ұлтжанды азаматтың есімін есте қалдыру мәселесінде жергілікті билік тарапынан
ескеретін жайттар жоқ емес
Талантты журналист, сыршыл ақын, шебер прозашы, саналы ғұмырын Тәуелсіздігіміздің баяндылығына, мемлекеттілігіміздің тұтастығына арнаған Мәлік Мұқановтың аты аталмай қалып келе жатқаны өкінішті.
ұлтжанды азаматтың есімін есте қалдыру мәселесінде жергілікті билік тарапынан
ескеретін жайттар жоқ емес
Талантты журналист, сыршыл ақын, шебер прозашы, саналы ғұмырын Тәуелсіздігіміздің баяндылығына, мемлекеттілігіміздің тұтастығына арнаған Мәлік Мұқановтың аты аталмай қалып келе жатқаны өкінішті.
Ағамыздың арамызда жүргені кеше ғана сияқты. Терең білімдарлығымен, азаматтық биік болмысымен, қайраткерлік белсенділігімен досын да, дұшпанын да мойындатқан Мәкеңнің жалған фәниден өткеніне де 10 жыл өте шығыпты. Қашан көзі жұмылғанша күрескерлік бітім-болмысына қылау шаң жұқтырмаған тұлғаның орны әлі үңірейіп бос тұр. Қайғыдан жалын ата күрсіндіріп, сағыныштың саз толғауын тарттырып кете барды. Өткен шақпен еске алу құлын-тайдай жарасып өскен замандастары, ізбасарлары, шәкірттері, қаламдас достары үшін соншалықты ауыр. Арамызда жүрсе, 70-ке келіп, ұлан-асыр той құшағында отырар еді. Таудың алыстаған сайын биік көрінетіні секілді ешкімнің әмірі жүрмейтін құдіретті уақыт атқан оқтай, шапқан аттай қанша зуылдаса да, есімі ірі әріптермен жазылатын Мәлік Жақыпұлының жарқын бейнесі жадымыздан өшпек емес. Нағыз асылды ешқашан тот баспайды.
* * *
Ағамыз жайлы толғана еске алсақ, ел Тәуелсіздігінің елең-алаң шағы еріксіз ойға оралады. Өйткені, Мәкеңнің ауыздығымен алысқан тұлпардай еркін көсіліп, құлашын кеңге жазып, күрескерлік те, қаламгерлік те қарым-қабілеті, ел деп, қазақ деп атқа қонып, азаматтық ірілігі әбден танылып, қол бастаған жалаңтөс батырларша ерекшеленген тұсы еді бұл! Қызылжардың саяси сахнасындағы талас-тартыс күніне жүз құбылып, ерекше қызып тұрған кез! Кеңес Одағы ыдыраған, тонның ішкі бауындай ымдасып-жымдасып жатқан экономика тұралаған. 15 одақтас республика дербес күн көрудің қамына көшкен. Мәңгі мызғымастай көрінген алып державаның омақаса құлауына наразы, оның үстіне ашқұрсақ, алды тұман, арты жар жұрттың қара қазандай өкпесін, көңілдегі қыжылын сепаратистік топтар мен жікшілдердің озбыр іс-әрекеттері одан әрі қыздырып жіберетін. Компартияның шекпенінен шыққан шенділер мен шекпенділер де өткеннің жалына қайта-қайта жармасып, сал дәурендерін оралтуға кет әрі емес-ті. Бір сөзбен айтқанда, дүрбелең мен дүрлігу, түңілу мен торығу, алдағы біліп-болмас белгісіздік, бірде күннің көзіндей шайдай ашылып, бірде қорғасын бұлттай торлаған өліара кезеңнің талмау тұсын аңғартатын. Ол кезеңде тәуелсіздік, егемендік деген ұғымдардан гөрі ана тіл, ұлттық рух, салт-дәстүр, мәдени құндылықтар ерекше мәнге ие-тін. Теріскей жақта сірескен мұздың көпке дейін көбесі сөгілмей, сіресіп тұрған. Бәрінен де Супрунюк сықылды әумесерлердің босағадан сығалап, төрге оза алмаған, халі онсыз да мүшкіл тілімізді көкпарға салғандай ту-талақай етуі есі дұрыс қазақтың төзімін әбден тауысқан. Әсіре даңғазашыл айғайшыл топ «Күлтөбенің басында күнде жиын» жасап, малы төскейде, басы төсекте қосылған ағайынның арасын алатайдай бүлдіріп баққан. Көздеген мақсаты – Ресейдің жетегінен айырылмау, соған үгіттеу. Оның арғы жағында Қазақстанның жеке, дербес ел болуын мойындамау, көре алмау сияқты пасық пиғылдың жатқаны анық еді. «Глас» деген сарыжалақ газетсымақ шығарып, бар жамандықты қазақтың басына үйіп-төккен әумесердің екіжүзді опасыз бет-пердесін әшкерелеп, ел-жұртқа аймандай еткендердің бірегейі – Мәкең болатын. «Жайшылықта ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» дегендей, әншейінде жалы күдірейген арыстан құсап жүрген жерін өрт шалғандай етіп жүретін Супрунюктің сазайын әбден тарттырған. Сот алдында екіжүзділігін әшкерелеген. Мәкең ондайларды білімділігімен, парасаттылығымен, ойының ұтқырлығымен тұсап тастайтын. Ақыры, Омбы жаққа бас сауғалап, кейін ондағы отандастарынан оңбай таяқ жегенін естідік. «Бүкірді көр ғана түзейді» деген осы.
Мәкең саяси күрес алаңына шыққанда кейбіреулер құсап жалған бедел, арзан ұпай алу мақсатын емес, елдік мәселелерді ту етіп көтеріп, биік мінберлерден білікті ұсыныс-ойлар айтуымен ерекшеленді. «Тура айтсаң туғаныңа жақпайсың» деген сөз бар. Солай екен деп ағамыз сәмбі талша иілген жоқ. «Ленин туы», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жемісті қызмет атқара жүріп, қаламының қуатын ұлттық, проблемалық жайттарға арнады. Ең алдымен, қарапайым адамдардың мүддесін қорғай білді. Ондайда алдында тау тұрса да ықпайтын. Шенеуніктердің лауазымына қарамастан бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын.
Мәкең өзінің «шекпенінен шыққан» ізбасарлары мен шәкірттерін де әркез адалдыққа, шыншылдыққа, бірсөзділікке тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеп отырды. Өңірдегі алғашқы тәуелсіз басылым – «Қызылжар» газетінің орыс тілінде де шығуына ой тастап, Асхат Сағындықов, Зейнолла Әкімжанов, Құрман Рамазанов, Жақсыбай Самрат, тағы басқа жас журналистерді қатарына тарта білді. Бірде қатты сасып, тығырыққа тірелдік. «Қызылжар» газетінің редакторы едім. Алғашқы санынан-ақ шалғайымыздан жармасып, тырнақ астынан саяси ілік іздеушілер көбейіп кетті. Сөйтсе, «Два лика одного Любушина», «Иван кивает на Петра, Петр на Ивана» атты тіл, ел мұңын қозғайтын сын мақалалар облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысының шамына тисе керек, басылымды жабуға әрекет жасап бақты. Онысынан ешнәрсе өнбегесін Супрунюкті айдап салыпты. Ол болса, «жасыл түспен шығарылғаны – исламшылдықты аңсаушылық, көксеушілік» деп, жер-көкке жазып, жамандай жөнелді. Көп кешікпей газетіміздің бірінші бетінде Мәкеңнің «Из демократов – в сексоты» деген мақаласы жарқ ете түсіп, ауыздарына құм құйды. Мұны айтып отырғанымыз, өре түрегелушілерге қарсы тойтарыс беру мақсатымен беделді деген ағайындарымызға мақала жазуға қолқа салып, өтінішіміз аяқсыз қалған болатын. Ал Мәкең жасқанбады.
Иә, ақтық демі біткенше ұлт намысын қорғап өткен асыл ағамыз өз кезінің асып туған жампозындай, мінезі де, сөзі де кесек ерлердің соңғы тұяғындай көрінетіні бар. Алайда, осындай тау тұлғалы азаматтың қадір-қасиетін тиісінше бағалай алмай жүргеніміз өзекті өртейді.
Біздіңше, теріскей жақта ел тәуелсіздігінің орнығуына қаламымен де, күрескерлік ісімен де өлшеусіз үлес қосқан Мәкеңмен қалай мақтансақ та жарасады. Сол себепті көшеге, өзі оқыған мектепке есімін беру, жас журналистер үшін арнайы жүлде белгілеу, артында қалған мол мұрасын жинап, бастыру, журналистік шеберлігін зерделеу секілді мәселелер өз шешімін тапса, еш көптік етпейді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.