан, Польша, Ресей және Қытай балуандары қатысты.

Өткен сенбі күні «Қазақ­стан барысы» қазақ күресін дамыту қоры, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Жамбыл облысының әкімдігі қазақ күресінен алғаш рет «Еуразия барысы»­ халықаралық турнирін өт­кізді. Сәулеті мен дәу­леті жарасқан еліміздегі ең көне шаһар – Тараз қаласында жалау көтерген жарысқа Моң­ғолия, Түр­кия, Иран, Тә­жікстан, Польша, Ресей және Қытай балуандары қатысты.

Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы, ол ата-бабаларымыздан аманат болып қалған қазақ күресі десе делебесі қо­затын жанкүйерлердің көңілінен шықты. Турнир идеясының авторы, «Қазақстан барысы» қа­зақ күресін дамыту қорының төр­ағасы, республикалық Қазақ күре­сі федерациясының президенті Арман Шораевтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «Еуразия барысын» өткізуге бас демеуші болып, жарыс­ты өткіземіз деген күннен бастап барлық жағдайды жасаған.

– Жалауын Тараз қаласында көтерген бұл халықаралық турнир халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі – қазақ күресін дамытуға қоз­ғаушы күш болатын үлкен жарыс. Бұған дейін «Қазақстан барысы» бәсекесін өткізіп келсек, оның шеңбері, міне, енді «Еуразия барысы» сияқты ірі жобамен жарасымды жалғасын тауып отыр. Біз бұл жобаны сапалық тұрғыдан одан әрі дамыта бермекпіз. Мысалы, 2017 жылы елордамыз Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің аясында қазақ күресінен тағы бір үлкен жоба ұйымдастыруды жос­парлап отырмыз. Ол жоба – «Әлем барысы» деп аталады. Бұл турнирге дүниежүзінің көптеген елдерінің балуандары шақырылатын болады. Ал биылғы «Еуразия барысы» сол «Әлем барысының» алдындағы дайындық сияқты. Осы турнирді Тараз қаласында өткізейік деп, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың өзі ұсыныс айтты. Жаңадан ашылған «Тараз-Арена» спорт сарайындағы халықаралық жарыстарды ұялмай өткізуге болатын мүмкіндіктер де көңілімізден шықты. Сондықтан біз келісімімізді бердік, – деген ол бізге бәсеке басталар алдында берген жедел-сұхбатында.

(Соңы. Басы 1-бетте).

Турнирдің ашылу салтанаты да өте жақсы ұйымдастырылды. Алдымен халқымыздың салт-дәстүрі мен көне жауынгерлік өнерінен мағлұмат беретін театрландырылған қойылым көрсетілді. Содан соң 8 команда жеребе бойынша екі топқа бөлініп, қарсыластарын анықтады. Жарыс ережесі бойынша алғашқы екі кездесуді жеңіспен аяқтаған командалар бірден финалға жолдама алатын болса, бір команданы ұтып, екіншісінен жеңілген команда үшінші орын үшін «жұбаныш» кездесуін өткізіп, ұтқандары үшінші орынға, жеңілгендері жарыстағы ұпай санына қарап, бесінші және жетінші орынға таласатын болып шешілді.

Турнирді Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев ашты. Одан кейін қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы Бейбіт Ыстыбаев бастаған Қазақстан балуандары Иран командасымен белдесуді бас­тап кетті. Алғашқы белдесуде Аб­зал Арыстанбеков, Ерлан Естек, Ер­сін Мұхамеджанов, Мұхит Тұрсы­нов және Бейбіт Ыстыбаев есімді жігіттеріміз қарсыластарын түгел жеңіп шықты. Олар екінші кездесуде Тәжікстан командасын да осылай таза ұтты. Сосын жарыс ережесі бойынша қазақ балуандары финалға жолдама алды. Моңғолия балуандары да алғашқы екі кездесуін жеңіспен аяқтады. Сөйтіп, олар да ақтық сынға шықты. Моңғолдар сапындағы нағыз алып Сұғаржалғал Болдпруев «сен тұр, мен атайын­ның» өзі көрінді. Басқалары да оңай шағыла салатын жаңғақ емес.

Моңғолия балуандарының ара­сын­да Серік Бердімұрат атты қанда­сы­мыздың да белдесуге шық­қа­нын айта кеткен жөн. Және ол өте тамаша өнер көрсетті. Моңғол­дар алдымен Түркия, одан кейін Ресей командасын тізе бүктірді. Жан­күйерлер де олардың алымдылығы мен шалымдылығына разы болды. Түркия мен Ресей балуандары да қазақ күресін жақсы меңгергендерін байқатты. Әсіресе, Ресей коман­да­сындағы балуандардың жеңіске деген жігері тәнті етті. Өйткені, Ресей елінде бірнеше жылдан бері қазақ күресі федерациясы жұмыс істеп, аталмыш күрестің дамуына сеп­тігін тигізіп келе жатқан көрінеді. Сондықтан болар, теріскейдегі көр­шіміз турнирге жеңіс үшін келгенін көрсетіп, әр белдесуін жақсы өткізуге тырысты. Бір айта кетерлігі, Ресей командасында көбінесе белбеу күресімен айналысатындар бақ сынасты. Белбеу күресі – түркі халықтарына ортақ жекпе-жек. Бұл күрес, әсіресе, татар мен башқұрт халықтары арасында кеңінен дамы­ған. Онымен айналысатын балуандардың білек күші мен белі мықты болып келеді. Сондықтан болар, ағайынды Артем мен Дмитрий Ковалевскийлер көзін ашқаннан қазақ күресімен шұғылданып жүр­гендей таң-тамаша етті.

Түркияның туын ағайынды Ердал мен Бюлент Доғандар көтеріп шықты. Бірақ Анадолы елінің бура сан балуандары ресейліктер сияқты жүлделі орынға таласа алмай, алтыншы орынды қанағат тұтты. Ал үшінші орын үшін өткен кездесу Ресей командасының жеңісімен, яғни 4:1 болып аяқталды. Рет-ретімен айтсақ, Тәжікстан мен Иран балуандары да жүлделі орын үшін барын салды. Алғашқы екі кездесуде Қазақстан мен Моңғолиядан ұтылған олар да бір-бірімен үшінші орын үшін «жұбаныш» белдесуін өткізді. Осы бәсекеде тәжіктер парсы елінің балуандарын 4:1 есебімен ұтып, Ресей балуандарымен қола жүлдеге таласу үшін жолдама алды. Ал Иран спортшылары болса, Түркия балуандарын осындай есеппен жеңіп, бесінші орынды иеленді. Қытай мен Польша командасы әліптің артын бағып, ел көріп, жер танып, қазақ күресінің қыр-сырын біліп қайтуға келгендей кейіп танытты. Өйткені, Қытай командасы алдымен Ресей командасымен өткізген белдесуде есе жіберсе, жетінші орын үшін болған бәсекеде Польша балуандарынан жеңіліс тапты. Қытайлар екеуінде де 2:3 есебімен жеңілді. Қытай командасында Ішкі Моңғолия өлкесінде тұратын бірыңғай моңғол балуандары қатысқанын да айта кеткен ләзім.

Қай спорт түріне де қыры бар ресейліктер қола жүлде үшін барын салды. Сондықтан болар, тәжік-орыс балуандары арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Оның үстіне ресейліктер жауапты кездесуге моңғол алыбымен күресіп жүріп жарақат алып қалған спортшысын қатыстырмады. Бұл – тәжіктерге бір ұпайды белдеспей жатып беріп қойды деген сөз. Дегенмен, ресейлік Сергей Филиппов бірінші белдесуде таза жеңіске жетіп, есеп басын теңестіріп берді. Осыдан кейін тартыс қыза түсті. Себебі, тағы бір тәжік жеңіске жетті де, командасын 2:1 есебімен алға шығарды. Енді кілемге ресейлік Артем Ковалевский шықты да, қолайына келіп тұрған қарсыласына жақсы әдіс қолданып, таза жеңіске қол жеткізді. Есеп осылай 2:2 болды. Жанкүйерлер үшін қызықтың көкесі де осы еді. Өйткені, кімнің кім екенін анықтайтын шешуші белдесудегі балуанға артылар жүк те ауыр. Бірақ ресейлік Дмитрий Михалев Ресей елінің қай спорт түрінен де оқ бойы алда тұратынын дәлелдеп, тәжік Олимджон Авезовтің ойланбастан жасаған қимылын ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, таза әдіс-айласы арқылы жеңіске жетіп, Ресей командасына қола жүлде алып берді.

Финал. Кілем төселген дөң­ге­лек тақтаға Моңғолия және Қазақ­стан балуандары көтерілді. Өз балуандарымыздың дене бітіміне көзіміз үйренген ғой, ал моңғол маңғаздарының түрі тым сұсты көрінді. Жеңіс үшін ештеңеден тайын­байтындай. Әсіресе, Сұғаржалғал Болдпруевтің қас-қабағының өзі-ақ қарсыласын қаймықтырғандай. Бірақ қай спортта да жеңіске атақ емес, алаң үстіндегі сайыс қана қол жеткізетіні сияқты, қазақ балуандары кілемге шыға салысымен-ақ көрсетті кімнің кім екенін. Белдесуді әдеттегідей 60 кило салмақ дәрежесіндегі балуандар бастады. Алғашында моңғол балуаны Херлен Ганболд шапшаң және шалт қимылды көрініп, қарсыласына ентелей ұмтылып, жұлқылай тарт­қылап, жеңіске ұмтылып-ақ бақ­қан. Бірақ Абзал Арыстанбеков ебін тауып ұпайын еселей берді. Соның нәтижесінде командасына алғашқы ұпайды әперді. Бұдан кейін 70 кило салмақтағы Ерлан Естек атты балуанымыз моңғол Миа­рагча Санжаасуреннен басым түскен. Бірақ оның бұл жеңісі қарсы­ластар тарапынан күмән туғыз­ғанымен, төрешілер алқасы жеңісті Ерланға берді. Белдесуге 80 кило салмақ бойынша шыққан балуандар арасындағы бәсекеде де дәл осындай көрініс қайталанды. Өте тартысты басталған бұл белдесуде моңғол Ған Төвшинжарғал қазақ Ерсін Мұхамеджановты таза жеңіске қол жеткізетін әдіспен, шалып жыққан болатын. Алайда, төрешілер моңғол балуанының әдісін есепке алмай қойды. Моңғол балуаны әдісінің бейне жазбасы монитордан қайталап көрсетілген соң төрешілер оған «жартылай жеңіс» ұпайын берді. Сөйтіп, белдесу тең есеппен аяқталды. Мұндай жағдайда жеңімпазды анықтау үшін қоян-қолтық белдесу өткізуге мүмкіндік берілді. Міне, осы мүмкіндікті Ерсін тиімді пайдаланып, қарсыласын таза ұтты. Осыдан кейін Қазақстанның бас жүлдеге қол жеткізгені бел­гілі болды. Сондықтан 90 кило сал­мақтағы Мұхит Тұрсынов пен Серік Бердімұраттың арасындағы белдесу ештеме шешпейтін. Деген­мен, моңғол елінің қазағы Се­рік нағыз сайыпқыран екен, ешқандай айла-тәсілге алдырмай тартысты бәсеке өткізді. Жеңіс те моңғолдық сол қазақ бағланының еншісінде кетті.

Ең соңында жанкүйерлердің көптен күткен белдесуі де жетті. Кілем үстіне екі алып шықты. Бірі – қазақ, екіншісі – моңғол. Қазақтың аты-жөні ел жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол – бойының ұзындығы 1 метр 94 сантиметр, ал салмағы 154 кило Бейбіт Ыстыбаев болса, екіншісі – бойының ұзындығы 1 метр 94 сантиметр, ал салмағы 194 кило Сұғаржалғал Болдпруев болатын. 2012 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың атақ-даңқын айттық, ал моңғол балуаны басқа атақ-даңқтарын айтпағанда, Қазан қаласында биыл жазда өткен Бүкіл­әлемдік Универсиаданың чемпионы атаныпты. Сондықтан «Тараз-Арена» спорт сарайына төселген кілем үстінде ежелгі грек аңыздарындағы от шайнап, мұз бүркетін алыптар шарт та шұрт шайқасып жатқандай көрінді. Бірақ аңдысу ұзаққа созылған жоқ, мызғымас жартас­тай көрінген маңғаз Сұғаржалғал Болдпруев келесі сәтте қопарыла құлаған теректей болып қазақ балуа­ны Бейбіт Ыстыбаевтың астында жатты. Қобалжыған көңіл орнына түсті. Көзге қуаныш жасы үйірілді. Бейбіт салмағы өзінен анағұрлым ауыр, оның үстіне құрыштан құйған сом темірдей денелі моңғол балуаны Сұғаржарғал Болдпуревті жеңу үшін өзінің үйреншікті әдісін қолданып, таза жеңіске жетті.

Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев турнир жеңімпазы – Қазақстан командасына 50 мың АҚШ доллары мен «Алтын тайқазанды» табыс етсе, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоғамдық қорының төрағасы Арман Шораев пен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкиев екінші орынды иеленген моңғол және үшінші орынға ие болған Ресей командаларына тиісінше 30 мың АҚШ доллары мен 10 мың АҚШ долларымен құттықтады.

Халқымызда «Той тойға ұлас­­­сын» деген баталы сөз бар. «Еура­зия барысы» турнирін отандық «Қазақ­стан» ұлттық арнасы мен «KAZsport» телеарнасынан басқа ресей­лік «Боец» пен түркиялық «ТРТ» арналары дүние жүзінің түк­пір-түкпіріндегі көрермендерге тіке­лей эфир арқылы таратып, тойымыз­ды тойға, ойымызды ойға ұлас­тырды.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

ТАРАЗ.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар