• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Желтоқсан, 2013

Ауғанстан ахуалы

650 рет
көрсетілді

Коалиция күштері кеткен соң бұл елдің күні не болады?

2014 жыл жақындаған сайын Ауғанстанда астарлы ойындар орын алуда. Коалиция күштері ел аумағын келесі жылы тастап шығады. Алайда, президент Хамит Карзай сәуірде өтуі тиіс президенттік сайлауға дейін АҚШ-пен қауіпсіздік жөніндегі екіжақты келісімге қол қоймайтындығын мәлімдеді. Негізінен бұл құжат НАТО күштері 2014 жылы Ауғанстаннан әкетілгеннен кейінгі америкалық әскерилердің жайын реттеуді қарастыратын-ды. Коалиция күштерінің кетуінен кейінгі жағдайды арыдан ойластыратын америкалықтар қазірден ойластырып жатқанда, шынында да аймақта нендей ахуал қалыптасуы мүмкін, деген сұрақтың туындайтыны заңды.

Коалиция күштері кеткен соң бұл елдің күні не болады?

2014 жыл жақындаған сайын Ауғанстанда астарлы ойындар орын алуда. Коалиция күштері ел аумағын келесі жылы тастап шығады. Алайда, президент Хамит Карзай сәуірде өтуі тиіс президенттік сайлауға дейін АҚШ-пен қауіпсіздік жөніндегі екіжақты келісімге қол қоймайтындығын мәлімдеді. Негізінен бұл құжат НАТО күштері 2014 жылы Ауғанстаннан әкетілгеннен кейінгі америкалық әскерилердің жайын реттеуді қарастыратын-ды. Коалиция күштерінің кетуінен кейінгі жағдайды арыдан ойластыратын америкалықтар қазірден ойластырып жатқанда, шынында да аймақта нендей ахуал қалыптасуы мүмкін, деген сұрақтың туындайтыны заңды.

Ауғанстан өз әскері мен қауіп­­сіздік күштеріне қажетті құрал-жабдықтар мен отынды жеткізуді кешеуілдетуі АҚШ-тың қауіпсіздік жөніндегі келісімге қол қойдыруды жеделдету үшін қысым жасап жатқан әрекеті, деп айыптаған ақ­парат тарады. Мұндай кешіктіру осымен үшінші рет орын алып отырғанға ұқсайды. Бұл ретте АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри ауғандық ақсақалдар жиы­ны – Лойя Джирганың екіжақ­ты келі­сімді қолдау туралы ше­ші­міне риза­шылығын білдіріп те үл­гер­гендігін айта кеткен жөн. Жиын төрағасы Сибхатулла Моджадедди америкалық және нато-лық күштердің келесі жылдың соңына дейін елден кетуі тиістігін тілге тиек ете келіп, Карзайдың келісімге қол қоюды кейінге шегеруге құқы жоқ және де бұл Ауғанстанның мүддесіне қайшы екенін баса атап кеткен. Ал Ауғанстан пре­зи­ден­ті келісімге қол қою үшін бірнеше шарттарды көлденең тарт­са, соның бірі – Гуантанамо түр­месінде қамауда жатқан барлық ауғандықты босату. Осылайша, ел президенті отандастарының алдында ауғандықтардың тағдырына алаңдаулы екенін көрсеткісі келе­тін сыңайлы. Алайда, АҚШ оның мұн­дай ұстанымына көне қоюы неғай­был, деп санайды кейбір сарап­шылар. Өйткені, аймақтағы жағ­дайды өз қолдарында ұстап отыр­­ған Вашингтон үшін содыр­лар­­дың күшейіп кетуі қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

Хамид Карзайға жазған хатында АҚШ президенті Барак Обама Ау­ғанстанның салт-дәстүріне, аза­маттарының құқына және ел тәуел­сіздігіне сыйластықпен қарай­тын­дықтарына кепілдік беріле­тіндігін білдіріпті. Әсіресе, амери­калық әскерилердің тек төтенше жағдайларда болмаса, жайшылықта жеке үйлерге баса-көктеп кір­мей­тіндіктеріне де сендіріп бағыпты. Келісімдегі басты мәселе де осы жеке үйлерге баса-көктеп кірмеуге арналғаны мәлім. Ауғанстан пре­зи­дентінің сөзіне қарағанда, егер Лойя Джирга АҚШ-пен арадағы келісімді мақұлдаса, онда осы елде 15 мың шетелдік әскеридің қа­луына мүмкіндік туады. Оның үстіне Ауғанстанның қауіпсіздігіне кепілдік беретін 2024 жылдың аяғына дейінгі мерзімге жасалған келісім Ресей, Қытай және Үн­діс­тан тарапынан қолдауға ие. Егер Хамид Карзай келісімге қол қой­ма­ған жағдайда, АҚШ және НАТО күш­тері Ауғанстаннан толық әкетілуі тиіс болады.

Мұндай «нөлдік нұсқаны» К­а­булға жасаған сапарында Аме­ри­ка президентінің көмекшісі Сьюзан Райс та қуаттады. Келі­сім­ге қол қоюды кешеуілдету мәсе­­лесі Брюссельде НАТО-ға мү­ше елдер Сыртқы істер министрлері кеңе­сінде арнайы қаралады. «Тали­бан» қозғалысы да соңғы кезде белсенді әрекетке көшті. Жақында Ауғанстанның орталық аймағында орын алған жарылыстан төрт ауған­дық полиция қызметкері қаза тауып, 17-сі әр түрлі жарақаттар алған. Бұ­ған дейін Кабулда жасалған шабуыл­дан 10 адам өлім құшып, 20-сы жа­ра­ланған-ды. Кейбір дерек­терге қарағанда, Хамид Кар­­зайдың ұйғарымымен Жоғары бей­біт­шілік кеңесінің арнайы делега­циясы «Талибан» қозғалысы жетек­шілерімен келіссөздер жүр­гізу үшін Исламабадқа жол тартады. Осы­лайша, ауған басшылығы өздерінің және жақтастарының 2014 жылдан кейінгі тағдырын қазірден күйттеп жатыр деп сөз сап­тауға негіз бар.

АҚШ-тың соңғы жылдары назарын Орталық Азия елдеріне аудара бастауы оның бұл аймақтан бір­жолата кеткісі жоқтығын бай­қа­тып отыр. Мәселен, 2012 жылы АҚШ-тың осы аймақтағы қауіп­сіз­­дікті қамтамасыз етуге бағыт­та­­ған қаржысы 40 пайызға артқа­ны, сөйтіп, 215 млн. долларды құра­­ғаны белгілі. Мемхатшының Оңтүс­тік және Орталық Азия елде­рі жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк­тің пайымынша, ауған жері­нен халықаралық күштердің әке­тіле бастауымен экстремистік топтардың белсенділігі артады деген қауіп негізсіз. Өйткені, «Құрама Штаттар аймақтан кетпейді» және Ауғанстанның солтүстігінде әрекет етіп жатқан Өзбекстан Ислам қозғалысы тобында бар-жоғы ондаған немесе жүздеген адам бар. Олардың идеологиясы күштеу болғандықтан, Орталық Азия елдері тұрғындарының қолдауына ие емес. Ал белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев Пәкстан мен Ауғанстанда шоғырланған исламдық қозғалыстың өз эмиссарларын Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де аймақтағы елдерге жөнелтуі орын алып отырғандығын алға тартады. Оның пікірінше, Ауғанстандағы әскери контингенттің қысқаруымен,  «Та­либанды» орталықазиялық жақ­тау­шылар елдеріне қайтуы мүмкін. Олар – жағдайды қалай ушық­тыруды және билік өкіл­деріне қарсы қарулы күресті қалай жүргізуді білетін өз істерінің «ма­маны». Олай болса, бұл мәсе­леге бейжай қарауға болмайды. Әлеуметтік проблемаларды бетперде етіп тұтқан олар ел тұр­ғын­дарын өз жақтарына бұрып әкетуі де ғажап емес.

Ауғанстандағы жағдайды тұ­рақ­тандыруда белсенді әрекет етіп келе жатқан Қазақстан экстремис­тік әрекеттердің алдын алуға және терроризммен күресте заңнамалық тетіктерді жетілдіріп келеді. Жа­қында осы проблеманы шешуге арналған заңнамалық құжат Парламенттің қолдауына ие болды. Енді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәсе­лелері туралы толықтырулар мен өзге­рістер енгізу туралы» Заң терро­ризмнің әлеуметтік базасын қыс­қартуға және қоғамды осы ке­селмен күресу жолында жұмыл­дыруға ықпал етуі тиіс. Аймақтағы тұрақтылықты қам­та­масыз етуді халықтың әл-ауқатын арттырумен байланыстырып келе жатқан еліміз аймақтағы жағдайға бейжай қарай алмайтынын да ісі­мен дәлелдеуде.

Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев шетелдік елшілік миссия өкілдерімен болған кездесуде былай деген-ді: «Біз аймақтағы кез келген дау-жанжалға ықпал ететін негіздерді жоятын боламыз, интеграцияны дамытып, барлық әріптестерімізбен прагматикалық экономикалық ынтымақтастық орнатамыз. Мен сіздерден өз үкіметтеріңіз назарына біздің маңызды жолдауымызды жеткізуді сұраймын: Қазақстан барлық Ор­талық Еуразияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті, халықтар арасындағы ынтымақтастық пен бейбітшілікті нығайтуда сенімді, лайықты әріптес болуға тырысады». Сондықтан да еліміз аймақтағы Ауғанстан, Қыр­ғызстан және Тәжікстанға әске­ри техникаларды өтеусіз беру, әлеу­мет­тік нысандар салу, сту­дент­терін тегін оқыту сияқты қол­дау­лар көрсетуде. Мұның бар­лығы жоға­рыда айтылған Мем­лекет басшы­сының сөзімен үндесіп жатыр.

Аймақтағы жағдайға ықпал етуде Ресей мен Қытайдың, Үн­дістан мен Пәкстанның алар орны айтарлықтай. АҚШ Ұлттық  барлау ұйымының басшысы Джеймс Клэппер осы жылдың басында Конгрестің алдында жасаған баян­дамасында Мәскеудің Ке­ден одағы немесе Еуразиялық одақ арқылы бұрынғы КСРО ел­деріндегі интеграциялық баста­ма­ларға күш салатынын айтқан-ды. Шынында да, Ресей әзірге тек Қырғызстан, Тәжік­стан сияқты шағын елдердің инфра­құрылымдық жобаларына қаржы бөлуді көздеп отыр. Бұл жерде Ауғанстан туралы айтудың өзі артық, әрине, бұл уақытша болуы да мүмкін. Өйткені, экономикасын оңалта бастаған солтүстік көршіміз қазір ықпалын алдымен жақын көршілеріне жүргізуге ұмтылуда.

Қытай да аймақта өз ықпалын экономикалық жолмен жүргізуге мүдделі. «Дейли Мандегар» ба­­сы­­лы­мының бас редакторы Наза­­ри Па­риани Ауғанстанның Орта­лық Азия­да орналасқанын және де Қы­тайдың көршісі болып табылатынын, сондықтан ҚХР орталықазиялық саясатынан үлкен пайда табатынын айтыпты. Оның пікірінше, «Ұлы Жібек жолын» жаңғырту Ауғанстанға Орталық, Шығыс және Оңтүстік Азия арасын жалғауға мүмкіндік береді. Азия Даму банкінің президенті Харухико Курода жақын он­жылдықта Үндістан жаһандық эконо­микалық өсімде алдыңғы орындарға шығарын болжайды. Үнділік компаниялардың Орталық Азиядағы шикізат кен орындарына қызығушылығы басым екенін ескерсек, бұл ел де өз ықпалын барынша күшейтуге тырысатыны анық. Сөз орайында, америкалық геологтардың барлауына сүйеніп, Ауғанстанның қойнауындағы қазба байлықтардың көлемі триллион долларға бара-бар екендігін айта кеткен жөн.

Міне, осы орасан мол байлықты игеруге әркімнің-ақ бар таласы. Құ­ра­мында 10 азиялық мемле­кетті қамтитын Орталық Азия аймақ­тық экономикалық ынты­мақтас­тық (ЦАРЕС) ұйымына мүше елдер өздерінің жоспарларын Ауғанстанмен байланыс­ты­рып отырғаны да жасырын емес. Іс-қимыл жоспарына сәй­кес, энергетика мен сауда­ны қос­қан­да жаңа өңірлік көліктік инфра­құрылымдарға 23 миллиард доллар көзделіп отыр екен. Алты бағыт бойынша 68 жо­ба айқындалса, соның басым бөлі­гі Ауғанстанға қатысты. ҚХР шы­ғы­сындағы порттарды Пәкстанның Карачи және Гвадарымен жалғайтын көліктік желі тартады деп күтілуде. Яғни, Пәкстан да мұндай тиімді жобадан тыс қалмайды деген сөз. Ал Өзбекстан Ауғанстанның батысындағы Анд­хой және Мазари-Шариф арасында 230 шақырымдық жаңа теміржол желісін тартуға кіріспек ниетте. Жоспарға сәйкес бұл теміржол желісі Шерхан – Бандар – Құндыз – Хулым – Найбабад – Андхой – Герат бағытын қамтып, барланған кендерді тасымалдауға пайдаланылатын болады. Тәжікстан да 2015 жылы Колхозобод – Дусти – Төменгі Пяндж бағыты бойынша 50 шақырымдық теміржол салуды жоспарласа, Түркіменстан да Атамұрат – Ымамназар – Акина – Андхой бағытындағы 126 шақырымдық теміржол салуды қолға алмақ. Әрине, мұның барлығы да әзірге жоспар күйінде.

Аймақтағы Ресейдің ықпалын барынша болдырмауға тырысып жатқан АҚШ-тың өзі қазір екіұшты жағдайда қалып отырғаны мәлім. Олай болса, бұл жобалар қан­шалықты өміршең деген сұрақтың туындауы да заңды. Бір телеарнаға берген сұхбатында Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавров АҚШ-тың жалғыз өзі Ауғанстанда туындаған проблемаларды шешуге қауқарсыз дегенді айтыпты. Орталық Азия жөніндегі сарапшылардың бірі Джеффри Манкофф та өз ойын осылайша өрбітеді. Оның пайымынша, Ресей қазіргі таңда күшейген, сондықтан да онымен ынтымақтаспаса, АҚШ аймақта ештеңені жүзеге асыра алмайды. Ауған жерінде жиі болып тұратын француз саясаттанушысы әрі жазушы Анна Нива осыдан біраз бұрын берген сұхбатында ресейлік бизнестің Ауғанстанға белсене кірігіп жатқандығын тілге тиек ете келіп, оның себебін Мәс­кеудің НАТО операцияларына қатыс­пайтындығымен түсіндіруге тырысқан-ды.

Бұл ретте аймақта өзіндік рөл атқаратын Пәкстан соңғы жылдары түрмеде отырған «Талибан» қозғалысының серкелерін бостан­дық­қа шығара бастады. Осы елдің премьер-министрі Наваз Ша­риф жақында Кабулға келіссөз жүргізуге баратыны да белгілі болды. Осы жерде айта кететін бір жайт, Пәкстан мен АҚШ арасында қарым-қатынастардың соңғы кездері суи бастағаны. Оған осы елдің аумағында бірнеше рет тер­рор­шылардың көзін жоюға қатыс­ты операциялардың өткізілуі себеп болған сыңайлы. АҚШ та өз кезегінде Катарда «Талибан» қоз­ға­лысының офисін ашуға ұмтылып, 2011-2013 жылдары талибтермен келіссөздер жүргізгені мәлім. Ау­ғанстан мен АҚШ арасындағы кикіл­жіңнің астары да осында жат­қаны белгілі.

Қорыта айтқанда, аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауы қызығушылық танытушы елдердің, әсіресе, ірі державалардың өзара келісіміне байланысты екендігі қазірдің өзінде белгілі болып қалды. Бұл жерде «Вашингтонның қуыршағы» атанып кеткен Хамид Карзайдың да, одан кейінгі билікке келетін басқаның да өз еркі өзінде болады дегенге сену қиын. 2014 жылы НАТО күштері Ауғанстаннан әкетілгеннен кейін ауған халқына еркіндік берілгенімен, ерік берілмейтіні және анық.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар