Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Волонтер жылы болып жарияланған 2020 жылы волонтерлік іс-қимылды дамытуға, дәріптеуге кеңінен жол ашылды. Осы орайда «Аталған кезеңде бұл сала қалай дамыды, волонтерлер қатары көбейді ме, ұйымдар жұмысы алға жылжыды ма?» деген сұраққа жауап іздеп көруге тырыстық.
Волонтерлік топтар көбейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылының жабылу рәсімінде жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналғанын айта келіп, «Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті», деді. Президенттің бұл сөзі Волонтер жылын жоғары деңгейде өткергенімізді айғақтайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі волонтерлік қызметті дамыту бағытында көптеген шаруа атқарылды. Биыл еліміздегі волонтер ұйымының саны 673-ке жетті. 421 ұйым ірі қалаларда тіркелсе, ауылдық жерлерде 197 топ жұмыс істейді. Кішігірім қалаларда да волонтерлік топтар бар. Олардың жалпы саны – 55.
Аймақтарға жеке тоқталар болсақ, Қарағанды облысында 113 волонтерлік топ тіркелген. Осылайша бұл облыс республика бойынша волонтерлер ұйымы саны бойынша көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыға қостанайлықтар жайғасты. Облыста 102 еріктілер ұйымы бар екен. Ақтөбе облысы алғашқы үштікте (96). Республиканың барлық облысында көрсеткіш мұндай жоғары емес. Мәселен, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында небәрі 9 ұйым жұмыс істейді. Ал Түркістан облысында 11 волонтерлік қауымдастық бар екен.
Еліміздегі волонтерлік ұйымдардың бағыты да әр алуан. Волонтерлік топтар білім беру, жануарларды қорғау, төтенше жағдай кезінде көмек қолын созу, іздеу, медициналық жәрдем беру, жалғызбасты қариялар мен ардагерлерге, мұқтаж отбасыларға қамқорлық көрсету, спорттық, экологиялық, қайырымдылық шаралар, мерекелер ұйымдастыру бағыттары бойынша машықтанған. Жоғарыда айтылған 673 волонтерлік топтың 248-і мұқтаж отбасыларға арнап киім-кешек, тұрмыстық заттар жинап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысады. 23 ұйым патриоттық бағытта жұмыс істейміз деп көрсеткен, ал 19 топ білім саласында еңбек етіп жүр.
Бұл топтар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі базасында ресми тіркеліп, олармен тығыз қарым-қатынас түзген. Министрлік аталған ұйымдардан бөлек, 55 мың қазақстандықтың волонтер екенін де хабарлап отыр. Волонтерлердің жасы да алуан. 16-24 жас аралығындағы еріктілердің үлесі 13,8 пайыз, ал 25-28 жастағылар 10,5 пайыз. 29-34 жас аралығындағы азаматтар волонтерлердің 22,4 пайызын құраса, 35-44 жастағылар 20,4 пайызды құрап отыр. 45-54 жастағы ересектер де белсенділік танытуда. Олардың үлесі 22,2 пайыз. Ел арасында «күміс волонтерлер» аталып кеткен егде жастағы еріктілер де бар. Волонтерлердің 10,5 пайызын құрап, олар да белсенді топ екенін дәлелдеп отыр.
Осы арада, бұлардан бөлек, төтенше жағдай кезінде студенттік топтар, достар мен отбасы мүшелері уақытша бірлесіп, өздері тұратын елді мекендерде індетпен алғы шепте күресіп жүрген қызметкерлерге қолғабыс еткенін де айта кетелік.
Салада ерлер мен әйелдер үлесінде де айырмашылық көп емес. Волонтерлердің 50,3 пайызы ер адам болса, 49,7 пайызы – әйелдер.
Жалпы, қай елде болсын волонтерлердің жұмыс бағыты ұқсас. Олар көбіне меценаттар мен үлкен қорлардан көмек алып, краудфандингке, яғни халықтың қолдауына жүгінеді. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде белсенді топтар әлеуметтік желілерде хабарландыру жасап, банкте есепшот ашып, халықтың жұмылуын сұрап, мәселені шешіп жатады. Бұған мысал да көп. Үйінде өрт шығып, бір түнде 5 қызынан айырылған Ситер отбасына халық жұмылып, пәтер алып берген-ді. Мақтааралдағы су тасқыны, Арыстағы жарылыс кезінде ел еріктілерінің қызметі айырықша көрінді.
Еріктілердің еңбегі ерен
Еліміздегі еріктілердің әрқайсының қызметі жеке-жеке атап өтуге тұрарлық. Мәселен, Арыстағы жарылыс туралы хабарды ести сала оқиға орнына өз еркімен аттанып, отандастарына қайтарымын күтпей қызмет көрсеткендердің бірі – Евгений Хисметов.
Риясыз ниеті мен еңбегін Мемлекет басшысы жоғары бағалап, «Құрмет» орденімен марапаттаған ерікті Евгений Хисметов арыстықтарға көмек беру туралы шешімге қалай келгенін былайша әңгімелеп берді.
– Алдымен әлеуметтік желідегі видеоларды көрдім. Қолдарына балаларын ұстап жүгірген әйелдерді, абдыраған халықты көріп, оларға көмек беруім керек деп шештім. Темір жол вокзалына бардым. Пойыздарда орын, сатылымда билет жоқ екен. Ерікті екенімді, ешқандай орынның қажет емес екенін түсіндіріп, пойызға отырдым. Балқашқа дейін орын болмады, тамбурда бардым. Содан кейін бір кісінің орны босап, Шымкентке дейін жетіп алдым... Шымкенттен Арысқа баратын жолды жауып тастаған, ол жаққа өткізбейді екен. Мен қалалық әкімдікке барып, мән-жайды түсіндірдім. Жолда эвакуацияланған адамдарды көрдім, олардың барлығын қалаға алып келе жатқан еді. Арысқа жеткенімде, қаланың тас-талқаны шыққан, үйлер құлап қалған, тіпті ішерге су болмады. Мені мешітке орналастырды. Бір қызығы, жарылыс мешіт жанында болса да Алланың жердегі үйіне аса зақым келмеген. Тек терезелері мен есіктерінің әйнегі сынған. Ал сол маңдағы үйлердің көбі қирап қалған.
Бірінші кезде жан-жақтан келген гуманитарлық көмекті түнімен бөліп дайындап, күндіз халыққа таратып жүрдім. Көп балалы отбасылар мен зейнеткерлер күтіп қалмасын деп ерте тұрып, қамданып, таң атпастан заттарды үлестіріп отырдым. Содан кейін мешіттегі жұмыстарға атсалыстым. Арыста күн өте ыстық еді. Айналаға су шашып, қасымдағыларға да пайдалы болуға тырыстым. Бір апта өткен соң су берді, дүкендер жұмысын жалғастырды. Содан кейін жеке азаматтарға көмектесе бастадым. Құрылыс жұмыстарына, жүк түсіруге қолғабыс еттім. Бір топ жігіттермен танысып, солармен бірлесіп жұмыс істедік. Кейін құрылыс қоймасын маған тапсырды. Бір өзім жұмыс істедім. Бес құрылыс компаниясы материалдар алып келетін. Ол кезде Арыста 50 үй салынып жатқан-ды. Таңғы 8-ден кешкі 11-ге дейін жұмыс істедік. Түнгі 2-ден 5-ке дейінгі уақытта құрылыс заттарын түсіретін едім. Осылайша, 50 күн де өтті, – дейді Евгений.
Мемлекет те мүдделі
Президенттің тапсырмасы бойынша азаматтық қоғамды дамытуды басты мақсаттарының біріне айналдырған мемлекетіміз волонтерлік топтарға да гранттар бөледі. «Азаматтық бастамаларды қолдау» ұйымының сайтында жарияланған конкурстар мен гранттардың тізімінен қандай мақсатта қаражат жұмсалғанын анық көруге болады.
Былтыр Қазақстан – Ресей жастар форумы өтіп, екі ел жастары тәжірибе алмасып, волонтерлікке қатысты танымын кеңейтуге мүмкіндік алды. Іле Мемлекет басшысы 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияланды. Көп ұзамай жаңа жылға жаңа меже белгіленіп, Волонтер жылының нақты жоспары дайындалды. Осы ретте волонтерлердің республикалық фронт-офисі қызметін бастады. Жыл бойы атқарылған шаралар легі газетімізде хабарланып отырды. Жыл қорытындылау кезінде бірқатар волонтер «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Бұл ретте еліміздегі волонтерлік мәдениетті қалыптастыру, олардың жұмысын бір арнаға келтіру бойынша тиянақты еңбек еткен Birgemiz фронт-офисі туралы айтып өтелік. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет 17 өңірлік инфрақұрылымнан тұратын Республикалық волонтерлер фронт-кеңсесі волонтерлер жұмысын реттеуге мүмкіндік ашқанын айтады.
– Волонтерлік қозғалыстың негізгі дамуы осы құрылым арқылы реттеледі. Сонымен қатар Qazvоlunteer.kz онлайн платформасы іске қосылды, онда 42 603 волонтер, 3 063 ұйым және 977 жоба тіркелген. 5 600-ден астам волонтер арнайы оқудан өтіп, 50 бастамашыл топ құрылды. Жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын 500-ден астам шағын грант үлестірілді, – дейді министрлік өкілі.
Жыл басында бірнеше волонтердің БҰҰ Волонтерлері қатарына тәжірибе алмасуға жіберілетіні хабарланды. Көп ұзамай 7 қазақстандықтың халықаралық ұйымның қайырымдылық бағытта жұмыс істейтін құрылымдарының қатарын толықтырғаны туралы хабар келді. Газетімізде олардың қалай іріктеуден өткені, қазіргі қызметі мен мақсаттары туралы материалдар жарық көрді.
БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы директоры Тойлы Құрбановтың айтуынша, халықаралық құрылым қатарындағы отандастарымыз жаңа дүниелер үйреніп қана қоймай, өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазақстандық моделді де танытуда.
Жалпы, Волонтер жылының пандемиямен тұспа-тұс келуі халыққа еріктілік қызметінің аса маңызды екенін жете түсінуге мүмкіндік берді. «Жұмыла көтерген жүктің де жеңіл болатынын» айқындап берді. Еріктілікті өмір салтына айналдыруға асыққандар қатары толыға түсті.