Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ауғанстан Ислам Республикасы Парламенті Волеси Джиргасының вице-спикері Мохаммед Сальджук бастаған ауғанстандық парламент делегациясын қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ауғанстан Ислам Республикасы Парламенті Волеси Джиргасының вице-спикері Мохаммед Сальджук бастаған ауғанстандық парламент делегациясын қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Тараптар парламентаралық өзара іс-қимыл басымдықтарын талқылай келіп, салалық комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы байланыс қарқынын арттыру екіжақты қарым-қатынастың одан әрі нығаюына жол ашатынын тілге тиек етті.
Әсіресе, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға баса назар аударылды.
Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, Ауғанстандағы қауіпсіздік пен дамуға ықпал ету – Қазақстан Президентінің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында біздің мемлекетіміз аталған елге жыл сайын экономикалық және гуманитарлық, олардың қатарында, азық-түлік және жанар-жағар май жеткізу түріндегі көмек көрсетіп келеді.
2010 жылдан бері ауғандық жастар үшін білім бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қазақстан жоғары оқу орындарында 600-ден астам ауғандық студент білім алуда. Одан әрі сөзін сабақтаған Н.Нығматулин:
– 2014 жыл тек Ауғанстан ғана емес, барлық аймақ үшін өте маңызды. Өйткені, келер жылдың сәуір айында өтетін президенттік сайлау мемлекеттің болашақ жағдайына айтарлықтай ықпал ететін болады, – деді.
Өз кезегінде М.Сальджук Қазақстан Президентіне біздің еліміздің Ауғанстанға көрсетіп отырған қолдауы үшін, маңызды әлеуметтік, гуманитарлық көмектері үшін алғысын білдірді.
Мәжіліс спикері, сондай-ақ, Қазақстанның алдағы уақытта да заманауи қауіп-қатерлерге қарсы Ауғанстанмен ынтымақтастық тиімділігін арттыру үшін ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК сияқты аймақтық ұйымдардың бірлескен күшін қолдайтындығын атап өтті.