• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қаңтар, 2021

«XXI ғасырдағы Каспий: аймақтық және жаһандық мәселелер, ынтымақтастық және қауіпсіздік» конференциясы өтті

537 рет
көрсетілді

2020 жылдың 25 желтоқсанында ғылымның жарқын жолында аянбай еңбектеніп, экология саласында талай ғылыми жаңалықтарды паш еткен, профессор, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық Шығармашылық Академиясының мүшесі, еліміздің жоғары білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және жаңа буын мамандарын даярлауға қосқан елеулі үлесі үшін А. Байтұрсынов атындағы алтын медаль иегері, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ардагері, тәжірибелі, үздік маман Кенжетаев Гусман Жәрдемұлының 70 жасына орай университет қабырғасында «XXI ғасырдағы Каспий: аймақтық және жаһандық мәселелер, ынтымақтастық және қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Каспий теңізін зерттеудегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту, антропогендік жүктемелерді бағалау және экомониторинг, сонымен қатар Каспий маңы елдерінің тұрақты дамуы үшін экологиялық білім беруді интеграциялау мақсатында өткізілген конференцияда Каспий теңізінің бүгінгі таңдағы өткір және өзекті мәселелері талқыланды.

Конференцияны құттықтау сөзімен университет ректоры Б.Б. Ахметов ашып, мерейтой иесінің ғылымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқтады. Сонымен бірге озық ғылымның тетіктерін игерген ардагер ғалымымызды Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Т. Құсбеков және «Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік университеттері қауымдастығы мен зерттеу орталықтары» ректорлары құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Конференция барысында Тюмень индустриальды университетінің профессоры В.Н. Пермяков, Баку мемлекеттік университетінің "Каспий" ғылыми-зерттеу және ақпараттық орталығының директоры Ш.Н. Исмайлов, РҒА «Ширшов атындағы Океанология институты» директорының ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстар жөніндегі орынбасары П.О. Завьялов, Эгей университетінің профессоры А. Ибрагимов сынды әлемнің әр түкпірінен жиналған, ғылымда үлкен жетістіктер мен зор табыстарға ие ғалымдар баяндамаларын жасады. Конференцияда Каспий маңы елдерінің экономикасын жаңғырту мен өңірлік дамытудың экологиялық-экономикалық мәселелері қарастырылып, Каспий маңы елдерінің жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелер мен ҮЕҰ-ның Каспий теңізінің экологиялық мониторингін ұйымдастыру жолдары талқыланды.

Мерекелік шара барысында университетіміздің өсіп-өркендеуіне, ондағы ғылым саласының дамуына қосқан үлесі ескеріле отырып, ардагер ғалымымызға арнап университетіміздің қабырғасынан «Профессор Г.Кенжетаев атындағы кабинеті» ашылды. Жаңа кабинеттің ашылуы жаңа ғылыми бағыттарға серпін беріп, көптеген зерттеулердің жүргізілуіне себеп болмақ.

Техника ғылымдарының докторы, профессор Г.Кенжетаев «Қазақ политехникалық институтын» «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген, өмірін  ғылыммен өрнектеген ұлағатты ұстаз 1975-1986 жылдар аралығында Каспий маңы құрылыс басқармасында қызмет атқарған.

-Ғылыми жаңалықтарды ашуда табанды ізденістер арқылы талай белестерді бағындырған, өңіріміздегі ғылымның негізін қалаған ізденуші - білім беру мен ғылыми зерттеу бағытын 1987 жылдың 1-ші қыркүйегінде Ш.Есенов атындағы КМТИУ-де аға оқытушы қызметінен бастаған. Деканның орынбасары, «Қолданбалы экология» кафедрасының меңгерушісі, инженерлік факультетінің деканы, инженерлік-техникалық институтының директоры  лауазымдарында қызмет атқарып жүріп, түрлі жетістіктерге қол жеткізген ғалым, бүгінгі таңда, Университет жанындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып табылады, дейді шәкірті, «Экология және геология» кафедрасының аға оқытушысы Л.С.Тайжанова.

«Экология» мамандығы бойынша ҚР ЖАК профессоры Г. Ж. Кенжетаев осы бағытта 200-ден астам ғылыми мақалалар, 6 патент, 3 монография, 10-нан астам оқу құралдарын жарыққа шығарған. ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру жобасының ғылыми жетекшісі, Маңғыстау облысының шегіндегі Каспий жағалауының қазіргі жағдайы бойынша бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларының орындаушысы:

- мұнай-газ кешенінің аймақтың табиғи ортасына әсерін зерттеу;

- Маңғыстау облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша зерттеу жүргізу және ұсыныстар әзірлеу;

- Каспий теңізін зерттеу және теңіз суын тұщыландыру мен ағызынды суларды тазарту жөніндегі әзірленімдер жасақтау бағыттарында ғылыми қызметін атқарады.