Денсаулық сақтау вице-министрі – Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарына дауыс беру кезінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулығын қорғау алгоритмі жайлы айтты.
Әрбір сайлау учаскесінде кіреберісте медицина қызметкерлері немесе волонтер кезекшілікпен термометр арқылы келген азаматтардың температурасын өлшеуі керек; қолды дезинфекциялауға арналған санитайзер болуы тиіс; сайлаушылардың қозғалыс бағыты бойынша арақашықтық белгілер мен нұсқаулық болуы тиіс; пайдаланылған жеке қорғаныс құралдарын тастауға арналған контейнерлер; дене қызуы көтерілген (37ºС-тан жоғары) жағдайда адамдарды оқшаулауға арналған жеке орын болуы қажет.
Сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру кезінде комиссия мүшелері әрбір 3 сағат сайын масканы ауыстыруы тиіс, ішке кіргенде қолды тазалау, ал қол алысуға және келушілермен жақын байланысуға болмайды, сайлау комиссиясы нысанын ылғалды тазалап, жиһаз бен техникалық жабдықты бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру қажет.
Бұдан басқа сайлау бюллетеньдерін таратқанда тікелей байланыс орнатуға болмайды. «Сайлаушылар жеке басын куәландыратын құжатты сайлау комиссиясының мүшесіне көрсетеді, бірақ қолына берілмейді», деді Е.Қиясов.
Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін жоғары және орташа қауіпті аймақтарда (қызыл және сары аймақтарда) болатын өңірлердегі сайлау комиссиясының мүшелері ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден алдын ала өтуі тиіс. ПТР әдісімен COVID-19 тестін сайлау басталғанға дейін 5 күн бұрын тапсыру қажет.