• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Технология 01 Қаңтар, 2021

Жүйрік интернеттің жемісін көрмек

186 рет
көрсетілді

«Қазақтелеком» тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі телекоммуникациялық жобаны – ауылдық елді мекендерге арналған талшықты-оптикалық байланыс желілері құрылысын аяқтады. 25 желтоқсан күні Түркістан облысындағы соңғы 828-ші ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Жоба жүзеге асырылған 2 жыл ішінде бүкіл ел бойынша 14 514 шақырымдық оптика тартылды.

Талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу бағытында жүзеге асқан ауқымды және аса күрделі жоба елдің бүкіл экономикасына оң әсерін тигізді. Атап айтқанда, желілерді салу кезінде желілік әдіс пайдаланылып, жұмыстар барлық аудандарда бір мезгілде қатар жүргізілді. Бұл іске жергілікті қосалқы мердігерлер белсене араласты. Сонымен қатар «Қазақтелеком» мамандары әр өңірдің табиғи, географиялық ерекшеліктеріне байланысты, желі тартудың түрлі әдістерін қолдануға мәжбүр болды. Яғни талшықты-оптикалық желілер кейде тау-тасты, кейде ну орманды, егістік алқапты, ал кейде өзен-көлдерді қиып өтті. Мұндай жағдайда жобаны өзгертіп, табиғатқа зиян келтірмейтіндей амалдар қарастырылды.

– Біз ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту бағдарламасы аясында шешіп отырған басты мәселе –  қала мен ауыл арасындағы цифрлы теңсіздікті жою, елімізге телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну еке­нін атап өткен жөн», дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төраға­сы Қуанышбек Есекеев.

Жалпы, талшықты-оптикалық байланыс желілері жобасы аясында 828 ауылдағы 2 496 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым опти­каға қосылды. Жоспар бойын­ша соңғы құрылыс-монтаж жұмыс­тары 25 желтоқсан күні Түркістан об­лы­сында межесіне жетті. Айта кетейік, мұнда екі жыл бұрын кең жолақ­ты интернет аз ғана тұр­ғын­дарына қолжетімді еді. Қазір жүй­рік интернеттің игілігін көр­ген елді мекендер саны жүздеп өсті.

– 175 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін 1 567 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылды. Сонымен қатар облыста техниканың жұмыс істеуі қиын жерлер көп болды. Олар «оптика» құрылысын айтарлықтай тежеді. Бұл – таулы жерлер, өзендер мен сайлар, газ құбырлары және басқа да коммуникациялар. Бірақ біз жобаны уақытында жүзеге асыру үшін барымызды салдық, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясы жергілікті желілердің техникалық торабының директоры Нұрлан Шотықов.

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 30 ауылда «оптика» пайда болды. Жергілікті тұрғындар заманауи цифрлы қызметтерді пайдаланудың ар­тық­шылықтарын сезініп үл­герді. Жаңабазар ауылында поли­ция бөлімшесі мен өрт сөндіру бөліміне кең жолақты интернет берілді. Полиция капитаны, Қа­зығұрт аудандық полиция бөлі­мінің учаскелік инспекторы Қуаныш Қойлыбековтің айтуынша, байланыс сапасы әлдеқайда жақсарған.

– Біз 12 мыңнан астам тұрғыны бар сегіз ауылға қызмет етеміз. Бұрын баяу интернет біздің жұмысымызға көп кедергі келтірді. Енді біз деректерді жылдам қабылдап, жібере аламыз. Сонымен қатар жоғары жылдамдықты интернет ауылдарда қосымша қызметтерді орнатуға мүмкіндік береді, мысалы, бейнебақылау. Тұрғындардың көбінесе малы ұрланады. Қылмыстың ашылуына бейнекамералар көп көмектеседі. Бейнебақылау сонымен қатар мектептерде, дүкендер мен емханаларда бақылаудың тиімді құралына айналады, – дейді Қуаныш Қойлыбеков. 

Ауылдық денсаулық сақтау мекемелері де кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер медициналық ақ­парат­тық жүйеге қосылып, қа­ғаз­бастылықтан құтылуға қа­рышты қадам басты. Қарабау ауылдық округі дәрігерлік амбу­латориясының бөлім меңгерушісі Қайрат Құрбанқұлов «опти­ка» қосқаннан бері облыс орта­лығының дәрігерлерімен бірге бейне­конференцияларға қатысып жүр. Бұл бұрынғы байланыс сапасымен мүмкін емес еді.

Сонымен қатар талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылу осы ауылдың барлық тұрғындарын сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етті. Себе­бі ұялы байланыс операторлары тал­шықты-оптикалық байланыс желілері жобасының негі­зін­де екінші маңызды «250+» бағ­дар­ламасын жүзеге асырды. Осы арқылы ауылдық жерлерде мобильді кең жолақты интернет 3G/4G желілері дамыды. Бұл бағдарлама бүкіл ел бойынша «Қазақтелеком» құрған талшықты-оптикалық байланыс желісінің инфрақұрылымы негізінде жүзеге асырылуда.

– «Қазақтелеком» компания­лар тобының ұялы байланыс опера­торлары – Kcell және Tele2 қазірдің өзінде 300-ге жуық базалық станса орнатып, жұмыстарын белсенді жалғастыруда. Жалпы, «250+» жобасының нәтижесінде 600 мың­нан астам тұрғыны бар 1000-ға жуық ауыл жоғары жылдам­дықты мобильді интернет пен байланысқа қол жеткізеді. Соны­мен қатар бұл қазақстандық ауыл­дың экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді, өңірлерде мо­бильді қаржылық қызметтер мен электронды сауданы дамытудың қозғаушы күшіне айналады, сонымен қатар ауыл шаруашылығында деректер тарату желісі технологияларын қолдануға жол ашады, – деді Қ.Есекеев.