Елордадағы Конгресс-Холлда тәуелсіздік мерекесіне арналған «Жырың болып төгілемін, елім!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізілген айтулы додаға еліміздің түрлі аймақтарынан келген сайдың тасындай іріктелген он ақын қатысып, бақтарын сынады.
Елордадағы Конгресс-Холлда тәуелсіздік мерекесіне арналған «Жырың болып төгілемін, елім!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізілген айтулы додаға еліміздің түрлі аймақтарынан келген сайдың тасындай іріктелген он ақын қатысып, бақтарын сынады.
Айтысты құттықтау сөзбен ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия өзінің жаңа Cаяси доктринасында ұлттық дәстүрімізді, төл мәдениетімізді, руханиятымызды өте жоғары орынға қойып отырғанын айта келе, Елбасы саясатының арқасында егеменді ел болып дамыған елу мемлекеттің қатарына ендік, деді. Сондай-ақ, ол тек кемшілікті ғана емес, бірлікті, бейбітшілікті, тұрақтылықты жырлау керектігін де тілге тиек ете келе, «Нұр Отан» партиясы ақындарымызды қашанда қолдайтындығын атап көрсетті.
Сонымен, алғашқы болып сахнаға Мұхтар Ниязов пен Жандарбек Бұлғақов көтерілді. Жалындаған жас ақындар айтысы жиылған жұртшылықты өздерінің ұтқыр сөздерімен тамсантты. Жалпы, өткізіліп отырған бұл айтыстың өз ережесіне сай ақындар шек тастау арқылы экранда белгіленген арнайы тапсырмаға сәйкес айтысты ары қарай жалғастырды. Бұл жолы оларға өтірік өлең айту түсті. Қос ақын да бұл сында барын сала айтысты. Осы тұс Мұхтар Ниязовтың өткен жылғы айтыстың алтын домбырасын жеңіп алғанын айта кетейік.
Екінші жұпта кездескен Қанат Мырзахан мен Дидар Қамиевтің сөз тартыстары да тартымды шықты. Бұларға өз айтыстарынан кейінгі тапсырма қайым айтыс болды. Тарының қауызындай төрт жол өлеңге толғамды ойды сыйдыру әсте оңай емес. Алайда, ақынның ақындығы көрінер сәтте Қанат пен Дидар бұл сыннан сүрінген жоқ. Қайымдаса айтысты еркін жалғастырды.
Үшінші жұп сахнаға шыққанда көрермендер ықыласы ерекше болды. Бұл жолы жұртшылық алдында көптен бері көрінбей жүрген белгілі айтыскер Бекарыс Шойбеков шықты. Оның қарсыласы бүгінде өзіндік ой орамымен көзге түсіп жүрген Жақсылық Орынбасар еді. Жақсылық елдегі оралмандар мәселелерінен ой толғаса, Бекарыс өзінің толғамды ойлары мен ұтымды жауаптарынан жаңылған жоқ. Қос ақын өз айтыстарынан соң экранда көрсетілген суретті жырлады.
Сара Тоқтамысова мен Нұрмат Мансұров төртінші жұпта додаға түсті. Олар «Біз үшін не қымбат, не арзан?» деген тақырып төңірегінде ой толғады.
Соңғы жұп – Балғымбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаеваны оқырманға таныстырып жатудың қажеті бола қоймас. Жуырда ғана «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты республикалық ақындар айтысында бас жүлдені иеленген Айнұр да, ұтымды сөз бен әзілге бұра айтысуда қамшы салдыра қоймайтын Балғымбек те жұмбақ айтыстың көрігін қыздыра отырып, көп көңілінен шықты.
Қазылар алқасының ұйғарымымен ақтық сайысқа Дидар Қамиев, Нұрмат Мансұров, Жандарбек Бұлғақов, Балғымбек Имашев жолдама алды. Додадағы ерекшелік сол, бұл жолы ақындарымыз Құлмамбет айтысының үлгісімен төртеуі де қатар отырып айтысты. Осы тұс зал толы халық Жандарбекке дем берумен болды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, қазылар алқасының шешімімен Жандарбек Бұлғақов осы айтыстың бас жүлдесін иеленді. Оған сайысқа тағайындалған үш миллион теңге мен алтын домбыра табыс етілді. Ал бірінші орын Дидар Қамиевке бұйырды. Ол екі миллион теңге олжалады. Екінші жүлде – бір миллион теңгені Нұрмат Мансұров еншілесе, жүлделі үштікті Балғымбек Имашев жеті жүз елу мың теңге сыйлықпен қорытындылады. Сонымен бірге, айтысқа қатысқан барлық ақындарға бес жүз мың теңгеден сый-сияпат жасалды.
Ұйымдастырушылар айтыс өнеріне көп еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен ақын Жүрсін Ерманға да құрмет көрсетіп, шапан жапты. Сондай-ақ, жақында өмірден озған айтыс дүлдүлі Есенқұл Жақыпбеков атындағы жүлдені «ҚазАйтыс» сайтының жетекшісі Ұларбек Нұрғалым Мұхтар Ниязовқа табыстады.
Шара соңында қазылар алқасының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл барлық ақындарға сәттілік тіледі.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген Сұлтан СЕЙІТОВ.