• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2013

Өмір оты

296 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік таңы атып, күні күлген айтулы кезеңде тарихымызды түгендеп, тамырымызды таба білуде руханият саласының мамандары ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Ұлы халықтың ұрпағы ұлылығын ұлықтай алмай тұғырын тұрақты қыла алмасы тағы да белгілі еді. Солақай саясаттың салдарынан аршылмай жатқан жақсы-жайсаңдарымыз бен асыл маржандарымызды тарих  сахнасына алып шығуда Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің еңбегі ересен болғанын айту парыз.

Тәуелсіздік таңы атып, күні күлген айтулы кезеңде тарихымызды түгендеп, тамырымызды таба білуде руханият саласының мамандары ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Ұлы халықтың ұрпағы ұлылығын ұлықтай алмай тұғырын тұрақты қыла алмасы тағы да белгілі еді. Солақай саясаттың салдарынан аршылмай жатқан жақсы-жайсаңдарымыз бен асыл маржандарымызды тарих  сахнасына алып шығуда Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің еңбегі ересен болғанын айту парыз.

Көшім Лекерұлы – Мәскеу қаласындағы П. Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін тарих және ағылшын тілінен аудармашы мамандығы бойынша үздік бітіріп шыққан қарымды түлек. Ол 1965-2002 жылдар аралы­ғында Алматы қаласындағы жо­ғары оқу орындарында оқыту­шы­лық, Қазақ Республикасы Сыртқы істер министрлігінде хат­тама бөлімінің меңгерушісі, Жоғары және арнаулы орта бі­лім министрінің көмекшісі, Қа­зақстан Республикасы Қаржы министрлігі сыртқы қатынастар бөлімінің басшысы, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы әлеуметтік және гуманитарлық орталығының жетекшісі, еліміздегі Құжаттану және мұрағат ісі бойынша ғылыми-техникалық ақпарат орталығының директоры қызметтерін атқарды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Есмағамбетов соңғы он жылдан бері Білім және ғылым комитеті Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында бас ғылыми қызметкері болып жемісті еңбек етіп келеді. Ол энциклопедиялық еңбек­терді дайындап, басып шығаруда кезінде тарихи шындықтың ұлттық мүдде тұрғысынан көрініс беруі жолында үлкен күш-жігер жұмсады. 13 томдық «Қазақ ССР энциклопедиясын», 4 томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын, «Философиялық сөздік», «Чудеса», «Кто есть кто в казах­станской науке», «Сакский воин» секілді басылымдарды дайындауға белсене қатысты. Оның ғылыми-әдіснамалық жетекшілігімен «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің ескерткіштері жинағы» жарық көрді. «Ақмола», «Батыс Қазақстан облысы», «Сол­түстік Қазақстан облысы» энциклопедиялық басылымдарын дайындап шығаруға қосқан үлесі де қомақты.

Ұзақ жылдар бойы еліміздің мұрағат мекемелерімен қоғамдық негізде қарым-қатынаста жүріп, тарихи деректердің сақталуына және толығуына көп көмек көр­сетті. «Егемен Қазақстан», «Казах­станская правда», «Ана тілі» және басқа да мерзімді баспасөз беттерінде «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасына өз үлесін қосты. «Қазақстан мұрағаттары» журналының алғашқы редакторы ретінде келелі істерге ұйытқы болды.

Көшім Есмағамбетовтің жан-жақты қызметінің басым ба­ғытын Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеу, зер­делеу құрайды. Ол – шын мә­нінде Қазақстан тарихын әлем­дік тарихнаманың бір салалы да салмақты бұтағы дегенді ор­нықтырып келе жатқан ғалым. Бұл бағытта оның «Дейс­тви­тельность и фальсификация»; «Что писали о нас на Западе»; «Көне Қазақстанды көргендер»; «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты монографияларының жарық көруі сөзімізге дәлел. Шетелдік тарихнама бойынша қорғаған кандидаттық, докторлық диссертациялары ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағалануы да соның айғағы болса керек. К.Есмағамбетов 16 кітап, 200-ден аса ғылыми мақала жария­лады. Оның ғылыми жетекшілігімен 13 ғылым кандидаты, 9 ғылым докторы даярланды. Докторлық диссертацияларды қорғау кеңесінің мүшесі, төрағасы болды.

Профессор бүкіл өмірін Түр­кістанның азаттығы үшін күреске арнаған ірі саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың (1890-1941) өмірі мен қызметін зерттегенін баса айтуға тиістіміз. Бұл тақырып бойынша екі томдық «Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы», «Мұстафа Шоқайдың тарихи бейнесі» деген еңбектер жариялады. Ондаған ғылыми мақалалары жарық көрді. М.Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған «Әлем таныған тұлға» атты монография­сы үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықпен марапатталды. Бұл монографиялар оқырман­дар­дың Алаш қозғалысы туралы түсінігін тереңдетті. Соның негізінде жоғары оқу орындарының оқу процесіне арнайы курстар енгізілді. Оқу құралы жазылды, ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. Кейбір зерттеулері Түркия мен Грузияда жарық көрді.

Көз майын тауысып, бүкіл саналы ғұмырын арнаған белгілі ғалымның еңбегі еленіп, 2008 жылы Көшім Есмағамбетов «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Бұған қоса оның жемісті ғы­лыми еңбегі отандық және шетелдік қоғамтанушы ғалымдардың ерекше ілтипатына бөленіп, мерзімді баспасөз беттерінде жақсы пікір­лер айтылды. Өзі қызмет істейтін ұжым тарапынан да сан рет аталып өтілді.

Ұлтымыздың тәуелсіздігі мен бүкіл түркітектес елдердің азат­тығы үшін ғұмырын сарп еткен саяси қайраткер Мұстафа Шо­қайды танып, танытуда ұлан-асыр қызмет еткен тағылымды ғалым Көшім Лекерұлы «Мұстафа Шоқай шығармаларының толық жинағының» 12 томдығын құ­рас­­тырып (жалпы көлемі 400 б.т.), орасан зор ғылыми еңбек­ті аяқтағанына ерекше назар аудар­ған жөн. Алаш арысының еңбектері орыс, ағылшын, француз, неміс, поляк, шағатай, түрік, грузин, т.б. тілдерде жазылған, не жарық көрген. Оның еңбектері Франция, Германия, Англия, Түркия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Польша, АҚШ, Швейцария және басқа да елдердің мұрағаттары мен кітапханаларында шашыранды күйде ұшырасатын. Ұлтқа қажет сол асыл қазынамызды инемен құдық қазғандай аршып алып, Отанымызға «оралуға» жол салды. Табылған асылды халықтың игілігіне жарасын деген парасатты пайымменен ғылымның қазанында қайнатып, жарыққа шығаруы ісінде білгір маманның еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі уақыт­та Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыстану институты әлемде теңдесі жоқ бұл іргелі еңбекті баспадан шығаруға кірісіп, алғашқы 6 томы оқырмандар қолына тиді. 2011 жылдың қараша айында ға­лымның ұйымдастыруымен Түр­кия, Мексика және басқа да елдердің зерттеушілері мен ғалым­дары қатысқан «Мұстафа Шо­қай­дың ғылыми мұрасы және қазіргі заман» атты халықаралық ғы­лыми-теориялық конференция өткізілді.

Белгілі оқымыстының отан­дық, шетелдік бұқаралық ақ­парат құралдарына басылған: «Тәуелсіздік философиясы» (2000), «Тропой неизведанной: зарубежная литература о Н.А.Назар­баева» (2003), «Глазами зарубежных исследователей» (2003), «Ұлттық тұлғаларды ұлықтау – парыз» (2006), «Тәуелсіз елге – тәуелсіз тарих» (2010), «Тәуелсіз елдің тарихы әлі жазылып біткен жоқ» (2011), «Әлем назарындағы Қазақстан» (2011) мақалалары мен сұхбаттары жұртшылық тарапынан жоғары бағаланды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деп атап өткендей, біздің тарихымызда ұялатын емес, ұлықтайтын ұлылардың көп екендігіне сара жол сала білген ғалым таза тарихи дәйек пен дерекке сүйене отырып, тұлғатанудың тұғырын биіктетті.

Қазіргі кезеңде кейінгіге келелі кеңес беретін, ғылымға құштар жастардың бойына тағылымды тәрбиесін сіңірген ғалым биыл бір белестің төріне шығып отыр. Көпті көрген көреген, оқығаны мен тоқығаны көп тәлімгер ағамыздан біздің де, кейінгілердің де алар тәлімі орасан көп деп білеміз.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.

 

Соңғы жаңалықтар