Кеше Сыртқы істер министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдауына 65 толуына және халықаралық Адам құқығы күнiне арналған дөңгелек үстел болып өттi.
Кеше Сыртқы істер министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдауына 65 толуына және халықаралық Адам құқығы күнiне арналған дөңгелек үстел болып өттi.
Дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл, Еуропалық Одақ Өкілдігінің Қазақстандағы басшысы Аурелия Бушез, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі істерінің сенім білдірілген өкілі Грег Куинн және Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Орталық Азиядағы Өңірлік өкілі Сабер Азам құттықтау сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Конституциясымен және қолданыстағы заңнамасымен қамтамасыз етілген адам құқықтары мен бостандықтарының іске асуы туралы, халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етудің ұлттық тетіктерін одан әрі жетілдіру жайында кеңінен пікір алмасу болды.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде халықаралық құқықтың нормаларын ұлттық заңнамаға енгізу мәселелері, адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетiктерiн жетілдіру, сондай-ақ, адам құқықтарын сотта және соттан тыс институттарда қорғаудың өзекті мәселелері айтылды.
Талқылауға қатысқан халықаралық және ұлттық сарапшылар Қазақстандағы құқық қорғау тетіктеріне оң бағаларын берді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының мәні туралы және адам құқықтары саласында Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімшарттардың құқық қорғау тетіктерін жетілдірудегі және адам құқығын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
Дөңгелек үстел аяқталған соң Комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов пен БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі С.Тулл БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат берді.
«Егемен-ақпарат».