Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен қазақ тілді сайттардың ұлттық сыйлығы байқауы өткізілді. Бұл туралы Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Байқаудың басты мақсаты – тәуелсіздік жылдары қалыптасқан құндылықтарымызды дәріптеп жүрген сайттарды ынталандыру. Осы орайда, сайысқа қатысуға 12 өтініш келіп түскенін атап өткіміз келеді. Ал сайттардың үздігі 5 аталым негізінде анықталды. Мәселен, «Өткір тіл» аталымы бойынша мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды үздік насихаттаушы болып ult.kz ақпараттық порталы таңылды.Сонымен бірге, «Рухани азық» аталымы бойынша әдебиет пен мәдениетті тереңдетіп жазған massagan.kz сайты, «Терең ізденіс» аталымында (тарих жөнінде) abay.kz, ал «Шынайы өмір» аталымында (қоғамдағы өзекті мәселелер) minber.kz және «Спорт тынысы» аталымы бойынша (спорт және салауатты өмір салтын насихаттау) alasharena.kz сайты үздіктер қатарынан көрінді. Жалпы, сайыста жеңімпаз атанғандардың әрбіріне «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ- бөлген 150 мың теңге мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының арнайы дипломы берілді.
Осы байқаудың мейманы ретінде қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов пен «Еуразия» бірінші арнасы» бас директорының бірінші орынбасары Мұхтар Ерман үздік сайттар ұжымына шығармашылық табыс тіледі..
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: Мемлекеттік тілді дамыту қоры