Биыл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге арналған бірқатар маңызды заң қабылданды. Сондай-ақ көптеген заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ендеше, бүгінгі мақаламызда соларға аз-кем шолу жасап, солардың ішінде ел еңсесін көтерген заңға арнайы тоқталуды жөн көрдік.
2020 жылы қабылданған заңдардың бірегейі «Ардагерлер туралы» заң десек қателеспейміз. Бұған дейін мемлекеттен жеңілдіктер мен кепілдіктер алатын ардагерлердің саны 169 мың еді. Ендігі жерде аталған заңның қабылдануына байланысты мемлекеттік қолдау шаралары 180 мыңнан астам ардагерді қамтиды.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген тұлғалар көлік, мүлік салықтары, соттарда мемлекеттік баж төлеу, азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде және тағы басқа салықтардан, мемлекеттік баждардан босатылды. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге де жеңілдіктер мен өтемақылар берілді. Соған сәйкес, 10 мыңнан астам ардагер жаңадан мемлекеттің арнайы жәрдемақысын алады.
Чернобыльдегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 12 725 теңге (4,8 айлық есептік көрсеткіш). Жаңадан енгізілетін санат үшін де осындай өтемақы қарастырылған. Ал Қазақстанның Еңбек Еріне, Социалистік Еңбек Ері және үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің кавалерлеріне 138,63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді (2020 жылғы есептеу бойынша 367 508 теңге).
Биыл қолданысқа енгізілген өзекті заңның бірі педагог мәртебесін анықтауға бағытталды. Жалпы, бұл құжат Парламентте 2019 жылы талқыланған-ды. Заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 желтоқсанда қол қойды. Яғни заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Соған сай, ұстаздардың құқықтары кеңейтіліп, өзіне тән емес жұмыстан босатылып, жүктемесі азайды. Мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді. Материалды емес стимул тетіктері қарастырылып, материалдық ынталандыру көзделген.
Осылайша, 2020 жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Алдағы төрт жылда тағы екі есеге көтерілмек. Сондай-ақ педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады. Бұдан бөлек, Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді.
Заң аясында бірқатар қосымша ақы қарастырылған. Мәселен, тәлімгерлік үшін 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни 17 мың теңге төленеді. Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 және 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі.
Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді. Магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізілмек.
Сонымен қатар 182 мың сынып жетекшісі және дәптер тексергені үшін 165 мың мұғалім қосымша ақы алады. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының біліктілік санатына байланысты жалақысы артады.
«Педагог мәртебесі туралы» заңға сай, бұдан былай «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі және ол мемлекеттік наградалар қатарына қосылды. Бұл атақты иеленген ұстазға 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді (шамамен 2,6 миллион теңге).
Жалпы алғанда, жаңа құжаттың игілігін жарты миллионнан астам ұстаз көреді. Заңда айтылған міндеттерді орындау мақсатында алдағы бес жылда 5,3 триллион теңге қарастырылған.
Биылғы парламент қабылданған маңызды құжаттардың бірі – ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар екені сөзсіз. Әсіресе, коронавирус пандемиясы қарқын алып, карантин енгізілгенде мұның өзектілігі арта түсті. Бүкіл білім ордалары онлайн оқуға көшкендіктен, кең жолақты интернет бармаған ауылдар сабақ оқи алмай қиналғаны есімізде.
Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінге дейін 3 324 ауылға кең жолақты интернет жеткізілген. Әрине, оның сапасы туралы әңгіме бөлек. Алайда әлі күнге 2 мыңнан астам ауыл жаһандық желінің игілігін көре алмай отыр. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, елді мекендерге интернет жеткізудегі кедергілер жойылады. Соның нәтижесінде, екі жыл ішінде бүкіл елді мекендердің 97 пайызын жаһандық желімен қамту көзделіп отыр.
Айтпақшы, ауылдарға интернет жеткізу екі бағытта жүргізілмек. Біріншісі – талшықты-оптикалық байланыс желісі. Мұндай желі 1 250 елді мекенге тартылады. Екіншісі – мобильді байланыс. Қалған ауылдарға жаһандық желі осындай тәсілмен жеткізіледі.
Сонымен қатар биыл «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң, Экология кодексі, көші-қон мәселелері, еңбек мәселелері бойынша заң қабылданды. Бұлардың қай-қайсысы да қоғамның дамуы үшін, халықтың жағдайын жақсарту үшін өзекті заңдар.