• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2013

Ұлттық білім беру саласы мемлекеттік қолдауды қажет етеді

370 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасындағы білім және ғылым саласының жағдайы мен басым бағыттары туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты болып өтті.

Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасындағы білім және ғылым саласының жағдайы мен басым бағыттары туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты болып өтті.

Вице-спикер Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында басым бағыттарды айқындап бергендігін тілге тиек ете келіп, соның бірі бі­лім беру саласы болса, ол туралы «сауатты ел – бәсекеге қабілетті ел» деп орынды айтыл­ғандығына назар аудартты. Сондықтан да са­ланың негізгі басым бағыттары: мектепке дейінгі білім беру методикасына көшу; ин­женерлік білім беру және техникалық ма­мандықтар дайындау; бизнесті, қоғамдық ұйымдар мен жеке адамдарды білім беру са­ласына тарту және оқу методикасын жаң­ғыр­ту мен білім беруде онлайн-жүйені дамыту.

С.Дьяченко осы ретте саладағы бірқатар проблемаларды да атап кетті. Олар – қаржы аз бөлінеді, балабақша жетіспейді, мектептер тозған, кадр дайындау сапасы төмен, оқулық заманға сай емес және басқалары. Ұлттық білім саласы мемлекеттік қолдауды қажет етеді, дей келіп, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Парламент кезінде тиісті заңды да қабылдағандығын қаперге салды. Бұдан кейін сөз Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке берілді.

Министрдің айтуынша, білім және ғылым саласы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін кө­теру­дің маңызды факторы бола алмай отыр. Алайда, мектепке дейінгі білім саласындағы «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту бойынша жоспар алдын ала орындалып, 71,5 пайызға жеткен. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны соңғы 3 жыл ішінде 2 есеге артып, жекеменшік балабақшалардың саны 1,7 есеге өсіпті. Десе де, 2013 жылдың алғашқы жарты жылдығында 51,9 мың бала балабақша кезегінде тұрса, бұл көрсеткіш 12,7 пайызға көбейгендігін көрсетеді. Әсіресе, бұл ірі қалалар мен еліміздің оңтүстік өңірлерінде орын алуда.

 А. Сәрінжіпов қазіргі кезде кешенді жұмыстар басталғандығын, Елбасының тапсырмасы бойынша «Балапан» бағдарламасын іске асыру жалғасын табуда екенін және мектепке дейінгі білім берудің мазмұны жаңғыртылатынын ерекше атады. Және де 2014 жылы балаларды ерте дамыту бойынша ереже әзірленіп, біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі арқылы кіші топтағы балалармен жұмыс үшін 9 мың педагог біліктілігін арттыратыны атап көрсетілді. Оның мәліметіне қарағанда, білім беру жүйесіндегі 7 698 мемлекеттік мектепте 2,5 млн. оқушы білім алуда. Қала мен ауыл мектептерінің білім беру сапасында бірқатар теңсіздіктер байқалады, 93% (191) апатты мектеп, спорт залдары жоқ 80% (1580) мектеп ауылда орналасқан. Жоғары санатты мұғалімдердің үлесі 11,5% құрайды, бұл қаладағы мектеппен салыстырғанда екі есе аз (24,4%).

Түйткілді мәселелерді шешу үшін министрлік бірқатар шараларды қарастырып отырғандығы да атап өтілді. Атап айтқанда, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту; ауыл мектептерінің кадрлық әлеуетін нығайту; педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесімен 108 мың адамды қамту; қамқоршылық кеңестерін құру және жан басына қаржыландыру тетігін енгізу; министрлік пен әкімшіліктер арасында 40-тан аса көрсеткіштерді көрсете отырып, меморандумдарға қол қою және тағы басқалары.

Министр сөз реті келгенде Елбасының тапсырмасы бойынша білім беру саласында үштұғырлы тіл жобасы қолға алынатындығын да атап кетті. Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептерде қазақ тілін оқытуды көбейту жөнінде бұйрыққа да қол қойылған. Осы жылдың қыркүйек айынан мектептерде бірінші сыныптан бас­тап ағылшын тілі енгізілді. 15 Назарбаев Зияткерлік мектептері қызмет етуде. Олардың саны 20-ға дейін көбейтілмек. Маңызды жұмыстардың бірі – ұстаздардың жалақы мәселесі қарастырылатын болады.

А.Сәрінжіпов техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі (ТжКБ) туралы айтқанда, қазіргі таңда Қазақстанда 562 мың адамды қамтитын 849 ТжКБ оқу мекемелері жұмыс істейтіндігін алға тартты. Оқыту 181 мамандық және 476 біліктілік бойынша жүргізіледі екен. Министрдің мәліметінше, жыл сайын 16 мың жас мамандықсыз, жұмыссыз қалады (олардың 8 мыңы мектеп түлектері болса, 8 мыңнан астамы колледж­дер мен ЖОО-лардан шығып қалғандар). 2013 жылы 474,5 мың жұмыссыз және 20,3 мың бос орындар болса, 25,4 мың шетел жұмысшылары тартылған.

Жоғары білім беру саласында білікті инженерлік кадрлардың жеткіліксіздігі аясында гуманитарлық жоғары оқу орындары түлектері қажеттіліктерінің төмендігі, осының салдарынан жоғары оқу орындарының түлектері жұмыссыз қалады немесе мамандығы бойынша істемейтіндігі де ортаға салынды. Министр бұл ретте гуманитарлық және техникалық мамандықтар бойынша оқу құны бірдей екендігін алға тартып, жемқорлық фактілерін жою басты міндет екендігін де меңзеді. Ал ғылым саласында елімізде 20,4 мың қызметкер жұмыс істейтін 345 ұйым бар. Осы ретте Назарбаев Университетінің тәжірибесін тарату қарастырылуда екенін сөз еткен министр бұл жерде білім, ғылым және инновацияның үйлесімі байқалатынын да атап кетті. Назарбаев Университетінің ғылыми орталықтарында 144 ғылыми жоба іске асуда, олардың кейбіреулері Қазақстандағы әлемдік компаниялармен ынтымақтастықта жүргізілсе, оларға 45 заманауи зертхана қажетті негіз жасап отыр.

Бұдан кейін палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева қосымша баяндама жасады. «Депутаттар тарапынан мәселені талқылау барысында өте орынды және өткір сұрақтар қойылды. Нақты ұсыныстар жасалып, сындарлы ұсыныстар айтылды. Олардың барлығын министрлік өз жұмысында ескеруі тиіс», деді комитет төрайымы.

Отырыс барысында депутаттар көптеген сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды. Үкімет сағатын қорытындылаған палата Төрағасының орынбасары айтылған ұсыныстар мен пікірлер негізінде Үкіметке бірқатар ұсынымдар жобасы дайындалатынынан да хабардар ете кетті.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан». 

Соңғы жаңалықтар