Тыңға түрен салған тұңғыш ғалымдар деген тұста, екі адамның аты-жөні қашанда көкейде жаңғырып тұрады. Бірі – ұлттың ұлы ұстазы, һәм рухани көсемі, ғұлама тілші-ғалым, күллі қазақ қоғамдық ғылымдарының бастау-көзінде тұрған түркітанушы (қазақтанушы) Ахмет Байтұрсынұлы болса, екіншісі – жаратылыстанудың сан саласынан қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазған оқымысты дәрігер, энциклопедист ғалым Халел Досмұхамедұлы.
Тыңға түрен салған тұңғыш ғалымдар деген тұста, екі адамның аты-жөні қашанда көкейде жаңғырып тұрады. Бірі – ұлттың ұлы ұстазы, һәм рухани көсемі, ғұлама тілші-ғалым, күллі қазақ қоғамдық ғылымдарының бастау-көзінде тұрған түркітанушы (қазақтанушы) Ахмет Байтұрсынұлы болса, екіншісі – жаратылыстанудың сан саласынан қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазған оқымысты дәрігер, энциклопедист ғалым Халел Досмұхамедұлы.
1903-1909 жылдары Академия қабырғасында студенттік жылдарын өткізген Халел тек адамның тән жарасына шипа іздейтін дәрігер болып қана қоймай, өз замандастары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды халқының жан дертіне үңілген қайраткер, ескінің көзі, жаңаның басы бола білді. Халел Досмұхамедұлы Петерборда, Императорлық Жол қатынастары институтында оқыған В.В.Бартольд, В.В.Радлов, Бодуэн де Куртене сияқты атақ-даңқы айшылық жерге жайылған бірегей ғалымдардың дәрісін тыңдады, олардың қырағы көздеріне шалынды.
Осы орайда, энциклопедист Халелдің көп тіл білген полиглот екенін де жастардың біле жүргені жөн. Оның жеті жұрттың тілін меңгеруге күш салғаны, оған мұрша-мүмкіндігі болғаны да осы Петерборда оқыған студенттік кезі еді. Ол алдымен ана тілін сүйді, қадірледі. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші. ...Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт», дейді ғалым-дәрігер. Ал оның мына бір тарихи жазбасы тура бүгінгінің жастарына бағышталғандай әсер қалдырады: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Ана тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру зор қате. Бұл – оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпау керек».
Біз ғұламаның аттан түспей, Алаштың көсемі болған күрес жылдары мен айдаудағы азапты айларын аттап өтіп, оның ғылыми-шығармашылық һәм қоғамдық-педагогикалық қызметпен шындап айналысуға мүмкіндігі туған «Ташкент кезеңіне» және осы 1921-1928 жылдары атқарған ұлан-ғайыр тындырымды істеріне ғана тоқталмақпыз.
1920 жылдың соңына таман Х.Досмұхамедұлы көптеген «алашшыл» қазақ оқығандары қатарында Түркістан Автономиялы Республикасының орталығы Ташкент қаласына келеді. Осы жылы тамыздың 21-і күні Түркістан Республикасының Халық ағарту комиссариаты жанынан туыстас түркі халықтарының оқу-ағарту, мәдени һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы Білім комиссиясы құрылады. Ол алдымен осы комиссияның мүшесі (төрағасы – И.Тоқтыбайұлы), кешікпей төрағасы (1921-1923) болады. Оның органы есепті «Сана» журналын шығарады, «Талап» атты әдеби-мәдени бірлестік ұйымдастырады... Осы жылдардағы архив деректеріндегі Х.Досмұхамедұлының өз қолымен жазылған ғылыми есептер қазақ мектептері үшін алғашқы оқулықтардың жазылу тарихы мен баспа ісінің жолға қойылуы, жалпы Түркістан Республикасы мен Қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жай-күйі туралы көп мағлұмат береді.
Біздің айтпағымыз: осы жылдардағы Х.Досмұхамедұлының ұйымдастырушылық жұмысының арқасында кейін сан салаға жіктеліп өрістеген қазақ ғылымының іргетасы қаланды, ол ғылым-білімнің, оның ішінде түркітанудың (қазақтанудың) алғашқы дәнін себуші, көшетін көктетуші ретінде бағалануы қажет. Ғалым бірінші кезекте қоғамдық ғылымдарды дамытуға күш салды. Әсіресе, Ә.Диваевтың ел арасынан 35 жыл жинаған ауыз әдебиеті үлгілеріне ерекше назар аударып, экономикалық жағдайдың ауырлығына қарамай, оны сатып алуға қаржы тапты. Сырдария мен Жетісу облыстарына тұрақты түрде кешенді этнографиялық экспедициялар ұйымдастырды. Қазақ тілінің (түсіндірме) сөздігін түзуге мұрындық болды.
Х.Досмұхамедұлының биология мен зоология, медицина мен жаратылыстану саласындағы алғашқы оқулықтарының тілі, осы салалар бойынша оның қазақ терминологиясына қосқан үлесі әлі күнге арнайы зерттеу объектісі болған емес. Оған бір жағынан біздің де «кінәміз» бар. Өйткені, кезінде Халекеңнің мұрасын жинастырып, оны араб қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшірген жылдары біз аталған оқулықтардың алғашқы 10-15 бетін ғана қайталап жариялаған болатынбыз. Кезінде уақыт жетімсіздігі мен кітап көлемін белгілеген баспа талабына құлақ асқанымыздың үстіне, ол оқулықтар заманауилық тұрғыдан ескірді, мәнін жоғалтты деген ой-пікірде болғанымыз да жасырын емес. Әйтсе де соңғы жылдары қазақ ғылыми терминологиясына ерекше сұраныс туған кезеңде ғалымның еңбектерін тұтастай оқып-көргісі келушілер, оның төл терминдік жүйесіне қызығушылар көбейді. Бірақ, өкінішке қарай, оны қазіргі жазу үлгісіне көшірем деп ешкім белсеніп суырылып шыға қоймады. Сондықтан ғалымның биология мен зоология, медицина мен жаратылыстану саласындағы ғылыми терминологиясын зерделеу, талқылап талдау ісі де түпнұсқалар айналысқа түспегендіктен тоқталып тұр.
Ал ағартушы-ғалымның қазақ ғылыми терминологиясына қосқан үлесін арнайы сөз етудің әбден қажеттілігінің тағы бір басты себебі бар. Өйткені, Х.Досмұхамедұлы – білгір түркітанушы, тілші-ғалым. Сондықтан да оның термин түзушілік қызметін жай сала маманының ділгірлігінен ғана туған құбылыс деп емес, ерекше жауапкершілік жүктеген, тіл қамы мен қамытын қоса сүйреген лингвист еңбегі деп бағалаған орынды.
Х.Досмұхамедұлы түркітанушы дегенде біз алдымен оның «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты кітапшасы мен «Диуани лұғат ат-түрк» мақаласын ауызға аламыз. Оның сыртында әлі қолымызға түспеген мұралары мен «Түркі тілдері туралы» сынды авторлығы толық анықталмаған және әліпби ауыстыру мен термин (пән) атауларын қалыптастыру хақындағы талас-тартыстарда айтылған пікірлерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Мамандығы дәрігер ғалым ең алдымен қазақ (түркі) тілінің құрылымы мен жүйесін, оның фонетикасы мен грамматикасын терең меңгеруімен таңғалдырады.
«Түрік тілі – жалғамалы тіл. Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді. Қазақ-қырғыз тілі – түрік тілінің бір тарауы. Сондықтан қазақ-қырғыз сөздері де түбірін өзгертпей, аяғына қосылған жалғаумен өзгереді, – дейді де, бұл тілдік заңдылыққа анықтама береді. – Қазақтың негізгі жалқы сөзінің түбірінде жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар бәрінің бірдей дауыспен (не жуан, не жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармонизм» дейді. Сингармонизм деген сөз, қазақша айтқанда, үндестік, ұйқастық деген мағынада». Оның өзге де түрік тілдерінің жүйе-құрылымымен таныстығына мына жолдар дәлел: «Сингармонизм түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті. Түрік тілдерінің көбі (Ыстамбұл түріктері, Қазан ноғайы, сарт-өзбек, тағы талайлар) түрік емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп араласқандықтан осы айрықша қасиетінен айырылып қалып отыр. Осы күндерде қазақ-қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түріктікті сақтаған елдердің тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр» . Одан әрі тілімізге ертеректе араб-парсыдан, орыс тілінен енген кірме сөздердің (Халекең «жат сөздер» дейді) үндестік заңына бағынғандығын дәлелдейді. Одан әрі ғалым түрлі-түрлі тілдердің жіктеліс, классификациясына тоқталады. «...Әр топтың бір-бірінен айырмасы түрік тілінің маңғұл иә фин тілінен айырмасындай», – деген полиглот-ғалымның пікірі оның өз дәуірінің барша ғылыми жаңалығымен таныстығын, әсіресе, түркітанудың заманауи білім-біліктерін, ақпарат-мәліметтерін игергендігін танытады.
Кітапшаның соңында ғалым әрбір жастың ана тілінде сауат ашып, ұлттық білім алуының маңыздылығына ерекше назар аударады. «Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды... Әксент туады, бөтенше сөйлеуге, бөтен елдің адамынан айырылмастай болып сөйлеу бұларға өте қиын болады»; «Орыс мектептеріне кіргендердің есі-дерті орыс тілін жақсы білу, орысша жақсы сөйлеу болатын еді. Орыс мектептеріндегі оқытулардың да бар тілегі жасөспірімге орыс тілін жақсы білдіріп, орыс тілін ана тіліндей қылып жіберу еді», – деген ескертпесін 70 жыл білмей, бойымызға сіңірмей келгеніміз қандай өкінішті!?.
Ғалымның «Диуани лұғат ат-түрк» мақаласы да дәл осындай заманауи өзектілігімен, ғылыми тереңдігімен және тарихи-рухани мұраға деген үлкен жанашырлығымен ерекшеленеді. Түркияда А.Рифат әфәнді бастырған үш томдық М.Қашқари сөздігін жаһандық соғысқа байланысты алдырта алмағандығын, енді ғана қолына тигеніне риза бола отырып: «Түрік азаматтарының білімге, түрік ұлтының тілі мен әдебиетіне мынадай назар салғандықтарына қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр», – дейді ғалым. Одан әрі: «Бірақ сонда-дағы бұл кітаптың басылуы өзінің жақсылығымен осы күнге дейін Түркияда басылған бұрынғы кітаптардан айырылып тұр. Қатасын түзетуге артықша назар салғандық, жете қарап бастырғандық, қолдан келгенше түп (оригинал) кітаптың суретін сақтауға ыждаһат қылғандық... Түркияда кітап басуға осындай артық назар салуды көріп, біздің қуанышымыз екі есе болып отыр», – деген жолдардан оның мұраға деген махаббат-ыждағаты, баспагер-редакторлық тәжірибесінің молдығы сезіліп тұрады. Осы сын-рецензия есепті көрінетін, ал шындығында толымды зерттеу еңбегінде Х.Досмұхамедұлы түркі тілінің тарихын сөз ете отырып, өзін диапазоны кең тарихшы ғалым ретінде көрсетеді. Шағын шолуынан біз оның Йусуф Хас Хажиб жазған «Құдатғу білікпен» де жан-жақты таныстығын аңғарамыз. Сонымен бірге, ол арабша «Түрк-мағол-парсы тәржіманы» (Хоутсма һәм Мелиоранский нәшрі), Абу Хайан әл-Гарнатидің «Китаб әл-идракы», Мысырдан табылған «Гүлстан» тәржімесі, «Құман һежесі – Кодекс Куманикус» сияқты түркологияның әлемдік жауһарларының тек атын емес, сын-сипаттарын да ерекшелеп атап, бүгінгі жоғары білімді филологтардың өзін таңғалдырады. Тіптен ол осы мақаласында әл-Фараби есімін де ауызға алып (мүмкін қазақ баспасөзінде тұңғыш рет!), кемел білімдарлығымен бізді айрықша қайран қалдырды: «Ислам дүниесінде иктисадий ғылымдарды Сырдария жағасынан барған бір түрік ғалымы (Фараби) бастап жазған болса, М.Қашқаридың да таза бір диуани (светский) ғалым, дүнияуи жағрафия һәм тіл ғалымы болып, кітабын мынадай бір жолға қойды». Одан әрі 1923 жылы Тәшкенде жарық көріп, кейін тыйым салынған мақаламен танысқан жан 1970-1980 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінің аудиториясында отырып, профессор Б.Кенжебаев сынды жаңашыл ғалымның енді-енді жария бола бастаған тың да даулы ой-пікірлерімен танысқандай әсерде болады: «Түрік қауымының тіл, әдебиет һәм мәдениет тарихы үшін 1889-жылы Орхон жағаларында Ядринцев тапқан, Томсен, Радлов һәм басқа ғалымдар тарапынан үйреніліп, нәшр етілген, барлық мәдениет, хан дүниесінің назарын өзіне қаратқан, хан ерлерінің фікірін алыстырған ескі түрік, Орхон «бітіктастары» қандай аһамиаты болса, Махмұд Қашқари кітабының да аһамиаты сондай. Махмұд Қашқаридің түрік қауымына, өз ұлтына мунасабаты Күлтегін, Білге хандардың мунасабатындай һәм түрік руларын, түрік тілін білуі, әсіресе, білімі олардан артық болған».
Х.Досмұхамедұлы рухани-мәдени өміріміздегі тағы бір шыңы, өшпес тарихи ізі – қазақ поэзиясының классигі, жыраудың соңы, ақынның басы Махамбеттің алдаспан жыр-толғауларын жинап, хаттап, арнайы кітап құрастырып, бүгінгі ұрпаққа мирас қылуы. Өткенін қастерлеген халықтар үрдісіне ден қойсақ, ол осынау жалғыз-дара ерлік-еңбегімен – махамбеттанушы ретінде, оның бастау-көзінде тұруымен ғана өз-өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып, ұлттың ұлы көшті шежіресіне атын алтын әріппен жазып қалдырды.
Ғарифолла ӘНЕС,
филология ғылымдарының докторы,
Әбілхан СЕЙТІМҰЛЫ,
саясаттанушы.