• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2013

Озық білім ордасы

280 рет
көрсетілді

 

Елімізде «КАТЕV» халықаралық қорының құрылғанына жиырма жылдан асып барады. Көзі қарақты, газет-журналды үзбей оқитындар болмаса оның қандай қор екенін біле бермейтіндер көп. Түрікше «қазақ-түрік ейтим вакфы» деген сөздердің алғашқы әріптерінен құрастырылған қордың қазақша толық атауы «Қазақ-түрік халықаралық білім қоры» деген мағынаны береді.

Ол 1997 жылы, Қазақстанда түрік азаматтары мен қорларының қолдауы арқылы ашылған білім беру мекемелерінің қызметін үйлестіру мақсатымен құрылған болатын. Қазақ-түрік лицейлері алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Пре­зиденті Тұрғыт Озалдың екіжақты келісімінің негізінде 1992 жылдан бастап ашыла бастаған. Алғаш ол Алматы, Көкшетау және Түркістан қалаларында ашылды. Ал «КАТЕV» қорының құрылған уақытын алғашқы лицейлердің ашылған жылынан есептейді. Жақында осы қордың президенті Мехмет Месут ата мемлекеттік тілді көркейтуге қосқан үлесі үшін қоғамдық «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ұсынылған 100-ден артық үміткердің арасынан білікті комиссия 27 адамның бірі етіп «КАТЕV» қорының басшысын таңдап алуы тегін емес. Қазақ-түрік оқу орындарының және олардың үйлестірушісі «КАТЕV» қорының Қазақстандағы орны қандай деген сұрақтарға төменде қордың президенті Мехмет МЕСУТ ата жауап береді.

Елімізде «КАТЕV» халықаралық қорының құрылғанына жиырма жылдан асып барады. Көзі қарақты, газет-журналды үзбей оқитындар болмаса оның қандай қор екенін біле бермейтіндер көп. Түрікше «қазақ-түрік ейтим вакфы» деген сөздердің алғашқы әріптерінен құрастырылған қордың қазақша толық атауы «Қазақ-түрік халықаралық білім қоры» деген мағынаны береді.

Ол 1997 жылы, Қазақстанда түрік азаматтары мен қорларының қолдауы арқылы ашылған білім беру мекемелерінің қызметін үйлестіру мақсатымен құрылған болатын. Қазақ-түрік лицейлері алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Пре­зиденті Тұрғыт Озалдың екіжақты келісімінің негізінде 1992 жылдан бастап ашыла бастаған. Алғаш ол Алматы, Көкшетау және Түркістан қалаларында ашылды. Ал «КАТЕV» қорының құрылған уақытын алғашқы лицейлердің ашылған жылынан есептейді. Жақында осы қордың президенті Мехмет Месут ата мемлекеттік тілді көркейтуге қосқан үлесі үшін қоғамдық «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ұсынылған 100-ден артық үміткердің арасынан білікті комиссия 27 адамның бірі етіп «КАТЕV» қорының басшысын таңдап алуы тегін емес. Қазақ-түрік оқу орындарының және олардың үйлестірушісі «КАТЕV» қорының Қазақстандағы орны қандай деген сұрақтарға төменде қордың президенті Мехмет МЕСУТ ата жауап береді.

– Мехмет-бей, алған құрметіңіз құтты болсын.Енді Сіз түркиялық профессор Әбдіуақап Қара, Еуропа қыпшақтары қауымдастығының президенті Вад Ласло, Мюнхен университетінің профессо­ры Кайум Кеснжи және т.б. қата­рын­­да осы құрметке бөленген шет­­елдік азамат болдыңыз. Біздің оқырмандарымызға «КАТЕV» қо­рының жұмысы және оның аясында ашылып жатқан Қазақ-түрік оқу орындарының елімізде көбейе беру сыры туралы айтып берсеңіз?

– Түрік пен қазақ халықта­ры­ның туыстығында, өзара бауыр­ластығында шек жоқ екені белгілі. Қазақ халқының басына түскен сонау қиын-қыстау жылдарда, нақтырақ айтсақ 1952 жылы жер-көк сыйдырмаған қазақ бауырларымызды Түркияның құшақ жая қарсы алғанын білесіздер. Осы күні Бұланай (Гималай) тауынан барынша дайындалған, оттегі жетпейтін кеңістікті бағындыруға арнайы дағдыланған спортшы – альпинистердің өздері де зорға өтетінін білеміз. Ал біздің қазақ бауырлар қысымның күштілігінен мал-жандарымен, соның ішінде әйел, бала-шағасымен, қарт адамдарымен туған жері Шығыс Түркістаннан қашып, сол Гималай мен Тибеттен еш дайындықсыз асуға мәжбүр болған. Осы сапар барысында қаншама адамдардың, малдардың қырылғанын да бүгін біліп отырмыз. Осынша азаппен келген оларды Үндістан мен Пәкстанның дала­сындағы Кашмирге де сыйғызбайды. Сол кезде көш бастаған ерлер «қазақ босқындары қоғамын» құрып, соның екі мыңдай мүшесінің атынан өздерін паналатуды сұрап Түрік өкіметіне хат жазған.

– Барлық тарихты жақсы біледі екенсіз...

– Әрине. Мен бұл тарихты Түр­кияда жүргенде білген болатынмын, артынан Қазақстанға келгенде анықтай түстім. Қазір қазақ бауырларымыздың тарихын да бұрынғыдан гөрі тереңірек біліп келемін.

– Ал, сіз сол кезде Түркия өкі­­ме­тін басқарып, қазақтарды қа­былдау туралы шешім шығар­ған кімдер екенін білесіз бе?

– Әлбетте... Қазақ бауырларды қабылдау туралы 1952 жылдың 13 наурызындағы өкіметтің қаулы­сына сол кездегі Бас министр Аднан Мендерес қол қойып, оны Президент Жәлел Баяр мақұлдаған. А.Мендерес мырзаның өзі тіпті босқындарға барып, олардың балаларына өз қолымен сый-сияпат үлестірген. Былтыр бұл оқиғаның 60 жылдығы Түрік Республикасында кеңінен аталып өтті. Түркиялық қазақтар және Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде істейтін қызметкерлер, туристік немесе арнайы сапармен сол кезде Түркияға барған қазақстандықтар, түрік халқының зиялы қауымы мен жергілікті билік өкілдері Ыстамбұл қаласындағы осы екі тұлғаның кесенесіне барып, рухына тағзым етіп, құран бағыштағанын естідім. Біздің «КАТЕV» қорымыз сол дәстүрді жалғастырып, қазақ бауырларымыз үшін игілікті істер атқарып келеді.

– Дұрыс-ақ... Ал енді «КАТЕV-тің» бүгінгі жұмысына оралайық.

– Капиталистік қоғамдық қаты­настарда халықтың сұра­ныстарына ие болатын дүниелер ғана дами алады. Егер қазақ-түрік оқу орындарының саны 20 жылда 10 есе өскен болса, оның халық сұраныстарына сай екендігін көруге болады.

1993 жылы олардың саны 15, 1994 жылы 24 болған. Бұлардың бәрі дерлік қазақ-түрік лицейлері деп аталған орта білім беретін мекемелер. Бүгінгі күні осындай лицейлермен қатар Астана, Өскемен қалаларында халықаралық мектептер, Алматы және Тараз қалаларында екі колледж, бұлардың үстіне Алма­тыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетті қоссаңыз қазақ-түрік оқу орындарының саны 30-ға жетіп қалады. Бізде қызмет істеп, білім беретін түркиялық жігіттер мен қыздардың бәрі де Түркияның және шетелдің үздік оқу орындарын тәмамдағандар. Оқу орнының бағасын түсірмес үшін біз тек үздік мамандарды ғана жұмысқа қабылдаймыз. Қазақ­стандық мамандарымыз да сондайлар. Біздегі гуманитарлық пәндер, атап айтқанда тарих, география, қазақ әдебиеті, әскери дайындық, өзін-өзі тану және т.б. тек қана қазақ тілінде жүргізіледі. Ал биология, химия, математика, физика, информатика сияқты жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Өйткені, әлемдегі ғылым тілі – ағылшын. Сондықтан ғылымға бейім балалар осы бастан ағылшын тілін еркін меңгерсін деген мақсат алға қойылған. Ал түрік, орыс тілдері шетелдік тіл­дерді үйрету бағдарламасымен оқытылады. Сөйтіп, біздің мектеп­терімізді бітірген түлектер төрт тілде еркін сөйлеп, және соның ішінде, ғылым тілін еркін меңгеріп шығады. Айта кетерлігі, біз Қазақ­станның мемлекеттік органдары бекіткен оқу стандарттарынан да ауытқымаймыз. Дегенмен, әлем­­­дік озық тәжірибелерді үнемі енді­ріп отырамыз. Мәселен, ағыл­шын тілін тезірек үйретудің озық әдіс­терін біз бірден енгіземіз. Он­дай­ларды ақыл-ойы озық, ойшыл, өнер­тапқыш адамдар жасады ғой, демек, олардың ашқан дүниесін тезі­рек қабылдаған өзімізге пайдалы. Әсіресе, Кембридж сияқты атақ­ты университеттердің аясында шық­қан жаңа дүниелерді тезірек қа­­былдаған өте тиімді екені көрініп жүр.

– Дегенмен, оқудың әлемдік озық әдістерін қолданып, білім беріп жатқан білім ордалары бізде аз емес. Бірақ, солардың атақ-даң­қы қазақ-түрік лицейлеріне жете алмау себебі неде деп ойлайсыз?

– Жақсы пікіріңізге рахмет. Біз­дің білім ордаларымыздың атақ-даңқын шығарып жатқан шәкірт­теріміздің саналы тәрбиесі, сапалы білімі және әлемдік сайыстардан алып жатқан жүлделі орындары ғой. Осы 20 жылда пән олимпиа­далары мен түрлі кон­курстарға қатысқан қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары ұзын саны 10097 медальды жеңіп алды. Соның 1870-і ха­лықаралық олимпиадалардан алған олжаларымыз. Мәселен, оның соңғы алтын медалін тараздық Қайрат Әшім деген баламыз Мәс­кеуде болған 45-­дүниежүзілік химия олимпиадасы­нан әкелді. Соңғы жетістіктерді ғана айтар болсақ, 2013 жылдың маусым айынан бастап, қазан айына дейін болған халықаралық сайыстарда ҚТЛ оқушылары 8 алтын, 16 күміс, 14 қола медаль алып, Қазақстан қоржынын қоңдандыра түсті. Ал ішкі, республикалық пән олимпиа­даларында шәкірттеріміз 2108 алтын, 2956 күміс, 3163 қола медаль жеңіп алғаны аз табыс емес екенін айтып мақтана аламыз. Орта есеппен алғанда әрбір екі шәкіртіміздің бірі медаль алған. Осының өзі бұлақ көзін ашса қазақ балаларының өте дарынды екенін көрсететін факты. ҰБТ нәтижелері бойынша да ҚТЛ түлектерінің ЖОО-ға түсу көрсеткіші 99 пайызды құрап отыр. Президент Нұрсұл­тан Назарбаев «КАТЕV-ті» 20 жылдығымен құттықтаған сөздерінде: «ҚТЛ оқушыларының көп тілде білім алуының өткен жылдардағы оң тәжірибесі олардың үздік сабақ үлгілері мен бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетіп отыр. Шәкірттердің тек соңғы бес жылдың өзінде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 220 алтын, 304 күміс, 421 қола медаль жеңіп алғаны зор мақтаныш екені сөзсіз. Білім ұясының түлектері кәсіби білігі жоғары маман болып, ел экономикасының дамуына және Қазақстан мен Түркия халықтарының арасындағы бауыр­ластық байланыстарды да­мытуға лайықты үлестерін қосатынына сенімдімін» деген еді. Біз бұл сөздер біздің еңбегімізге берілген жоғары баға деп білеміз.

– Жоғарыдағы бір сөзіңізде саналы тәрбиемен де мақтана аламыз деп айтып қалдыңыз. Демек, тәрбиеге де қатты мән беретін болдыңыздар ғой?

– Әлбетте. Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін иісі түркі халықтары, мұң мұсылман әлемі жүрегіне берік тұтқан. Барлық озық ойлы адамзат та мұны қолдайды. Қытай халқында: «егер сіз бір жылдық болашағыңызды ойласаңыз – егін егіңіз. Егер он жылдық болашағыңызды ойласаңыз, ағаш өсіріңіз. Ал егер жүз жылдық болаша­ғыңызды ойласаңыз – балаңызды жақсылап тәрбиелеп, білім беріңіз» деген екен. Көріп отырғанымыздай, ұлы қытай халқы да тәрбиені білімнен бірінші айтады. Біз де тәрбиеге қатты мән береміз. Ұл балалар мен қыздардың бір-біріне ғизатты құрметпен қарауы біздің оқу орындарында шүу дегеннен бойға сіңіріледі. «Тәрбие басы – тіл» деп Махмұд Қашқари бабамыз айтқандай, баланы тәрбиелеу туған тілге деген құрметтен басталады. Сондықтан да біздің лицейлерімізде қазақ тілін үйренуге үлкен мән беріліп, баланың ана тілін жетік меңгеруіне қатты көңіл бөледі. Тілдің марқаюына, алға дамуына әсер ететін игі факторлар халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері болса, оларды үйретуге де үлкен мән беріліп отыр. Біздің оқушыларымыздың сыпайы, үлкенге құрметпен кішіге ізетпен қарай білетіндігі осы бағыттардағы жұмыстардың нәтижесі деп біле­мін. Сонымен қатар, өз Отанына деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімнің өріс алуына да біздің лицейлерімізде үлкен мән беріледі. Осы қасиеттерді бойына сіңіре алған бала білімде де озық болады. Жалпы, әлемдік тәжірибеде жақсы тәрбие болған жерде ғана биік білім нәтижесіне қол жет­кізілетіні анықталған. Біздің білімде биік нысандарды бағындырып жатқанымыздың сыры сол. Сондық­тан Қазақстандағы қазақ ата-аналармен қатар көптеген басқа этнос өкілдері балаларын біздің мек­тептерімізге беруге тырысады. Біздің лицейлеріміздің оқуға қабылдауының жылдық мүмкіндігі 1400-1500 оқушы болса, балаларын бізге бергісі келетін ата-аналар 17-18 есе артық болады. Лицейге түсе алма­ған талапкерлердің мұңайған түрін көргенде мүмкіндігіміздің шектеулі болғанына қатты қынжыламыз.

– Қазір қазақ-түрік лицей­лерінде қанша шәкірт бар? Олар­ды оқы­татын ұстаздар қанша және сіздің лицейлеріңіздің оқу  ақы­сы қанша?

– Жауапты соңғы сұрағыңыздан бастайық. Жалпы «КАТЕV» аясында ашылған оқу орындарының 4-уі ғана жекеменшік, қалған 26-сы мемлекеттік оқу орындары болып табылады. Демек, оқу соңғыларында тегін деген сөз. Тек тамаққа ға­на төлейді. Ал жекеменшік оқу орындарының бағалары әртүр­лі. Өте қабілетті балаларға грант бөлініп, тегін оқытылады. Мәселен, «КАТЕV» қоры Білім жә­не ғылым министрлігімен бірге өткізетін «Жарқын болашақ» олимпиадасының жеңімпаздарына С.Демирел атындағы университетке жыл сайын 20 білім грантын береді. Ал енді оқушылардың санына келетін болсақ, барлық лицейлерімізде биылғы оқу жылында 8391 шәкірт білім алып жатыр. Мұғалімдердің саны – 969. Олардың 115-і Түркия азаматтары, қалған 854-і қазақстандықтар.

– Енді «КАТЕV» халықаралық қорының жеке өзі туралы да айта кетсеңіз?

– Қордың өзінде барлығы 30 шақты адам қызмет етеді. Бас офисі әзірге Алматы қаласында, бірақ алдағы уақытта Астанаға көшіру көзделіп отыр. Бұл қор қазақ-түрік оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарына түрлі қолдау шараларын жасаумен қатар, республикалық және халықаралық деңгейдегі әртүрлі әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағарту шараларының ұйытқысы болып келеді. Нақтырақ айтсақ қордың қолдауымен қазақ тілі оқу­лықтары, қазақ тілінде ЖОО-ға түсуге дайындық кітаптары, қазақ тілін үйренушілерге арналған электронды оқулықтар, қазақ тілінің мұғалімдеріне көмекші оқу-әдістемелік құралдар және т.б. жарық көрді. Қазір бұл оқулықтарды орта білім беретін мектептер мен басқа да оқу орындары өз кәделеріне жаратуда. Сондай-ақ, «КАТЕV» қоры жоғарыда айтқанымдай Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жыл сайын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында 7-11 сынып оқушылары арасында респуб­ликалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасын өткізіп келеді. Оның басты мақсаты: Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен дамытуға үлес қосу. Жыл сайын болатын осы конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 5000-ға жуық оқушы қатысады. Оның 1 мыңға жуығы финалдық жарыстарға өтеді. Жарыстар: қазақ тілі грамматикасы; қазақша мәнерлеп сөйлеу; халық әндерін орындау; ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер орындау; ұлттық құн­дылықтар бойынша ғылыми жұмыс­тар сияқты бес бағытта өтеді. Финалда жеңімпаз болған 20 оқушыға С.Демирел атындағы университетте тегін оқуға грант беріледі. Бұлардан басқа да бәйгелер мен сый-сияпаттар жасалады және үздік шығармалар сұрыпталып, кітап болып шығарылады. Былтыр «Жарқын болашақтың» V конкурсы өткізілді. Биылғы аудандық деңгейдегі іріктеулер 2014 жылдың сәуір айынан басталады.

«КАТЕV» қоры әлемдік озық оқу орындарымен тығыз ынты­мақтастық орнатқан. Мәселен, Оксфорд уни­верситетінен ҚТЛ тіл үйрету үшін ағылшын тілінің мұғалімдері шақырылып тұрады. Осы уақытқа дейін осындай, 120 білікті мұға­лімдерді алдырдық. Сонымен қатар, қор ҚТЛ оқушыларын жаз айларында Америка мен Англияның озық университеттеріне тіл үйре­­нуге әрі демалуға жіберіп тұра­­ды. Кореяның аты шығып тұрған «КАІSТ» университетімен ынты­мақтастық орнатып, ҚТЛ-ның 30 шақты оқушысын сонда ақысыз оқыту жөнінде келісімге қол жеткіздік. Қордың бұлардан басқа да толып жатқан жұмыстары бар. Бізге құрметті төрағасы Махмұт Қасымбеков болып табы­латын комис­сияның «Тіл жанашыры» Құрмет белгісін беруі – сол қол жеткі­зілген табыстарды баға­лаған­нан болуы керек деп ойлаймын.

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар